-Біреу-міреу, су беріңіздерші! Су әкеліңіздерші!
Дәл жанымнан жанұшыра шыққан дауыстан селк еттім. Автобустың бір бұрышы абыр-сабыр. Үстіне күлгін жейде киген жас жігіт орындықта отырып талып қалған бейтаныс әйелдің қолтығынан демеп, бетін шапалақтап жатыр.
Өзге жолаушылар бей-жай. Кондуктор мен жүргізуші де самарқау. Таңғы ұйқының шалалығы да байлау. Орнымнан әлдебір күш ұшырып тұрғызды. Жүгіріп әлгі екеудің жанына бардым.
-Су! Су әкеліңізші...
Жігіт жанарымен мені бір сүзіп өтті де, бәсең дауыспен әлгі сөзді маған бағыттады.
-И...иә, иә... Басымды шұлғи бергенім сол, қолыма әлдекім бөтелке суды қыстыра қойды.
-Міне... Су!
Жігіт суды қолымнан жұлқи алды да, сары шашты әйелдің бетіне төгіп кеп жіберді.
Әйел міз бақпады.
-Жедел жәрдемге хабарласайын, сіз қолынан ұстаңызшы, құлап кетпесін...
-Аха, жарайды. Мен қалбалақтап әйелдің қолына жармастым.
Бірнеше уақыттан соң, маңдайында қызыл-көк жарығы бар жәдел жәрдем ызғып кеп, әп сәтте әйелді алып кетті.
Автобустан әлгі жігіт екеуміз бірге түстік. Түскен бойда, таныстығымыз автобустың ішінде бірге қалды. Өзгеріп шыға келдік. Бір-біріміз үшін көшедегі көп адамның бірі ғана болып қалдық. Бір-бірімізді мүлде көрмегендей үнсіз ғана өз жөнімізбен екіге айырыла бердік.
Жер асты өткеліне жете бергенімде, таныс һәм бейтаныс дауыстан кілт тоқтадым.
-Рақмет.
Күлгін жейде артымнан тесіліп қарап тұр.
-Не үшін?
-Өзгелердей болмағаныңыз үшін...
-А... Аузымды аша бергенім сол, күлгін жейде жалт бұрылды да, тіршілік толқынына сіңіп, жоғалып кетті...
***
Келесі күні асығыс-үсігіс жиналып, апыр-топыр аялдамаға жеттім. Басымды көтеріп қалсам, қарсы алдымда күлгін жейде тұр.
Тәйірі... Бұл әлгі... Расымен сол ма, әлде көзіме елестеп тұр ма? Бәлкім шалыс көріп тұрған шығармын?
Жоқ... Адаспаппын. Дәл өзі. Сол күні автобуста азамат екенін дәлелдеген сабаздың нақ өзі.
Жанына барсам ба екен? Не деймін бірақ? Сәлем, қалайсың? десем ше?.. Ол не дер екен? Сәлем! дер ме екен... Демесе ше?
Демесе, ұят. Ұят болғанда қандай...
Дұрысы, тұра берейін. Сезбеген боп тапжылмай тұра берейін. О, несі-ей өрекпіп? Алты атаңнан қалған танысың ба еді? Жанына ұшқалақ көбелектей жетіп барсаң, не ойлайды? Атыңды да сұрамаған адамға не демексің?
Ішкі дауысым жер-жебіріме жетіп ұрсып, жанымды жеп барады.
"Бармаймын дедім ғой, бармаймын"
Ақыры бармадым. Ол да мен жаққа бұрылып қарамады. Мені іздемеді. Не деп іздесін? Ол тіпті, менің де дәл осы көшеде тұратынымнан бейхабар емес пе?..
Келесі күні аяқ астынан қаланың басқа шетіне көшетін болдым. Көшкім келмеді. Бір жағынан көшуге асықтым. Оны көрген сайын әлдебір беймәлім сезімім ұлғая бере ме деп қорықтым. Жүрегімді дір еткізген шоқты осылайша тұншықтырып тастағым келді...
Сурет: liveinternet.ru