...білмеппін...

Арман қуып кеткен едім ауылымнан. Міне, бүгін қайта оралдым. Ерекше күймен, үмітпен келген едім, тек үмітім ақталмады. Әттең... Өзімде осындай боларын болжағанмын, тек үкілеген үміт қояр ма? Жақсылыққа сендірумен алдады, сол күйі алдап кетті. Қайтейін?.. Бауырың бөтенге, туысың түлкіге айналатын заман екен ғой?! Білмеппін... Әкемнің жүз үмітінің әйтеуір біреуін болса да ақтадым ғой деп қуанып оралған кейіпім-ай! Жә, қойшы кім бітірмей жатыр бұл заманда. Соншалықты ауыз толтырып айтарлықтай шет елде оқып келген жоқпын ғой! Алыстағы аяулымдарым құттықтап, мәре-сәре болып жатса да, жақындарыңның жылы сөзін іздейді екенсің. Бұйырмады, қайтейін?.. Келген күнімде-ақ, көзіме жас ұялап қоя бергені. Көзден кеткесін, көңілден де кеткені ме? Әкесінің ерке қызы еді ғой деп ешкім ескермеді. Мүмкін, өзім жақсы көрмейтін жалғандықтың болмағаны дұрыс шығар. Өтірік күлген, өтірік сөздерді қайтемін? Әкем кеткесін, бәрі де кеткен екен, тек соны мойындауға батылым бармай жүр еді. Қайран әке, өзің болғаныңда қуанып, ұлан-асыр той жасап берер ме едің? Болмашы сайыстардан да жүлде алғанымда, арқа-жарқа болып, достарыңның басын қосып, шаттанушы едің ғой. Ай, менде қызықпын. Қайдағыны еске алып... Оты өшкен ошағыма оралғаным бар болсын! Далаға келгендей болғасын ба, жүрегіме батып кетті. Мен мықты едім, болмашы нәрсеге сонша бұлқынғаныма таң қалып отырмын. Өмірдің талай өзегімнен тепкенін көргенімде, мұнша мұң кешпеп едім. Мұным жарамас. Есейген сайын ес кіреді ме десем, жылауық боп барам. Осының әсерінен де болар. Қой доғарайын, жылауықтың жыры бітпейді!!!



Бөлісу: