Биікке қарау керек!

Биікке қарау керек!
жеке
блог

Астарына үңілсек, «Әлі-ақ бәрі жақсы болады» деген сөздердің өзінде үлкен философия жатыр, бірақ, құларға құз, соғыларға жартас таба алмай жүргенде философияны ойлап жатпаймыз, әттең... Тек, төрт құбыла түгелденгенде ғана «Е, осы дұрыс екен, бекер таусылыппын» деп қаламыз. Негізі, бұл өмірдегі ең үлкен мотивация – ол, мына хадис: «Алла Тағала әр адамның иығының күшіне сай ғана сынақ береді».

Сүлейменнің жүзігі жайлы естімеген жан жоқ шығар.

Қорлан Картенбаеваның «Өмір күрес» бейнебаяны – міне, мотивация!

... Осыдан, бірнеше жылдар бұрын бір корейлік дорама көргем: басына қандай қиындық түссе де кейіпкер қыз отыра қалып онға дейін санайтын және сол он секунд ішінде өмірінің жақсы жақтарын есіне түсіріп, тәубесіне келіп, жылауын доғаратын. Бір күні әбден титықтап кетсе керек, қыстығып жылағаннан онға дейін жетіп қойғанын байқамай қалды. Он бір... Он екі... Он үш... Мұның өзі өмірде кедергінің бәрін оңай жеңе беру мүмкін еместігінің мысалы болса, екінші жарқын мысалы сол: ол бәрібір жиырмаға жеткізген жоқ!

Түн қанша ұзақ болса да таң бәрібір атады емес пе? Рас қой, мезгілге байланысты кейде түн – ұзақ, кейде күн – ұзақ, бірақ, қашан осы таң атпай қалып еді?!

Әртүрлі авторлардың мына бір алға ұмтылдырар, медет берер мотивациялық ой-түйіндерін оқып отырып, еріксіз басыңды изейсің:

«Жамандықты кім көрмейді. Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ дегені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің! Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді!» Абай

«Бір орында тұру – кері жылжу деген сөз» Майк Тайсон

«Дұрыс жолда тұрсаң – қателесесің – тұрмау керек, алға жүру керек!» Уил Роджерс

«Өміріңнің ұзақтығын өзгерте алмасаң да, кеңдігі мен биіктігі өз қолыңда!» Шира Т.

«Жиырма жылдан кейін «Неге осылай жасамадым?» деп өкініп қаласың. Сондықтан, күдіктен арыл! Қауіпсіз аралды мекендей бермей, тәуекелге бел бу, алысқа жүз! Жөнекей желді желкеніңмен қағып қал! Зертте! Арманда! Жаса!» Марк Твен

«Өз әрекетінің нәтижесін тез арада көргісі келетіндер тек етікшілікке барсын!» А. Эйнштейн

Және тағы біразы:

«Сәтсіздік – тағы бір байқап көрудің тамаша мүмкіндігі»

«Егер бір істі бастасаң, сенде екі жол бар: не табысқа жетесің, не сәтсіздікке ұшырайсың, ал сол істі бастамасаң – онда бір-ақ жол бар...»

«Қолыңнан келмейтінін білсең де игі істі ойға алсаң, айналыса бер. Шыңына жетпесең де, жақсы жаққа қарай өзгересің!»

«Өз мүмкіндіктерінен жоғары мақсаттар қоя алмаған адамның қолынан мүмкіндігі жететін дүние де келмеуі мүмкін. БИІККЕ ҚАРАУ КЕРЕК!»

«Қатты қиналған кезіңде де, «Қазір жеңіле салғаныммен жағдай жақсармайды» деп өзіңді қайрап отыр!»

«Көп ұғымның ішінде «Ертең» дегенін қатты айналшықтап қалма, бүгіннен қалдырған істі ертең бітірерің күмәнді болмақ, себебі, «ертең» - ол келе жатқан кәдімгі «бүгін» ғой!»

 

«... Сенің бірде қара, бірде ақ бұлт» деп отырғаның «жартылай ақша бұлт, жартылай шайдай ашық аспан!», - деді маған аспан )

 


СОНДЫҚТАН, айтарым, уа, біреудің алдында айыбы бардай үнемі төмен қарап жүретін мүміндер, уа, жанталасып, тек алға қарап жүретін жарандар! Ара-тұра аспанға қарап тұрыңдар, өмір ғажап сияқты ғой былай, иә?! )))

сурет: deviantart.com, saltanat m