Білсем де, білмеген едім

Білсем де, білмеген едім
жеке
блог

 

       Мәуліт кезінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) туралы бір кітап оқимын деп қойып едім. Қу тіршіліктің қамымен жүріп, ол уақытта ойдағы кітабымды оқып бастамадым. Жақында әлеуметтік желінің бірінен «Адамзаттың асыл тәжі» атты кітапты көріп жүктеп алдым. 2003 жылы шыққан кітаптың авторы Дамира Өмірзаққызы Ибрагим екен. Пайғамбарымыздың өмірін сипаттайтын кітап тек Мекке кезеңін қамтиды. Кітап келесідей тараулардан тұрады:

I  ТАРАУ – ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ  ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНГЕ ДЕЙІНГІ ТАУАРИХ

II  ТАРАУ – МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАРДЫҢ  БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ

III  ТАРАУ – ПайҒамбарымыздыҢ жастыҚ  шаҒы

IV  ТАРАУ- ХAЗІPETІ МҰХАММЕдКЕ ПАЙҒАМБАРЛЫҚ   МІНДЕТІНІҢ ЖҮКТЕЛУІ

V  ТАРАУ – АЛҒАШҚЫ МҰСЫЛМАНДАР ЖӘНЕ  ОЛАРДЫҢ БАСЫНАН КЕШКЕНДЕРІ

VI  ТАРАУ – ХaЗІpetІ  МҰХАММЕДТІҢ   ПАЙҒАМБАРЛЫҒЫН ПАШ ЕТУІ

VII  ТАРАУ – ИСЛАМ ШЕҢБЕРІНІҢ КЕҢЕЮІ

       Кітап ішінде  бұрын естіп-білмеген мәліметтер болды. Әр тараудан ең негізгілерін айтар болсақ:

І тарау. Ғаламның нұры болған Пайғамбарымыздың аталарының текті, қараңғылықтан алшақ, көңілдері кең адамдар болғанын білсем де, атасы Әбдімүтәліптің Зәмзәмнің көзін ашқанын білмеген едім. Әкесі Абдуллаһтан ерте айырылғанын білсем де, оның үйленнен 1 айдан кейін Сирияға сауда керуенімен кетіп, содан оралмағанын білмеген едім.

ІІ тарау. Пайғамбарымыздың Халима атты сүтанасының болғанын білсем де, оның Пайғамбарымызды Меккеден алшақ елді мекенде баққаны, ол жақта 4 жасына дейін болғаны және де Пайғамбарымыздың құрметіне қуаңшылықта қалған тайпаның жаңбыр дұғасы қабыл болғанын білмеген едім.

ІІІ тарау. Екі дүниенің сұлтаны жас кезінде әр түрлі жастардың ойын-сауықтарынан аулақ болғакнын білсем де, жас болса да қоғамдық істерге атсалысқаны туралы, яғни әділеттілікті орнатуға атсалысқан ”Хылфул фудул” қоғамының мәжілістеріне қатысқаны туралы білмеген едім. Хазіреті Әлидің екі дүние сұлтанының туысы екенін білсем де, көкесі (әкесінің ағасы) Әбу Тәліптің ұлы екенін білмеген едім.

ІV тарау. Адамзаттың асыл тәжіне пайғамбарлық 40 жасында келгенін білсем де, ғайыптық оқыс оқиғаларға 38 жасынан кезіге бастағанын білмеген едім.

V тарау. Ең алғашқы мұсылмандықты қабылдаған адам Пайғамбарымыздың аяулы жары Хадиша анамыз екенін білсем де, одан кейін Хaзіpeті Әлидің, Хaзіpeті Әбу Бәкірдің, Хaзіpeті Біләл Хабашидың, Хaзіpeті Османның, Талха ибн Убайдуллаhтың, Халид ибн Саидтың, Саад ибн Әби Уаққастың, Әбу Зәрр Ғифаридің исламға қалай келгенін, ең алғашқы мұсылмандар қатарында болғандарын білмеген едім.

VІ тарау. Екі дүниенің шамшырағына пайғамбарлық жүктелген кезде Ол бірден ашықтан-ашық жарияламағанын білсем де, ұлы істің кіріспесі 3 жылдан кейін басталғанын білмеген едім. Алғашқы жылдары мұсылмандар көп азапталғанын білсем де, алғашқы ерлер арасындағы шейіт хазірет Ясир болғаны, ал әйелдер арасындағы алғашқы шейіт Ясирдің әйелі Сүмаййа болғанын білмеген едім. Екі дүниенің шамшырағы Пайғамбарымыздың 2 баласы мен жан жары Хадишаның, көкесі Әбу Тәліптен айырылып қайғы жамылғанын білсем де, олардың бір жыл ішінде (пайғамбарлықтың оныншы жылы) қайтқанын және сол жылды Мұхаммед (с.ғ.с.) «қайғыға толы жыл» деп атағанын білмеген едім.

VІІ тарау. Пайғамбарлар сардарының Мәдинаға көшкенін білсем де, көшер алдында 2 рет мәдиналықтармен Ақаба келісімі болғанын білмеген едім. Алла Расулы мен хазіреті Әбу Бәкір Меккеден Мәдинаға аттанарда 3 күн Сәуір үңгірінде тығылғанын білсем де, онда жатқанда Әбу Бәкір Сыддықтың ұлы Абдулла мен құлы Әмир ибн Фухайрадан қаладағы оқиғалардан мәлімет пен талғажау етер тағам алып тұрғанын білмеген едім.

            Кітапты оқып отырғаныңда Пайғамбарға деген махаббатың жанданып, сағынышың толастай түседі. Оның мүбәрәк жүзін бір көрсем ғой деген арман жетегінде кетесің. Осы тұста автордың кітапты қарапайым, түсінікті әрі шұрайлы тілмен жазғандығын айта кету керек.