Бейтаныс арудың есімі «Yoko»
блог
Мәссаған! Жылайын ба, күлейін бе?! Тіпті күтпеген дүние. Мен сенің жауап беретініңді білген жоқпын. Осы уақытқа дейін қолмен жазылған хаттардың бекер болмағаны ма?! Иә, мен СЕНДІМ! Бар екеніңе!
Иә, «Yoko»! Моро сені көп күтті. Бұл менің сонау 20 ғасырға тән лақап атқа негіздеп алған есімім. Білдім! Саған ұнарын білдім.
Жазбаңнан түсінгенім Париждың көшелерімен жүріп, шарапқа әбден мас болған, өмірдің қызығын жалғыз өзің ғана сезіне білген жан екенсің. Сендей ойлайтын, сен секілді космосқа ұшатын қыздар санаулы. Тіпті жоқ. Таң қалып отырмын.
Менің жалғыздығымның интонациясы... Ол үнсіз. Ішімде жұтылып жатыр. Бірақ жүректің құлағын шыңылдатып бітті. Оның іштегі айғайын сыртқы әлем ести алмайды. Естісе бүкіл адамзаттың құлағы тұнар ма еді. Саңырау болып қалуы да ғажап емес. Өйткені ол жалғыздықтың көз жасы мен жан дүниесінен шыққан айғай. Менің жалғыздығым махаббаттан басы қалған жігіттің зары емес. Менің жалғыздығым көп ішіндегі өзімді таба алмай сандалған мұңдарым, сәттерім.
Түн – іштегі жалғыздықтың оянатын уақыты. Күндіз сезінбейсің. Өйткені жалғанның жалғандығына алданып жүре бересің. Көздерін бояған сұлулар мен түстерін өзгерткен ерлердің қасында өмір сүресің. Ал түн... Түн бәріне куә. Бұл жалғыз қалуға таптырмас уақыт. Бірақ ең жаманы әлсізбіз... Бізді сол жалғыздық сындырып тастайды. Таңда қайта ес жинап оянамыз.
Айналып келген кезде ақиқат мен екенмін. Сенің өзің «Yoko» есімінің ар жағында жасырынып жатқан бейтаныс адам болып қала бересің. Білем, сен маскаңды бүгін-ертең шешпейсің. Себебі сендік және мендік патша сарайында болатын балл әлі біткен жоқ. Ол жалғасып жатыр. Беттеріне маска киіп, ұлы вальс билеп жатқан адамдардың арасында жүрміз. Тек бір-бірімізді көрмейміз. Әсілінде сен көресің мен емес. Сен мені бақылап сыртымнан жүрсің. Сынап жүрсің бе екен..?
Ең үрейлісі екеуіміз дәл қазір сол вальсті билеп тұрған болармыз. Екеуіміз масканың арғы бетіндеміз.
Өмірдегі бетперде киіп, жалған дүниені одан ары жалған етіп өмір сүретіндер қанша ма?! Олардың ойлары тек жасанды өмір сүріп, жасанды атақ пен жасанды сезімді жасау. Ал бастысы сасық байлық. Руханият пен екеуіміз айтып отырған түн, шарап, темекі түтіні мен терезе бәрі-бәрі жоқтың қасы. Екеуіміз жындымыз. Олар үшін жындымыз. Себебі олар үшін ақылды адам бармен, көрінетін затпен өмір сүру.
Yoko, мен адамдар көрмейтін дүниені көре аламын... Бұл шындық! Сенің көзіңе елестейтін түнектің ішінде сәуле бар ма?!
Құрметпен, Моро