Блатной Шегіртке

    Жақында шаруаларыммен Шымкентке барғанмын . Екі досым (Баха, Ерболат) күтіп алды. Күн жақсы басталған. Достарды сағынып қалыппын, әңгіме жиналып қалыпты, жібердік аттың басын.Балалық шақты, мектептік кезеңді еске алдық. Айтылмаған сыр қалмады. Қалжыңдастық, арылдадық-дарылдадық қысқасы, теңертеңнен кешке дейін қасымда жүрді. Қас қарайып, ымырт жабыла бергенде жұмысымды бітірдім. Баханың үйіне баратын болдық. Сол жақта түнейтін болдым. Баханың үйіне бағыт алып бара жатқанбыз. Сол апақ-сапақ кезеңде көлігіміздің(Toyota Carina) оң жақтағы дөңгелегінің желі шығып,(жарылып) оң жақта жүйткіп, құтырынып жүріп бара жатқан көліктің (Audi A6) артқы бір фарын түртіп кеттік. Іштей «біссіміллә» деп шүкірлік жасап, көліктен түстік. Қасымызға тағы бір көлік(Фольксваген) келіп тоқтады. Бірінші көліктен 5 жігіт, кейін келіп тоқтаған көліктен 4 жігіт түсті. Бірге жүрген жігіттер екен. Көбінің иықтары тоқпақтай, жауырындары қақпақтай, былайша айтқанда «квадрад», спортсмен, бойшаң жігіттер екен. Майда жігіттен екеу бар-ау.
Жігіттер қасымызға келді, әңгіме(разборка) басталып кетті. Біз кінәліміз. Біз жұмсақпыз. Біз мінез көрсетіп тұрған жоқпыз. Жағдайды түсіндірдік. «Болды кінә бізден, жігіттер, ақшасын берейікте тарқайық» дедік. Сөйтсек, жалындаған жастар (шиголдар) құтырды. Жұдырықтары қышып, артық энергияны қайда жіберетінін білмей жүрген болса керек. 10-15 мың теңгемен бітетін тірлікке, 50 мың сұрады. Қан басқа шапты. Ерегіс басталды. Әзірге тілмен. (боқтық аралас) Үшеуміз үш жақтан тілмен көсіліп жатырмыз.(енді бұл дүниеге ерте келгенбіз, 2-3 көйлек  ерте тоздырғанбыз)  Әсіресе Баха дес берер емес. Зәрін төгуде. Олар да оң-солын танып қалған. Тілдері ұзын екен. Іс насырға шауып барады. Әншейінде  гаи жылт етіп көрініп қалатын еді, бұндай кезде таппайсың)) Гаи шақырайын десең, жігіттігіңе сын! Намыс жібермейді.

Байқасақ, жігіттер төбелескісі келіп тұр. Біздің жұдырық алып жүгірмегенімізге біраз жылдың жүзі болған. Төбелес дегенді ұмытқалы қашан) Амал жоқ жастық шақты еске алдық. Ер шекіспей, бекіспейді, көрсек, көрейік дедік. Бір жағынан  бізге де қызық болып тұр.) Білекті түрдік. Жабылып кетсе тапталамыз, жер боламыз. «Ал, жекпе-жек. Қәне, қайсысын барсыңдар!? Жігітше!» дедік. Олар мырс етті. «Хи-хи, ха-ха» ұстады. Оқиға тура кинодағыдай өрбіп жатыр. Олар күлген сайын, тас тигендей болып жатыр. Бізден Баха шығатын болды, олардан бір түйедей біреу шығатын болды. Баха да осал емес, шымыр, кезінде күресті бір адамдай қуған.

Солай қызық басталғалы тұрғанда, бір көлік келіп тоқтады. Топқа қарай тақалды. Шашырап кеттік. Көліктен екі жігіт түсті. «Тағы кім» деп жақтырмай қараймыз. Сөйтсек, бізбен параллель сыныпта оқыған Самат екен. Оған жаңа біз қызыл кеңірдек болып айтысып жатқанда пысықай Ерболат(тиіп- қашып жүрген еді) телефон соғып, шақырған екен. Тағы жаңағы жігітсымықтардың көліктерінің нөмерін телефонына жазып қойыпты.) Оны кейін білдік. Сонымен Самат келді қасымызға. Аяғын нық басатын, озіне тым сенімді, борзый екені бірден байқалады.

Менің Саматқа алғаш тіл қатқаным: «О, ассалаумағалейкум, Шегіртке?» болды. Амандық сұрасып, өз-өзімізбен болып, біраз минут жаңағыларды ұмытып кеттік. «Шегіртке дейтін себебіміз, шегірткедей тырық еді. Тырық болса да жүрегінің түгі бар болатын. Үнемі шегірткедей мас болып, ертенін ойламайтын. Сабақ оқымайтын. Мектептен соң әскерде болған, әскерден соң Алматыда «тёмный» бағытта жүрді. Солай жүргенде, күндердің күнінде бір кэфеде ерегіс болған, 2 жігітті пышақтап, демалыс орындарында  дем алып келген. Қыстың алғашқы айында шығыпты» 

Сонымен Самат:  -Чё там, кто из вас главный?! – деді дауысы көтеріңкі шығып. «Суть дела, я понял! Е, мылжыңдар! .........» арғы жағын жазбай-ақ қояйын, өйткені кілең боқтық сөз. Мені күлкі қинап жатыр. Бұрыңғы шегірткемен, қазіргі шегірткені салыстырып жатырмын. Көз алдымнан мектеп кезіндегі шегіртке кетпейді. Тілін сындырып орысшаны әрең сөйлейтін. Қазіргі шегіртке мүлдем басқа. Қазіргі шегірткеге таңмын. Қайранмын. Әрбір сөзін шегедей қадайды.  «Санаторияның»  жаргондарын жібергенде, жаңағы көкірегіне нан пісіп тұрған жігіттердің мысы басылып қалды. Бір-екі аты шулы жігіттің есімін атап еді, жаңағылардың жандары шығып кете жаздады. Тегін адам емес екендігін бірден ұқтырды.

Бір кезде біреуі ағасына тел соқты, телефонмен Шегіртке ағасының да ауызына құм салды. Өзіне қатты сенімді. Соған қарағанда салмағы біршама бар-ау деген ой түдім. Сонымен, біз 1 сағатқа жуық шеше алмай тұрған проблеманы, небәрі 10-15 минутта шешіп тастады. Әркім өз көлігін істейтін болып тарқадық. Тарқап бара жатып, біз прикол ұстаймыз інілерімізге «Жігіт болған соң, до конца жігіт болу керек еді, төбелесті қайтеміз? Енді қызып келе жатыр едік. Өй, сендер де.......» дегендей.  Күліп жатырмыз «хи-хи, ха-ха».

Саматты өзімізбен бірге алып кеттік. Таңды-таңға ұрып сырластық. Әрине, рақметімізді де жаудырдық.   

Нөмер алмастық. Нөмерін ұялы телефоныма «блатной шегіртке» деп жазып қойдым. )  



Бөлісу: