Біліп сөйлеу мен сезіп сөйлеу

22-сі балетке бардым. 

Мына афишаны көріп алып, сонда барсам ғой деп ойға шомғаным сол еді, Әлия звандап, жұмыста екі билет бар, барып келейік деген болатын. Қуана-қуана киініп алып, Республика сарайына жеттім. 

Қараңғы зал. Костюмде билеп жүрген балерондар. Жаныңды жетектеп әкететін музыка. Және де айтпаса да, қимылдан танып қоятын махаббат желісі... Олардың беріліп билегендері соншалықты, қарап отырып, мен балет жайлы емес, өмірде әр адамның сүйікті ісін тауып, сонымен айналысуы нағыз бақыт қой деп ойладым. Иә, күнде естіп-біліп жүрген нәрселер. Бірақ қарапайым даналықтың дұрыстығын кейде сезіне түсінесің. Сонда оның ақиқаттығы күшейе түседі. 

Расында бұл бишілер үшін не керек? Сахнаға шығып, айызын қадыра билесе болғаны. Одан басқа ештеңе де керек емес. 


Немесе әншілер...Іштен төгіліп жатқан тәтті әуенді шығарып тастаса, жеңілдейді. Ләззат табады. Ақын-жазушылар қағазды қинай жанын сақтайды. 

Өнерсіз өмір қызықсыз болар еді. Маған кейде өмір түрлі тағдырларын мойындарына артып жіберіп, хрусталь шардың ішіне лақтыра салған адамдар шоғыры сияқты көрінеді. Қалай сүрсең де өзің біл, өзің шеш. Қуыс кеудеңде дамыл таппай, тыпыршып жатқан жаныңды қалай сақтасаң да өзің біл. Содан болар адамзат өнермен қорғанады. Алданады. Өміріңнің қысқа мезетіне болса да, сен оны бағындырғанға ұқсайсың. 

Содан болар біз кино, музыка, жақсы кітап оқуға құмармыз. Өйткені бәрі де "біздің қолымызда" деген тәтті иллюзия береді бұл өмірдің "эрзацы". Бір сәтке болса да, біз тәтті қиялға беріле аламыз. 

Иә, өмір жақсы, өнер одан да керемет. Бұл балетті көріп отырып, мен бір сәтке болса да мен сияқты тынып отырған залдан, сарайдан, әлемнен ұзап кеттім:)

P.S. Балеттен видео мен көрермендер пікірі https://yvision.kz/post/265036



Бөлісу: