Біле жүрсеңіз артық болмас

 

Иілгіш смартфон

 

Корейлік LG компаниясы иілгіш OLED-дисплейі бар смартфон өндірісін бастады. Жаңа жоғарғы сапалы Android-смартфоны осы айдың соңында алғашқы рет Оңтүстік Кореяда сатылымға енетін болады деп хабарлайды ZDNet агенттігі. Аталмыш смартфонның кәсіби атауы LG Z болды. Естеріңізде болса, Берлинде өткен IFA көрмесінде LG әлемдегі ең үлкен иілгіш теледидарды көрсеткен еді.

Оңтүстік Кореяның ақпарат көздері LG Z-тің дисплейі иілгіш болғанымен, сыртқы қаптағышы қатты болады дейді.

Смартфонның бір ыңғайлы тұсы – бейнежазба көргенде немесе ойын ойнау барысында экран кеңге жазылады. Яғни, оны өз ыңғайыңызға қарай өзгертіп отыра аласыз

 

Microsoft-тың жаңа маусымы

  Microsoft-тың жаңа маусымы басталады. Неге десеңіз, компания Windows 8.1 жүйесін шығаруға тапсырыс алуда. Егер, Windows 7 жүйесін қолданып жүрген тұтынушылар жаңа жүйеге ауысамын десе, оның құны 120 долларды құрайтын болады. Өйткені, Microsoft-тың талабы бойынша Windows 8.1-ге өту үшін, алдымен Windows 8-ді орнату қажет. Бірақ, соңғы орнату тегін. Мұнымен қоса, Windows 8.1 жүйесінің кәсіби нұсқасы да бар, ал оның құны 199 доллар тұрады. Айта кетейік, түбегейлі өзгерістер 17 қазан күні жүзеге асады деп күтілуде.

 

Марсқа «секіргіш-робот» ұшады

Соңғы уақытта Еуропалық космос агенттігінің мамандары өзге ғаламшарларды зерттеуге әуес болып жүр. Жақында ғана олар Марсқа «робот-жыланды» жіберуді көздесе, енді «секіргіш-роботты» жібермекші. Бірақ, бүгінде бұл тек жоспар ретінде ғана. Өйткені, секіргіш-робот туындысы әлі дүниеге келмеді. Алайда, оның құрылысы жақын арада жасалынады деп көзделуде.

Қазіргі уақытта роботтар бар, бірақ олар ұзақ мерзімдегі зерттеу жұмыстарына жарамайды. Сол себептен де, осы жағдайды ескере отырып Еуропалық мамандар ұзақ уақытқа жарамды роботты жасауға бел буды.

Мұндай мерзімде жүру үшін роботқа реактивті қозғалтқыш қажет. Осы жағдайды ескерген мамандар қозғалтқышты көмірқышқыл газы арқылы жылжитын етіп жасамақ. Өйткені, марс ғаламшарында аталған газ түрі өте көп мөлшерде.

 

 «Яндекстің» жаңалығы

 

Ресейлік «Яндекс» іздеуші жүйесі өз қолданушыларын тағы бір рет қуантты. Мәскеуде өткен «Yet Another Conference» деп аталатын конференция барысында компания «Атом» бағдарламасын таныстырды. Аталмыш бағдарлама іздеушілердің талғамына қарай сайттарды саралайды.

Ендігі кезекте Яндекс ғаламтордағы ақпараттарды сараптап, қажет емесін қолданыстан шығаруды қолға алмақ.

«Атом» - ол вебшеберлерге өте қажетті құрал. Тұтынушыны тез арада қажет ақпаратпен қамтамасыз етіп, уақытын үнемдетеді.

Естеріңізде болса, «Яндекс» осы жылдың мамыр айында өз қолданушыларына «Острова» құралын да ұсынған болатын. Ал «Атомды» оның жалғасы десек те болады.

 

Тыңшыға қарсы гаджет

 

McAfee компаниясының негізін қалаушы Джон Макафи жаңа жобаны қолға алды. Американдық программист АҚШ елінің қауіпсіздік жөніндегі агенттігін алдап кетуге болады дейді. Өйткені, бұл мекеме смартфондардағы қауіпсіздікті бұзады деп талай рет айыпталған болатын. Макафи The Verge интернет-басылымына берген сұхбатында құны 100 долларды құрайтын D-Central гаджетінің құрылысымен таныстырған. Өзге смартфондарға қарағанда, аталмыш гаджет құпияны берік сақтайтын болады. Тіпті, мемлекет гаджет иесінің тұрған мекен-жайын да анықтай алмайды дейді Макафи.

Осыған қарамастан, құрылғы шектелген мүмкіндіктер бойынша жұмыс жасайтын болады. Тұтынушыға тегін ғаламтор уәде етілмейді, тек тұрған жеріне байланысты ғаламтор жүйесі іске қосылатын болады. Алайда, ешқандай артық құлақсыз, көзсіз қажетті құжаттармен алмасуға әбден болады.

Макафидің айтуы бойынша, жаңа жоба оның ойында ұзақ уақыт жүрген, бірақ жобаны жүзеге асыру жұмыстары тек жақын аралықта қолға алынған. Сондықтан жоба алдағы 6 ай көлемінде жарыққа шықпақ. Автор гаджеттің АҚШ дүкендеріне шығуы екіталай, себебі мемлекет мұндай құрылғыны сатылымға енгізбеуі де мүмкін. Бұған қарамастан, Макафи жобаны шығаруды тоқтатпаймын деп отыр. Өйткені, АҚШ болмаса да, құрылғыны Англия, Жапония сынды елдерге сатуға болады дейді.

  Зағиптарға арналған ғаламтор

Жапондық зағип оқушыларға ғаламторда отыру енді үлкен мәселе емес. Өйткені, жапондық Yahoo қызметкерлері оларға арнап арнайы ғаламторда отыратын технология ойлап тапты. Yahoo Hakuhodo Kettle агенттігімен бірлесе отырып, Hands On Search атты құрылғыны дүниеге алып келді. Ол компьютердің де, 3D-форматтағы қағаз басып шығарушы құрылғының да рөлін атқарады. Мұндай технологияда жұмыс жасау үшін зағип оқушылар құрылғының жанына келіп, өзіне қажетті сөзді немесе тақырыпты айтса, Hands On Search оқушыға бірден сұрағанын тауып, қағаз бетіне 3D-үлгісін шығарып береді. Ал, егер сұраныстағы мәлімет ғаламтордан табылмай жатса, Hands On Search оқушыға сұраныстағы сөздің кеңейтілген нұсқасын қайта айтуды сұранады. Осылайша, ол іздеген дүниені мүмкіндігінше тауып беруге ұмтылады.

   Қазіргі таңда аталмыш жүйенің негізгі қорында жүзден астам 3D-үлгідегі нысандар бар. Yahoo-ның айтуы бойынша, өзге компаниялар да болашақта осы іске ат салысса, 3D-үлгідегі нысандардың санын көбейтуге болады.



Бөлісу: