Осы жылдың басынан бері 400 USD шамасында саудаластырылған биткоинның бағасы мамырдың аяғынан бастап күрт қазіргі 750 долларға дейін көтеріліп кетті. Бұл әлі соңы емес, жылдың аяғына дейін ол 2013 жылғы 1200 долларлық максимумға жетіп, одан бірнеше есе асып кетеді деп болжайтындар аз емес. Бұл криптовалютаға осыншама сұраныс кенет қайдан пайда болды? Сарапшылар бұған бірнеше себеп келтіруде.
Не көрінді соншама?Біріншіден, Қытайдың экономикасының өсуі тоқтап, юаньның әлсіреуі келтіріледі. Қытайлықтар ақшаларының құнсыздануынан сақтану үшін жергілікті криптобиржалардан жаппай биткоинды сатып алып жатыр екен. Жалпы қытайлар бұрыннан ақша тігуге өте құмар халық. Карта ойнау, бәйгеге тігу ол жерде кең тараған. Оларда криптовалюталық биржалар ашылғалы бері сол жерде айналып жатқан ақша көлемі, жалпы халқының санын ескерсек, әлемнің назарын аударарлықтай өскен. Сондықтан жаңа криптовалюта шығарып жатқан кәсіпкерлер Қытай биржаларына енуге тырысады.
Екіншіден, Ұлы Британияда 23 маусымда болатын Brexit референдумы арқасында туып жатқан спекуляциялар бағаға әсер етуде. Brexit деп Британияның ЕуроОдақтан шығу референдумын қысқаша атап кеткен. Егер Британия бөлінсе, бұл елдің экономикасы және жалпы Еуропаның экономикасы қатты зардап шегеді деген үрей пайда болды. Халық алдын-ала әртүрлі шаралар қолданып жатыр, соның біреуі — банктағы ақшаны алып биткоинға тығу.
Одан да басқа салыстырмалы түрде кішігірім себептер келтірілуде. Соның ішінде жалпы әлемдегі кризис және блокчейн технологиясына әр түрлі ұйымдардың қызығушылығы. Тіпті біздің банктер мен Қазақтелеком ол туралы сөз қатты. Бірақ биткоин қаншалықты берік инвестиция? Неге одан гөрі ақшаны, мысалы, алтынға жұмсамасқа? Бұл сұрақтарға жауап биткоинның ішінде орналасқан данышпан технологияда жатыр.
Биткоин деген не? Жейтін зат па?Жоғарыда айтылған “блокчейн” сөзі қазақша “блоктар тізбегі” деп аударылады. Әрбір блокка биткоинмен жүргізілген транзакциялар жазылады, одан кейін блокқа криптографиялық алгоритммен (SHA256) қол қойылады да, ол тізбекке қосылады. Блокчейндегі транзакциялар ашық түрде жазылған, әркім оларды көре алады. Тек биткоинды жіберген және қабылдаған арнайы адрестер кімге тиесілі екені белгісіз.
Блокчейн бір орталық серверде емес, оны қолданып жатқан әрбір клиентте (бағдарламада) сақталады. Бұл оның жалғыз иесі жоқ болуын қамтамасыз етеді. Кейбір клиенттер жаңа блоктарды жасауға қатысады. Оларды майнерлер деп атайды, ал блокты генерациялау майнинг (“өндіру”) деп аталады. Майнинг компьютер ресурстарын айтарлықтай қолданатын болған соң, майнерлерге әр өндірілген блок үшін биткоиндар түрінде сыйақы беріледі.
Биткоин жүйесінің тағы бір ерекшелігі — транзакцияларды құптайтын мекеменің қажет еместігі. Кәдімгі ақша аударымдарын банк немесе басқа қаржылық ұйым растайды. Тікелей транзакциялардың артықшылығы нағыз конфиденциалдықта жатыр, және де биткоин транзакцияларына қолданатын комиссиялар банктардың коммисияларынан әлдеқайда төмен.
Тағы бір маңызды жәйт — биткоинның саны шектелген. Ең көп дегенде 21 миллион биткоин өндіріледі екен. Осы себептен біраз адам оны мөлшері шектеулі алтынмен салыстырады.
Осының бәрін айта келіп, тақырыбымыздағы сұраққа оралайық. Шынымен биткоин жаңа заманның алтыны ма? Сірә солай болуы керек. Саны шектеулі, яғни құны жоғары болуы тиіс. Алтынды сатып алып, оны сақтау үшін біраз шығын кетеді, ал биткоинды сақтау шығыны жоқ. Бірақ кемшіліктері де бар, онысыз болмайды. Біріншіден, біраз елдің өкіметтері оны заңсыз санауы мүмкін. Екіншіден, биткоин-адрестің жеке кілті жоғалса, онда жатқан соманы ешқандай басқа жолмен шығарып алу мүмкін емес. Және де бұл технология қанша дегенмен әлі жас, бір күні бір жері бұзылып қала ма, әлде хакерлер бір осалдығын тауып ала ма, белгісіз. Бұны енді уақыт көрсетер.