...үміт...ендігі қалған мендік бір тамшы...жанталасқан өмірдегі керегі жоқ бір сәттік тыныштық, бір сәттік үнсіздік, бір сәттік сенімсіздік...үміттендіріп соңынан ергізіп жүрген, өзіндік ерекшелігі бар, өзге үміттен тым бөтен бір үміт...сөзсіз ----ИншаАллах, менің де жадырап атар таңым болар, ...тағы да үміт...
***
Сағыныш. Не ол? Сарғая, сарыла біреуді күту, тосу...
Мен ешкімді де өлердей сағынып көрмеппін. Мені мен деп танитын, мен оларды танитын бауырдан, туған-туысқаннан бастап адам атаулының бәрі де тым алыста емес. Аман болсақ, әйтеуір бір көрісерміз. Мың шүкір, әзірге бәрі де жер бетінде...
Ал, аяулым ше? Асылым. Ардақтым. Алтыным. Анам ше? Ол кісіні қанша күтсем де, тоссам да, сарғаймақ түгілі сары жапыраққа айналсам да, жер жаһанды мың араласам да көре алмаспын! Құша алмаспын! Құшарлана бетінен сүйе алмаспын! Алақанының жылуын сезе алмаспын! Сырымды шерте алмаспын! Бала болып еркелей алмаспын! Мейірімді жанарына үңіле алмаспын! Үнін үзіліссіз тыңдай алмаспын! Қолымды қанша созсам да, түсімдегі бейнеге еш жете алмаспын! Ол мүмкін емес! Мүмкін болмаған да, болмайды да! Міне, САҒЫНЫШ деген осы!
***
Қым-қуыт өмірдің қуысын аралаймын деп, адасып қалдым орманында. Бәз біреулер жол көрсете ме десем, «армандапсың» дейді. Қызық, адамдардан білмейтініңді сұрасаң, біліп тұрса да айтпайды. Сол білгенін өзі ойлап тауып, өзі шығарғандай. Болмаса, өзгелер оның білгенін оқып біліп алмайтындай сондай ақымақ деп ойлайды. Адамның күні адаммен екені рас қой. Ау, достым, бауырым, ағатай, әпкетай, несіне қызғанасыңдар бар білген тоғызыңды?! Білгенің осы болса, менің білгенімді сенің білмейтінің анық!
***
...еркіндік жетіспейді екен менде! Алайда, еркіндікте жүрген жандардың «бірдеңені» «жетістіріп» жатқаны шамалы... Дегенмен де, еркіндіктің аты еркіндік! Тұмшалаған ойларымнан азат болар күні мен де еркіндіктің дәмін бір сезермін....
***
- Биыл көктем болмайды дейді... Бірден жаз шыққандай, байқадың ба?
- Қойшы, рас па?
- Аха, рас!
- Неге өйтті екен, ә? Қап, биыл көктемде үйленсем бе деп едім... Келер жылы бір бұйырғаны болар...
- ....мүмкін...
- Ал, келе жылы ше?
- Не келер жылы?
- Көктемді айтам да...
-Ааа... ал, келер жылы екі көктем болады деген сыбыс бар....
- Қызық, неге екен?
- Биылды өтеуі керек қой!
- Расында – ей! Ойламаппын ғой! …қызық.
***
... сен нұр бол... мен сені сіңірейін! Сен су бол...мен сені сімірейін! ...бір тілек, иә, бір тілек... орындалуы беймәлім бір тілек...
***
Менің сонша күткенім, сарғая сағынғаным, сұр бұлт төнген шақта сәуле берген шуағым сен бе едің? Сен менің «Күнімсің» бе?! Сенің шуағыңсыз енді жол таппаспын! Бұл тапқаным... тапқаным, ақталған үмітім болса етті... Мен сені іздегенімдей іздеп, күткенімдей күтші, Шуақты Күнім...
***
Қабанбай батыр – Масаншыда орналасқан поштадан шығып келе жатқан бетім еді...
- Әй, қызым, анау пошта ма?- деді жолай жүргіншілердің бірі.
- Иә... - жүзі жарқын бұл апаға таң қала жауап қаттым.
- Құдайым – ау, әлі жұмыс жасап тұр ма? Еш өзгермепті – ау! Заман өзгерді, адам өзгерді, мынау қала да өзгерді, қаншама дүние жоғалды, оңалды, ал, мынау пошта сол қалыпты! Осыдан елу жыл бұрын мен ана..ау техникумда студент болғанда, сендей жас болғанда, ауылдан әкем салып жіберер жиырма рубльді алуға осында келуші едім. Кейде он рубль салатын. Әй, сол бір айға жетуші еді! Бір рубльге бір апта өмір сүруші едік! Нан он алты тиын еді ғой... Қазір бір мың теңгең түкке де жетпейді! Әй, заман – ай...! Мен былай кетемін. Жолың болсын, қызым!
- Жолыңыз болсын... Сағыныпсыз – ау, апа, өз «заманыңызды»! Бұл ғасырға өкпелісіз бе, апа – ау..?! Сынаптай сырғыған уақыт мені де сіздің жасыңызға жеткізсе етті... Сонда сіз есіме түсерсіз...
***
...қылаулап атқан таңнан күтем үміт...күн нұры кірпігімді сүйен шақта...
***
- Ары жылжышы... - Тапжылмады анау әйел. - Сатып алып па едің орынды?
- Тоғжан, Тоғжан, болсаңшы тез!? Егде тартқан анасындай кісінің сөзін құлағына да ілмеген «орын иесі» автобустың анау басындағы жап – жас бір қызды шақырып әуре. Тоғжаны жетіп, «сатып алынған орынға» жайғаса кетті. Ұтпасын білген үлкен кісі арт жаққа қарай жылжыды, бір үмітпен...
Автобусқа балалы әйел кірді. Сөмкесінен бөлек дорбаланған әйелдің баласы иығына жармасып алған.
- Бәлкім, орын берерсіз...?
- Жоқ, болмайды, оның аяғы ауыр! Тоғжан үшін сөйлеген әйел өз орынын бергісі келген сыңай танытты. Балалы әйелдің баласы отыруға мұрша бермеді. Автобустың қолтұтқасынан жармаса ойнауды жөн санады. Сонымен, «орын иелері» орнында қалды...
...аман – есен босанып ал, сіңілім! Әлі туылмаған балаңды адамдарға деген мейірім мен махаббатқа, қамқорлыққа, адамгершілікке емес, «менікі» дегенге үйрете бастағаның қалай? Әлде енең бе анаң ба, өмір бойы жаныңда жүре ме? «Заманым – ай, замандасым –ай» демеске еш амал жоқ!
***
...ақымақ көңіл, қарашы, сені тағы да алдады ғой! Дірілдеген күмәніңе күдік жалғады... Адамдар ойлағаныңдай болмайды ғой! Тағы сүріндің! Ешкімге де сенбе, ақсақ көңіл...
***
Көп нәрсені түсінбеймін, неге түсінбейтінімді де түсінбеймін! Жалқаулығым сонша, тіптен, сол түсінбейтінімдерді түсінуге де талпынбаймын... Бәлкім, миымды орынсыз нәрселермен мазалай беретіндіктен де шығар... Жасыма жетпей қартайтқан, «кәрі ойлар», құзар шыңның да ұшар басына жетіп қалдық па?
***
Кімге болса да жақсы сөйлеп, әдепті қарым-қатынас жаса! Ертең ол бастығың болып қалуы ықтимал! Ал, қазіргі заман бастыққа жақсаң, астығың жақсы шығар заман... Өз тәжірбием емес, өмірдің үйреткені...
***
Адамның ақылын аузынан шығар сөзінің құнынан білуге болады. Арзан сөз – тез ұмытылып қалатын, ой тоймайтын, көңілдің қарнын аштырар, мәнсіз, әрі сәнсіз, һәм «ұсқынсыз» болады. Кейде дәл менікіндей... Ал, қымбат сөз... онсыз да белгілі...
***
...шаттық сыйлаған бір түйір мұңым менің... жанымның бір тамшы қуанышы... керексің маған...