Қалай десек те, интернет журналистика мен басылымдар өзара бәсекелес болғанымен, бір-бірінің орнын алмастыра алмайды. Егер салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, баспасөзде тек тексерілген, көз жеткізілген ақпарат қана жарияланады және үлкен жауапкершілікпен дайындалғандықтан оған сенім бар. Ал интернеттегі ақпараттың растығына кепілдік жоқ. Сондықтан баспасөздің орны айрықша дер едім.
Онымен қоса, блогер журналистің міндетін еш уақытта атқара алмайды. Ал кез келген адам блогер бола алады. Сондықтан блогерді қандайда бір маман иесі деп қарастыру қате. Блогерлер әлеуметтік желіде мәселе көтеріп, соңын үлкен дауға ұластырып, жұртшылықтың назарын өзіне аударуды жақсы меңгеріп алғанын мойындаймын. Бұл журналистердің атқаратын көп жұмыстарының бірі ғана.
Жалпы блогердің бұлайша қоғам назарына түсуіне түрлі деңгейдегі басшылардың ықпал етуінен орын алып отырғанын түсінген жөн. Айталық, ірі компаниялар мен түрлі ведомстволардың басшылары блогерлер тарапынан қандайда бір сынға ұшырамау үшін «ебін тауып» олардың аузына қақпақ қоюға тырысады. Ал ауызға қақпақ қоюдың мың сан жолы бар екенін бәріміз жақсы білеміз. Бұдан қандай байлам жасауға болады? Менімше, блогерлердің басты мақсаты басшыларды сынға алып, олармен байланысқа түсу ғана.
Әлеуметтік желіге жазба қалдырып, көпшіліктің назарын аударған блогер қоғам алдындағы жауапкершілікті журналистей сезінбесі анық. Алайда қандай да бір басылым, телеарнаның саясатын басшылыққа алып әрекет ететін журналисті блогерлер «құрылтайшыларының айтқанынан шыға алмайтын әлжуаздар» деп сынайды. Редакциялық саясат белгілі мақсаттарды көздейді.
Сондықтан журналистер соның шеңберінде әрекет ететіні белгілі. Бұл үшін журналистерді сөге жамандаудың жөні жоқ. Саяси журналистикада қаламгерлер қауымы саяси ұйымдар мен өзге құрылымдардың мүддесін көздеп мақала жазады. Ал ел бірлігі, тіл мәселесі, руханият пен мәдениетті насихаттауда журналистер қашанда бір қазанда қайнайтынын жұрттың бәрі біледі.