Блог жазып көрейінші...

Блог жазып көрейінші...
жеке
блог

Ал, мен де блог жазуды бастадым! Шынымды айтсам бұрын блог жазып көрмеппін. Бұл алғашқысы. Ертеректе жазсам деп ойлап жүруші ем. Сол бір ойым енжарлығымның етегінде, жалқаулығымның жетегінде жүрген. Жарықтықтың көрер жарығы бар екен. Сәті бүгін түсіп отыр.

Ауылда агентпен ауызданған біздер үшін "блог" деген "всем привет", "бәріңе споки ноки" деп келіп жататын хаттар еді. Оның микроблог деп аталатынын, яғни аясының тарлау екенін білгенімізге де көп болмады. Көзіміздің ашылып келе жатқаны осы. Алматыға келіп, айналамызға қарап, жұртпен жағаласып өмір сүруді үйрене бастадық. Азын-аулақ ақылымызбен оңашада ойланатынды шығардық. Бәрі де көштен қалмаудың қамы. Айтайын дегенім, интернет дегенді "агент" деп ойлайтын түсінігім бер жаққа келгенді 180 градусқа бір-ақ бұрылды.

"Агенттің де" сыртында өмір бар екенін, fecebook, vkontake, twitter секілді әлеуметтік желілердің жұмыс жасап жатқанын білдім. Қатардан қалмай оларға да қосылып алдым. Сөйтіп түрлі сайттарды ақтарауға сауатым жете бастады. Қызықтың көкесі сол жақта екен. Ауылдағы көрші әжей құсап: "өкіметтің шығармайтыны жоқ, текниканың дамуын-ай" деп күбірлеп қоям. Блог дегенді сонда көрдім. Блогерлердің батылдығы, әсіресе өз ойларына өздері қожа екендіктері ұнап қалды. Ой еркіндігі дегенің осы жақта екен. Небір қызыл газеттердегі қыртымбайларды қалпақпен ұрып алар жазбалар тұр жарқырап. Бойыңды шым еткізер есті дүниелерді оқып бір масайып алам. Шетінен шіреніп жазады өздері. Әрине жүйкеңді жүндей түтіп, жынды ғып жіберер жазбалар да бар. Ауызының дуасы жоқ небір ақылмандар да жетіп артылады. Ол да бір өмір заңдылығы шығар. Аққу қонар айдынды сауысқандардың да жағалайтынындай. Әңгіменің бәрі менің блогпен таныстығымнан шығып жатыр ғой. Сонымен алғашқы блогымды неден бастам екен?  

Әлгі бір білгіштердей жоқ-барды тізбелеп ақылгөйсу арымызға таңба болар. Әлгі бір патриотсымақтардай мәселе көтеріп шыға келсем ұятымыздан ұят сияқты. Әлгі бір танысымдай жатқан-тұрғанымды, ішкен-жегенімді, кірген-шыққанымды жазсам жұртқа күлкі болармын. Сонда не істемекпін?  Күні кеше осы сайтта жарияланған Анар Мұстафинаның "Блог деген не? Блогқа не жазамын?" деген жазбасында «блог дегеніміз – электронды күнделік» демеп пе еді.  «Электронды күнделіктердің» қойын дәптердей құпия болмасы анық. «Блог шіркін, өсекші жұртқа жаяр». Бір артықшылығы һәм кемшілігі жариялы түрде болуы. Ендеше «күнделігім» көңілімнің айнасы болсын. Жүрек мұңымен бөлісер, шаттық-қуанышыммен ортақтасар, сезім сырларын ақтарар, ой-пікірімді талқыға салар «дәптерім» болсын... Іске сәт, ағайын!