Ээээх, сіздерге он үш жыл бұрын болған оқиғамен бөліскім келіп тұр. "Қызылшілік" атты шағын ауылым бар. Сол жерде балалық шағымды толығымен өткіздім. Айтар оқиғам осы жерден бастауын алады. Менің ауылымда шөпті сатып алмайды, барлығын сол жердің тұрғындары өз еңбегімен табатын. Бірақ бұл бұрын еді. Қазір жағдай басқаша. Бір күні көрші үйге орылған бидай әкелінді. «Анау сары немене?!»- деп топырлап бәріміз жетіп бардық. Маған енді бидай қызық болған. Мүлдем оған дейін көрмегенмін ғой. Біраз уақыттан кейін достарымның барлығы сағыз шайнап жүр. Айқайлап жылауға бас салдым. Олар «маған бермеді» деген сезім болғандай. Сол кезде орбит, дирол дегенді білмейміз. Сонда сағызды қайдан алды? Сөйтсем, сағызымыз бидайдан шығыпты. ҚАЛАЙ? Бидайдан сағыз жасауға бола ма? деген сұрақтар басыма қонбай қойды. Аузыма бидайды салып жіберіп, көпке дейін шайнап жүрдім. Нәтижесінде сап-сары бидайдан нағыз аппақ сағыз шықты. Сірә, алғашқы сағызым бидай дәмімен болғаны ғой. Бұл жай өсек емес, бұл кішкене тентек қара қыздың басынан кешкен, өз көзімен көрген, өмірлік жолынан алынған үзінді.