«Білімді интернационалдандыру: Шетел тілдерін арнайы мақсатта оқытудың өзекті әдістері» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-әдістемелік онлайн-семинар
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Халықаралық қатынастар факультетінің дипломатиялық аударма кафедрасы ұжымының ұйымдастыруымен 2021 жылдың 22-қаңтарында «Білімді интернационалдандыру: Шетел тілдерін арнайы мақсатта оқытудың өзекті әдістері» тақырыбында халықаралық ғылыми-әдістемелік онлайн-семинар өткізілді. Бұл вебинарға тіркелу электронды түрде жүзеге асырылған. Электронды тіркелу нәтижесіне сүйенсек, Қазақстаннан басқа, өзге сегіз шет елдерден ғалымдар мен зерттеушілер қатысуға тіркелген. Аталмыш вебинарға жалпы саны 157 адам тіркелген.
Сонымен қатар, аталмыш халықаралық вебинарға еліміздің әр түрлі жоғары оқу орындарынан, атап айтқанда, Абай атындағы ҚазҰПУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ, «Қайнар» академиясы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Сорбонна-Қазақстан Институты, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Шет тілдері мен іскерлік карьера университеті, Азаматтық авиация академиясы, Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Астана медицина университеті және тағы да басқа көптеген жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғалымдары қатысқан.
Халықаралық ғылыми-әдістемелік вебинар барысында екі секция жұмыс істеді, біріншісі – француз тілінде, екінші секция – ағылшын тілінде. Семинар барысында алыс және жақын шетелдің, сонымен қатар отандық ғалымдары мен зерттеушілері 8 баяндама француз тілінде, 12 баяндама ағылшын тілінде жасады. Атап айтқанда, Англияның Бирмингем Университетінің профессоры Берни Сэб, Швейцарияның Женева Университетінің профессоры Абделжалил Аккари жоғары білім беруді интернационаландыру бойынша өз зерттеу нәтижелерін баяндап, Еуропа елдеріндегі осы бағытта атқарылып жатқан шаралармен бөліссе, ДААД лекторат (Германия) лекторы Торстен Кеслер, Араб ашық университетінің профессоры Наима Ахмад Хусбан (Иордания), М.В.Ломоносов атындағы ММУ-нің Ташкент қаласындағы филиалының мамандары Зульфизар Каримов мен Андронова Елена, Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық Университетінің доценті Рахимова Гулсанам, Француз республикасының Hachette баспасының педагогика бойынша жауапты маманы Жюли Дюперуар, Экс-Марсель Университетінің докторанты Араван Иаиа, Жереми Лонжон (Франция) секілді шетелдік мамандар баяндама жасап, шетел тілін арнайы мақсатта оқытру бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Отандық ғалымдарда, атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Халықаралық қатынастар факультетінің дипломатиялық аударма кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к Сейдикенова Алмаш, ф.ғ.к, Бақытов Айтқали, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің докторанттары әрі факультетінің дипломатиялық аударма кафедрасының оқытушылары Жумалиева Жансая мен Алипбаева Анара, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің доценті, п.ғ.к Головчун А.А., І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы Орынбаева Ұлсерік секілді зерттеуші мамандар семинар тақырыбына қатысты баяндама жасап, пікірлерін ортаға салды.
Бұл семинар барысында онлайн-семинарға қатысқан, қазақстандық, алыс және жақын шетелдік ғалымдар қазіргі заманда көкейкесті мәселенің бірі - білім беру жүйесін интернационалдандыру, халықаралық талаптарға сай, білікті де білімді, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау туралы, шетел тілдерін арнайы мақсатта оқытудың заманауи әдістері жөнінде зерттеу нәтижелері мен өз ой-пікірлерін ортаға салды, сонымен қатар қашықтан білім беру барысында қолданылып жүрген ақпараттық технологиялар, оқу материалдарын онлайн сабақтарға бейімдеу үшін қолданылатын цифрлы құралдар да әңгіме арқауы болды.