Білікті психологтың көмегіне жүгініңіз!

  Қазір қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі буллинг. Бұл мәселені дер уақытында шешу үшін шара қолданбасақ, кейін кеш болуы мүмкін. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы «11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 17% -ы айына бір немесе бірнеше рет мектепте буллингке ұшырайды. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, ауыл мектебіне қарағанда қала мектептерінің оқушылары жиі буллинг құрбаны болады» - деген мәліметті ұсынады.
Буллинг дегеніміз – бұл бір немесе топ адамның жеке адамға бағытталған агрессивті мінез-құлқы.
Зерттеушілер буллингтің шығу себептерін әртүрлі түсіндіреді. Бірақ жалпы қабылданған ұстамын бойынша, бұл:
  1. Тұлғаның басқа адамдары басқаруға ұмтылысы;
  2. Қолында билігі бар адамның ішкі агрессиясы буллинг арқылы көрінеді;
  3. Өзі буллингтің құрбаны болғысы келмейтін немесе бұрын буллингке ұшыраған тұлғаның қорғаныс әрекеті;
  4. Буллинг жасау арқылы топта өзінің беделін көтергісі келетін тұлға.
  Бұл ұстанымдардан басқа да ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен туындайтын буллингтік әрекеттер де көп. Буллингке ұшыраған тұлғалар көбінесе басқалардың қысым көрсетушілік әрекеті ұзаққа созылмай, тоқтайтын шығар деген үмітпен уақытын өткізіп алады. Буллингтік жағдайдан шығу үшін ең алдымен, өзіңіздің буллингте екеніңізді мойындауыңыз керек. Ары қарай мынадай шешу жолдарын қолдансаңыз болады:
  - Айналадан сізді түсінетін жанашыр табу керек;
  - Қысым көрсетуші сізден қандай да бір эмоцияны күтеді, сіз салқынқанды болыңыз;
  - Жоқ деп айтып үйреніңіз;
  - Өзіңіздегі сенімділікті жоғарылатыңыз;
  - Буллинг жасауға себеп болатын өз бойыңыздағы кемшілікті барынша түзетуге тырысыңыз.
  Буллингті өз ерік-жігеріңізбен шеше алмасаңыз, бұл мәселені шешуге және бойыңыздағы сенімділікті жоғарылату үшін білікті психологтың көмегіне жүгініңіз.



Бөлісу: