Шибөрілер қаптап кетті айналам,
Шырылдаған бозторғайға айналман.
Жұмсақтықты осалдыққа балаған,
Қиын екен адамдыққа бұл заман.
Сырттан бөрі,
Асылдардың тұяғы,
Ұсақталған пенде жанға көнеді.
Сырты бүтін, іші түтін асылды
Шибөрілер таптап-жаншып көмеді.
Түлкі-заман, өзгергенін осы ма?
Адам кейпі, бетперделер жамылған.
Бізге берген жалғыз мына ғаламда
Лайықты өмір кешу - бір арман.
Теңемегім шалалықты асылға,
Теңестірем даралықты алыпқа,
Жаратқанның жан бұйыртқан пендесін
Іштен шыққан бауырыма теңер ем.
Әттең, шалар аяғымнан біреу бар,
Ал, өзгесі сырттан білмей табалар,
Шибөрілер топсыз, жеке жүрмейді.
Сырттан төбет шибөріге үрмейді.
Табалама,
Іштен шыққан шұбарға
Амал бар ма?
Қарау керек алдыға,
Шибөрілер ырылдауын қоймайды,
Ал, өзінде өзге өмір болмайды.