Блогқұрылтайдың буы басылмай тұр

Блогқұрылтайдың буы басылмай тұр
жеке
блог

Ақ парақ ашылып тұр... Бұрын ақ қағаздың бетіне қалам алып шұқшиятынсың. Қазір пернетақта. Бірақ, баяғы сол бір ақ парақ... Ойлар... Не жазсам екен? Не жазсам?!. Таптым! Блогқұрылтай!..

Блогқұрылтай деген сол сіз бен біз бияқты блог жазатындардың жиыны. Оған кез келген блогшы қатыса алады. Сол блогқұрылтайға осымен үшінші жыл қатысып отырған жайымыз бар... 

Шымкентте өтті. Шымкент демекші, сол жаққа кетерде, біраз адам Шымкентте қалып қойма деп күдіктене қарап, Ақеркеге аманаттап тапсырғандай болған... Кейін Шымкенттің бір таксиінде отырып, қолымдағы жүзікті такси жүргізушісіне байқатпай неке жүзігіне ұқсатып тағып алсам да, Шымкентті ондайға қимадым. Шыным! Шымкент шырайлы екен... Қазақи. 

Блогқұрылтайға келсек, бұл блогқұрылтай бұрынғыдан өзгеше болды десем болатын шығар. Ең алғашқы блогқұрылтайда Асхат ағай (Еркімбай) басы-қасында жүрсе, екінші блогқұрылтайдың негізгі үйлестірушісі Талғат Байназаров болды. Ал бұл жолғы үйлестіруші Данияр Аланға рақметтен басқа айтарымыз жоқ. 

Көзтаныс блогшылардан басқа, біраз танымайтын адамдар жүр екен блогқұрылтайда. Біразымен таныстық. Тілдестік.

Сөйтіп, бірінші күні презентациялар мен стартаптарды тыңдап, келесі күні блогшылар болып тауға өрмеледік. ) 

Тауда болды бар қызық. Батырлар таудың шыңын бағындырып, біз сияқты еріншектер етегінде қалып, шырт-шырт суретке түстік. ) Айтпақшы, өздеріңіз жақсы білетін Ақерке блогшы қыздардан бірінші болып таудың шыңына шықты. Ол туралы мына жақта кеңінен көсіліп өзі де айтып өткен болатын. 

Содан қызық, кешкісін алаудың жанына отырып алып, блогшы қауым ән шырқадық. Сөйтсек, ол жақта Лондон Олимпиадасының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров жүр екен. "Блогшы деген агентте блог жазатындар ма?" деп қатырған батыр ғой. Аузын ашса, жүрегі көрінеді екен. Ақжүрек десе, дегендей. Ақжүрек Таңатаров өмірде қандай екен дейтін жандар маған хабарласса болады, жақсылап майын тамызып тұрып айтып беремін :) 

Ал мынау - Абзал. Иә, кәдімгі өзіміздің Абзал Сариев. Мәрт жігіт екен. Ақерке екеумізді массагеттік болғанымыз үшін ғана, сыйлап, күтіп, Шымкентке келгеннен кеткенше аяғымызды жерге тигізбей қонақ қылды. Блогқұрылтайда да, жанымызда жүріп бас-көз болды. Өте-мөте сенімді адамға ұқсады. Айналдырған екі-үш күнде бауыр басып, көзден сәл таса болса, Абзалды іздейтін болдық. 

Әлгінде ғана ағынан жарылған Амангелді Сейітхан блогқұрылтайдың стартаптар байқауында жеңімпаз атанып, жүз мыңды қанжығасына байлап әкетті. Ең алғашқы әсерін сұрағанымызда: "Көзімізді ашқан - Массагет" деп қайталап айтумен болды :) Ақын екен өзі. Әй, айналып кетейін. 

Айтпақшы, блогқұрылтайда Абзал екеуміздің (Ақерке шаруаларымен басқа жаққа шығып кеткен) жанымызға бейтаныс бір қыз келіп, былай деді: "Сіздер массагеттенсіздер ме? Сіздермен суретке түссем, бола ма?" Мен Абзалға қарадым, Абзал маған қарады. Сөйттік те, бас шұлғыдық. Біртүрлі қызық екен. Өзімізше мәртебеміз өсіп қалды. (Жұлдыздар қайтып жүр екен? :)) 

Осы жерде Сания Қуанқызының  мына еңбегі үшін жеңімпаз атанып, планшет ұтып алғанын тағы да қуана айтып өткім келеді. Сондай-ақ Нұрзияш та ұйқыашарда үздік деп танылып, жаңа ұялы телефонның жаңа иесі атанды. Амангелді Сейітханнан орағытып, бұның бәрін неге айтып отыр десеңіздер, түпкі мақсатым - массагеттіктердің жарап тұрғанын айтқым келіп отыр. ) Иә, солай. Жақсыны жақсы деп айту керек қой негізі. Аузын буған өгіздей іштен тынбай. :) 

Жалпы осы. Біраз күн өтсе де, блогқұрылтайдың буы басылмай тұр...

Маған осы блогқұрылтайда ең ұнағаны - Гаста мен әйелінің бір-біріне деген махаббаты болды. Қатты сүйсіндім. Өмірде махаббат деген дүние бар екен ғой дедім. Көз өтпесін! (Блогқұрылтайға мхт-тың қандай қатысы бар дейтіндер табылар. Дей берсін :) )

Сөз соңында, елдің бәрі өздерін айтып жатыр екен, мен де қалыспайын. Осы блогқұрылтайда алғыс хат пен Отырар телеарнасы тағайындаған арнайы сыйлық иегері болдым.

Алда блогқұрылтай таныстырған блогшылардан жақсы-жақсы блогтар оқып тұрғым келеді... 

Сурет: Азамат Битан, Айнұр Рақышева