«Білім берудегі біліксіздік»
блог
Құлтас Досанның «Білім берудегі біліксіздік» атты мақаласымен таныстым. Мақала
жанры талдамалы, толық қанды және өте көлемді. Көтерілген мәселелер өте орынды, дәйекті. Бірнеше- «Білім берудегі білместік», «Қымбатшылық қамыты», «Сапасыздық сергелдеңі», «Ұстаздық еткен жалықты», «Жұмысы жоқтық», «Қирату құралы» атты күрделі бөлімдерге жіктелген. Автордың сөз саптауына қанағаттануға әбден болады.
« Бүгіннің өткір алдаспаны – терең ілім мен сапалы білім. Есігімізден кіріп, төрімізге таласқан батыс мәдениетінің басымдық «өркөкіректігін» тежеудің жалғыз жолы – ұлттық тәрбиені күшейту. Кітапхананың орнын – интернеттер, кітаптың орнын – планшеттер басты. Рухани жалаңаштық – ұлтымыздың келешегіне төнген қауіп. Жемқорлық – елімізді әлемдік өркениеттен қалыс қалдыратын қасіретті тұсау.
…Кеудесі бос, жігері жасық, рухы уланған, болмысы жұлмаланған, ата-анасын тыңдамайтын, ұстазы мен үлкенді сыйламайтын, ана тілін қадірлемейтін, ұлтының тарихын елемейтін ұрпақ – білімі аз, білігі кем, кісілігі кедей, сауаты төмен, ұстаздық етуден жалыққан мұғалімнің жұмысының нәтижесі » , мынадай керемет сауатты тіркестер мақаланы тіптен көркейтіп жіберген.
Өз сөзіне дәлел ретінде парламенттік отырыстардағы айтылған сөздерді қыстыра кеткен.
«Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның: «Суицидтің себебі – ҰБТ» деп батыл мәлімдеуі елді ерекше елең еткізді… Дариға Нұрсұлтанқызы таяуда тағы да бір халықтың сөзін сөйлеп, ҰБТ-ға қатыса ма, әлде емтихан тапсыра ма, талапкердің таңдауына қалдыру керек деп мәлімдеді.
Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева мектептерде бірнеше пәндердің бірін-бірі қайталауы балалардың еркін білім алуына айрықша ауырлық ететіндігін сынға ала келіп: «Жекеменшік баспалар оқулықтар әзірлеумен айналысып, оларды өздері басып шығаратын үрдісті тоқтату керек. Бұл – жемқорлыққа апаратын тура жол» – деп, атап өтті.
Елбасымыз әділ атап өткендей, керексіз қағаздар көшіріп, қажетсіз ережелерді қардай боратқан «макулатура тауына» ұқсайды.
Мақаладан зерттеу жұмысын байқауға болады.
Соңғы жылдары қазақ топырағындағы Ұлттық Бірыңғай тестілеу – 15-пен 19 жас арасындағы 100 жастың ішіндегі 12-сінің өз-өзіне қол жұмсайтын ажал алаңына айналды. 2009 жылы 209 жасөспірім көз жұмса, 2010 жылы олардың саны 237-ге жетті.
Сыйақы мөлшерлерінің пайызы тілге тиек етуге де тұрмайды. Нәтижесінде салымшының салған қаражаты – 60 пайыз, банкінің сыйақасы – 23 пайыз, мемлекеттің үлесі – 17 пайыз болады, яғни, мемлекеттің көмегі жалпы қордың небәрі 15-20 пайызын ғана құрайды екен.
Бүгінде әлемдегі №1 тілге айналған – ағылшын тілі сөздігінде 1 миллионға жақын, ал, орыс тілінде 250 мыңға жуық сөз бар екен.
Яғни мұнда зерттеу, сараптама бар, статистикаға жүгінген.
Енді мақаланың кемшіліктеріне келсек, журналистің өзіндік пайымы, ойы байқалады. Заң бойынша журналист өз ойын білдірмей, керісінше барды көрсетіп, ақиқатын ортаға салып халыққа ой тастап қорытындыны әркім өзі шығаруы қажет етін. Мысалы:
Жылына қазақтың орта мектептерінен, лицейлерінен, гимназияларынан, колледждері мен жоғарғы оқу орындарынан түлеп-ұшқан жастардың басым бөлігі қайраңда қалған ескексіз қайықтай «қаңырап», бағыт-бағдарсыз абдырап жүр.
Қазір қазақтың жасының жоғарғы оқу орынына түсу құқы оңбай бұзылған. «Ауызы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» дейтін әділетсіздік дәп осы жерде салтанат құрған. Ақшасы барлар оқиды, қаражаты жоқтарға есік тарс жабық.
Арманынан адасып, амалсыздықтан ала жіптің құрығына түсіп, жас өмірімен қоштасып жатқан өрімдей жастардың тағдырына куә болған білім саласының нән шенеуніктері міз бағар емес. Өзінің қу құлқыны мен «наны мол» орынтағын сақтап қалу үшін шенеунік біткен әлгі шарасыздан құрбан болған жас-мәжнүндерді «маскүнемдер» немесе «нашақорлар» деп күстаналаудан да тайынбайды.
Оқулықтың сапасы былай тұрсын, жалпы білім берудің, ұрпақты тәрбиелеудің басты қате-кемшілігі – министрліктің құр сөз, жалаң жарнамалық «қызметтерінде» жатыр.
Жас өркеннің тәрбиесі тым жүйесіз, әсіре-әлсіз. Сақал қойған жас жігіттен ізгілік пен игілік емес, «лаңкестік іздерін» іздеуге құмармыз; орамалды бойжеткеннен имандылық пен ибалық емес, «ескілік сарынын» сарыла тіміскілейміз…
Осыған қоса жалпыламалықты байқауға болады:
Жыл сайын жаз мезгілінде жоғарғы және орта оқу орындары: «Материалдық базамыз мықты, академиктер мен ғылым докторлары дәріс береді, шетелдік беделді оқу орындарымен серіктеспіз, бізде оқып, диплом алғандардың біреуі де жұмыссыз қалмайды» деп, өтірік жарнама, жалған ақпарат береді.
…Бүгінде жалғыз ҚазҰУ ғана емес, республиканың бүкіл білім саласын ешкім шыға алмайтын «жемқорлық» шырмауығы шырмады. Балабақшаға сәби орналастыру үшін – пара бересің, мектепте балаңа тәуір баға керек десең – паралайсың, жеткіншек колледжге бармай-ақ, жоғарғы оқу орнына қажетті баллдар жинағысы келсе – параға жүгінесің, жоғарғы оқу орнының әр емтиханы мен «зачетінің» өз құны бар, магистратураға тегін түсуді армандамай-ақ қой. Жоғарғы оқудағы мемлекеттік гранттардың, демеушілік қорлардың, ректордың гранттарының паралық тарифтері белгіленіп қойған. Оқу озатына да, қоғамдық белсендіге де ешкім пысқырып қарамайды. Адал оқығанмен – гранттан дәмеленбесең де болады, әділдік қуғаныңмен – ешқашан жеткізбейді…
Әрине, автордың өз бір білгені болар. Бірақ, менің топтастарымның біразы жақсы оқығанының жемісі ретінде ақылы бөлімнен тегін бөлімге, президент шәкіртақысына қол жеткізгендер бар. Көпке топырақ шашпаған абзал, біздің факультетте студенттің баға үшін ақша тықпалап,немесе ұстаздың пара алып жатқанын көрген емеспін, өз басым. Сол себепті авторға жалпыламалыққа салынбауды сұраймын.
Міне, бұл менің мақала оқу барыысында түйгенім мен білгенім!