Жүрегінің түгі, білегінің күші бар, ел сенімін арқалаған боксшыларымыз олимпиадаға сақадай сай. Өткен постымда сіздер 49 келі салмақ дәрежінде ойын көрсететін Оңтүстіктік Біржан Жақыповпен, 52 келі салмақтағы Ілияс Сүлейменовпен, 56 келі салмақта шаршы алаңға шығатын Қанат Әбутәліповпен, және 60 келіде ел намысын қорғайтын жамбылдық Ғани Жайлоуовпен таныс болған едіңіздер. Ақбұлақта оқу жаттығу жиынын өткізіп жүрген жігіттер төгілген терлерінің жемісі олимпиада алтыны болатынына сенімді. Сонымен кеттік ары қарай..
Данияр Елеусінов - Лондон олимпиадасында 64 келі салмақта шаршы алаңда жұдырықтасатын боксшы. Данияр - 1991 жылы дүниеге келген, ол - халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жасөспірімдер арасында Азия, әлем чемпионы. Жолдамаға Астанадағы Азия аймағы бойынша Олимпиадаға жолдама беретін халықаралық турнирде қол жеткізген болатын. Даниярдың жеңіске деген құштарлығы мол.
Еліміз 69 келі салмақ дәрежесіндегі Серік Сәпиевтен тек алтын күтеді. Бейжің олимпиадасында жолы болмаған Серік енді үмітті ақтап, Лондонда топ жаруы тиіс. Екі дүркін әлем чемпионы, бірнеше халықаралық турнирлер жеңімпазы атанған қарағандылық жігіт алтыннан алқа тағып, көк туды желбіретуге бар күшін салуда.
Баку қаласындағы әлем чемпионатында олимпиада жолдамасын қанжығасына байлаған Данабек Сужанов Лондонда 75 келі салмақ дәрежесі бойынша ойын көрсетпек. Бақтияр Артаевтан кейін бұл салмақта көш бастаған 27 жасар Данабек- Азия ойындарының қола жүлдегері. Басты мақсаты -Артаевтың жеңісін қайталау.
Әділбек Ниязымбетов - 81 келі салмақта Бакудегі Әлем чемпионатында олимпиадалық жолдаманы таза нокаут арқылы ұтып алған ақтаулық боксшы. Әр қадамын есептей алатын, шаршы алаңда ширек қимылдау тәсілін жіті меңгерген 21 жасар Әділбек бірнеше халықаралық жарыстың алтынына қол жеткізген. Енді Лондонда жақсы нәтиже көрсетуі тиіс.
Иван Дычко 91 келі салмақтан жоғары дәрежеде шаршы алаңға шықпақ. Иванның жасы 21 де. Халықарылық дәрежедегі спорт шебері. Азия ойындарының күміс жүлдегері, 2011 жылы Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Мұхтархан Ділдәбековтың ізбасары енді олимпиада алтынын алып қайтуды көздеп отыр.
Әр боксшы елге жеңіспен оралуы үшін барын салып жаттықтырып жүрген Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов: негізгі жоспарлары кемінде 3 медаль алу. 1 Алтын,1 күміс, 1 қола. Ал, жігіттердің барлығы да сол алтын медалға лайықты, егер жеребе жағы дұрыс болса онда одан да көп медальмен ораламыз дейді. Қазақ елінің былғары қолғап шеберлері әр олимпиада жеңіспен оралған. Лондон олимпиадасы қарсаңында жігіттердің жаттығуы үмітімізге сенім қосты. Енді осы Ұлттық құрама шілденің 22-і күні Лондонға аттанбақ. Айымыз оңынан туып, Лондон олимпиадасында да алтынсыз қалмаймыз деген ойдамыз.