Беймезгіл ажалдан қорқамын
21.02.2013
Илхам ИБРАГИМ,
«Ел арна» телеарнасы «Фобия» бағдарламасының жүргізушісі:
– Илхам, «Фобия» реалити-шоуы көрерменмен қауышқалы бері ғаламторда бағдарламаға қатысты сан түрлі пікірлер жазылады. Шоудың жүргізушісі ретінде сынға қандай уәж айтасыз? Жалпы, ешкіні еміп, ер-азаматтардың орынды, орынсыз дауыстап айқайлауы эфирдің этикасына қаншалықты сай?
– Иә, шын мәнінде, "Фобия" реалити шоуы интернетті бұрқыратып жіберді. Бұл аз ғана уақыттың ішінде жобаның танылып үлгергенін көрсетсе керек. Олай дейтінім, «Фобияның» эфирге шыққанына әлі бір ай да болған жоқ. Бірақ айтылып жатқан пікірлер өте көп. Әрине, пікір болған соң, ол тек мақтау немесе тек даттау болмайды. Бірақ сіздің сыни пікірлерге көзқарасымды білгіңіз келіп тұрғаны анық. Олай болса айтайын. Қол қусырып отырмай, еңбектенген адам ғана сынға ұшырайды. Егер бізге сын айтылып жатса, онда еңбегіміздің көзге көрінгені. Қандай пікір айтылса да, бұл телевизия саласы өкілдері үшін саф алтыннан да қымбат. Қатысушылардың орынды, орынсыз айқайлауы деп қалдыңыз жаңа. «Орынсыз» деген сөзбен мен келіспес едім. Өйткені шоудың қатысушылары қандай сыннан өтетіні туралы білмейді. Шығармашылық топ бәрін де жасырын ұстайды. Түрі-тұрпайы жәндіктерді алғаш көрген кезде сіз қандай күйде болар едіңіз? Шошып, қорқатыныңыз белгілі ғой. Жасыратын түгі жоқ, мен де әу баста «кей қатысушыларымыз асыра сілтеп жатқан болар» деп ойладым. Өйткені «олар ұстаған жыланды мен де ұстаймын, онда тұрған түк жоқ» деген ой келді. Бірақ мен де қатысушылардың рөлінде болып, түсірілімге түсер кезде, басқа біреу жыланды әкеліп мойныма іліп қойғанда денем түршігіп, не істерімді білмей қалдым. Қорыққан сәтте шынайы эмоция шығады. Өйткені жалмауызға да жан керек. Қанша жерден шақпайды, тістемейді дегенмен, ішкі түйсігің оған сенбейді екен.
– Мойындауымыз керек, «Фобия» отандық телеарналарда бұрын-соңды болмаған құбылыс. Әйткенмен жоба барысында асыра сілтеп, Батысқа еліктейтін тұстар да кездесетін сияқты...
– Расымен, "Фобия" сияқты жоба отандық телевизияда болған емес. Сондықтан бірден көрерменді баурап алды. Бұған шоудың рейтингтік көрсеткіштері дәлел. Әрине, тіл-көзіміз тасқа, бірақ отандық телеарналардан көрсетілген шоулар дәл "Фобия" сияқты рейтинг жинаған емес. Батысқа еліктеген түгіміз жоқ. Барынша қазақы менталитетке сай етіп, шариғат талаптарын бұзбауға тырысып-бағудамыз. Бір нәрсені айтайын, әр тапсырманы ойластыру барысында біздің продюсеріміз бірінші кезекте имамдар кеңесіне жүгінеді. Дін өкілдері «болады» десе, біз оны жүзеге асырамыз. Егер «бұл харам тірлік» десе, бірден тоқтатылады. Яғни «ойбай-ау, жат дүниені енгізіп сананы улап жатыр, еліктеп жатыр, үйтіп жатыр, бүйтіп жатыр» деп байбалам салу-ға негіз жоқ. Сыни пікір айтатын көрермендер "Фобияны" көрмесе, жобада не болып жатқанын қайдан біледі?! Яғни көрермен бағдарламаны көреді, көрген соң жоба оны аз да болса қызықтырады, назарын аудартады деген сөз. Бұл – біздің жеңіс!
– Арзан күлкіге, ойын-сауыққа бағытталған толассыз шоулар қазақ телевизиясының, тележурналистердің дамуына қаншалықты үлес қосады. Шоу-бағдарламаның салдарынан журналист те, телевизия да, көрерменнің өресі де тоқырауға ұшырайды деп ойламайсыз ба?
– Жоқ. Егер көрермен тарапынан сұраныс болмаса, көрермен соны қалама-
са, сіз айтқан шоулар ешқашан эфирге шықпайды. Шығып жатыр ма, сұраныс бар деген сөз! Бұл жайт қазақ телевизиясын, көрерменнің өресін тоқыратып жібереді деген жансақ пікір. Міне, көрші елдерді алыңыз. Шоу бағдарламасы жоқ арна көрдіңіз бе? Жоқ әрине. Бәлкім, заманның талабы сол болар?! Бәлкім, бұл да өтпелі кезең шығар. Оны уақыт көрсетеді. Дегенмен қазір сұраныс бар, оны қанағаттандыра білу де – өнер. Мәселен, тоқырауға ұшырайды дейтіндей телеарналар халыққа тек шоу, ойын-сауықтық бағдарламалар ұсынып, қалғанын тоқтатып тастаған жоқ қой. Таңдау көп, кім нені қалайды соған көңіл бөліп жатыр және солай жалғаса береді. Мұның тележурналистердің дамуына да кесірі тимейді. Мысалы, мен шоу жүргізушісімін, бірақ сараптамалық бағдарламаларға назар аудармаймын демеймін. Маған ресейлік журналистердің сараптамасы ұнайды. Қолым қалт етсе көремін, өзіме керек жерін түртіп қоямын. Кім біледі, бәлкім, араға уақыт салып, салмақты жобаға да шақырту болар. Сондықтан үйренуді, ізденуді тоқтатпау керек.
– Көрерменге шоу-бағдарлама қажет шығар, дегенмен «шоу-бизнес өкілдері реалити-шоудың кейіпкері атанып, халықты қызықтыруға әлі де дайын емес пе?!» деген ойға қаласың...
– Мұныңызбен келісемін. Артистеріміз әлі шоу-бағдарламаларға қатысуға дайын емес. «Ойпырым-ай, көршім не айтады, туған-туыс қарап отыр. Тіпті құдаларға қай бетіммен қараймын...» деген сансыз сұрақтар жалғаса береді. Артық айтсам кешірім сұраймын, біз қашанғы Алла Пугачеваның жеке өміріне қызыға береміз? Неге Роза Рымбаеваның өмірі туралы айтпасқа? Отандық шоу-бизнес өкілдері әлі де ашылып сөйлегісі келмейді. Неге? Өйткені ашық әңгімені қабылдауға көрерменіміз де дайын емес. Мысалы, Роза Рымбаева Ресейдің примадоннасы секілді өмірін жайып салсыншы, «ойбай-ау мынаған не болған?» дейміз жаға ұстап. Бұдан соң тағы кей арналар өзге елдің бағдарламасын қазақша аударып бере беретін болды деп ренжиміз. Меніңше, бітпейтін комплекстен арылатын уақыт жетті.
– Жалпы, «Фобия» АҚШ-тың «Фактор страха» сынды бағдарламасынан бастау алады. Америкалық тележүргізушілердің бағдарламаны жүргізу стиліне еріксіз таңғаласың. Мұндай қорқынышты һәм жантүршігерлік бағдарламаны жүргізу үшін адамның ішкі дайындығы да болу керек сияқты. Өзіңізді әр түсірілімнің алдында қалай дайындайсыз?
– Әрине, дайындық болу керек. Одан бұрын өзіңізді еркін ұстай білуіңіз керек. Өзімді еркін ұстайтындықтан шығар,"Ел Арнаға" мені дәл осы «Фобия» үшін арнайы шақырды. Продюсеріміз Толқын Сейдоллақызы «қатал, сұсты сөйлейтін, бірақ өзіңді еркін сезінетін жүргізуші боласың» деп талап қойды. Сол үдеден шығуға тырысып-бағудамыз. Мақтанғаным емес, мұның барлығы менде бар. Сондықтан бағдарлама жүргізу стилiмнен қандайда бір жасандылық іздеп қажеті жоқ. Өйткені болмысым сондай. Мен жүргізуші ретінде еркін сөйлеп, қажет кезде "сойып-сойып" пікір айтуды жақсы көремін. Бірінші бағдарламадан соң продюсерге көптеген телефон қоңыраулары түсіпті. Пікір білдіргендер "жүргізуші таңдауда қателеспепсіз" десе керек. Мұны Толқын ханымның өзі қуанып маған жеткізеді. «Бұл Илхам Ибрагим ашылды, оны көрермен қабылдады дегенді білдіреді» деймін өзіме (күлді) .
– «Фобия» басталғалы бері сіз туралы түрлі анекдоттар, қызықты әңгімелерді құлағымыз шалатын болды. Мұндай қағытпа сөздер шамыңызға тимейді ме?
– Неге шамыма тисін? Егер мен туралы анекдот шығып жатса онда танымалдығымның артқаны. Газет бетінде мен туралы анекдот шыққанда ішек-сілем қатып күлгенім бар. Бұл қуантты. Тіпті сәті түссе соны жазған адаммен кездесіп, алғыс айтпақ ойым бар. Телевизия саласында жас кезінде өз имиджің үшін жұмыс істеуің керек. Одан кейін сол имидж саған жұмыс істейді деген қағида бар. Сондықтан мен туралы айтылған пікір ешқашан артық етпейді.
– Сізді халық «7 арнаның» жаңалықтарынан, «Нысана» бағдарламасының «Ілмек» сынды айтары бар айдарынан жақсы таниды. Алайда арнадан көрінбей кеттіңіз. Ғаламтордағы блогыңызда «арнадан кетуімнің өз себебі бар» депсіз. Арнадан кетуіңізге «Ілмектің» жабылуы сеп болды ма? Жалпы, жоба неліктен жабылып қалды?
– Рас, "Ел арна" телеарнасына дейін "Жетінші арнада" еңбектендік. Алғашында жаңалықтар қызметінде арнаулы тілші, сосын "Таң" ақпараттық бағдарламасы-ның жүргізуші болдым. Сосын "Нысана" бағдарламасында азды- көпті еңбек еттім. Арнадан кетуімнің бірнеше себебі бар. Басты себеп – отбасын құрып, ауылда жалғыз қалған ата-анамның жанында болайын дедім. Тағы бір себеп – "Ілмек" айдары көрермен тарапынан қолдауға ие болғанымен, басшылық тарапынан қолдау таппаған сияқты. «Ілмек» соңғы кездері бірнеше рет тексеріліп, қиылып, кесіліп жүні жұлынған тауық секілді эфирге жол тартатын болды. Мені «жүргізуші екен-ау» деп қолдаған жан болмады. Солай болса да, «Ілмек» сұранысқа ие болатын. Әйтсе де, сені қолдамаса шабыт қайдан болсын? Сөйтіп, арнадан кеттім, бірақ "Ілмекті" эфирде қалдырғысы келді. Дегенмен көп ұзамай айдар жабылып қалыпты. Негізі, көрермені көп, айтары мол айдар еді. «7 арнаға» артар өкпем жоқ. Бұл ұжым журналист ретінде шыңдалуыма ықпал етті әрі мен үшін үлкен мектеп болды.
– Тележүргізушілерге көрермен тарапы біраз наразы сияқты. Ызалы, кекті үнмен сөйлейтін әріптестеріңізді де байқап қаламыз кейде. Сіздіңше, бүгінгі қазақ тележүргізушілеріне не жетіспейді?
– Мәселен, пәлен шенеунік миллиондаған долларды жеп қойыпты, парамен ұсталыпты деген мәтінді күлімдеп оқыған дұрыс емес. Бірақ бастан-аяқ кектеніп, ызаланып оқыған оғаш көрінеді. Өйткені жұмыстан шаршап келген көрермен тістеніп, ызаланып отырған жүргізушіге қарамасы анық. Оны да естен шығармаған азбал. Менің ойымша, бүгінгі тележүргізушілерге кадрда еркіндік жетіспейді. Еркін сөйлеп, ақпаратты қысылмай жеткізу жағы жетпейтін сияқты көрінеді.Жаңалықтарды екі жүргізуші жүргізіп отырады. Бірақ бір-бірінің сөзін жалғап әкетпейді, бір-бірімен қажет кезде сөйлеспейді. Суфлерда не жазылса соны зырылдатып оқып береді. Сосын «неге жаңалықтарды екі адам жүргізу керек? Телеарна басшылығы неге екі адамға ақша төлеп шығындалады?» деген сұрақ туындайды. Мәселен, «НТВ» телеарнасында жүргізушілердің бір-біріне сөз берген сәтінің өзі қызық. Соны көру үшін күтесіз. Бізде өкінішке қарай, робот-жүргізуші-лер көбейіп барады.
– Илхам, біреу журналистикаға арман қуып келеді, біреу кездейсоқ келеді. Ал сіз қалай келдіңіз?
– Мен де көпшілік секілді арман қуып келдім. Мектепте оқып жүрген кезім. Телеарналардан жаңалықтарды өткізбей қараймын. Кім не айтады, қалай сөйлейді, қалай киінеді, бәрін білуге құштар ем. Қымбат Досжан, Бейсен Құранбек, Жай-на Сламбек сынды жүргізушілердің амандасу, қоштасу сөздерін жаттап алатынмын. Содан 10-сыныпта «журналист болғым келеді» деп телеарнаға бардым. Ешкім бетімнен қаққан жоқ, қайта жазу-сызуды үйренуіме жол ашты. Бірде жаңалықтар жүргізіп отырып, Дана Нұржігіт сияқты "мал-жан аман, жұрт тынышта қауышайық" дегенім есімде. Сонда редактордың «әркімнің өз стилі болады, біреудің сөзін қайталамау керек эфирден» деп сын айтқаны бар (күліп). Қысқасы, мені көк сандық журналист етіп тәрбиеледі. Әлі де тәрбиелеп жатыр.
– Жұрттың үрейін ұшырған «Фобия» жүргізушісі – Илхам Ибрагимнің қандай фобиясы бар? Жоба барысында сол фобияңызды жеңіп, үрейден арыла алдыңыз ба?
– Илхам Ибрагимнің фобиясы көп. Жоба барысында оның біршамасын жеңдім. Мәселен, өмірі жылан ұстап көрген жан емеспін, тіпті жақындаудан қорқатынмын. Оны да көрдік, бірақ бір аптадан соң ол қорқыныш қайта оралып, келесі бағдарламада ұстауға қорқып, ұзақ ойланамын. Жеңе алмайтын қорқынышым да аз емес. Ата-анамның арманын орындай алмай қалудан қорқамын. Әрине, әркімнің өз дәм-тұзы болады. Бірақ мен беймезгіл ажалдан қорқамын. Бір жағынан бұл жақсы да шығар. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі болсын) өз хадисінде "өлімнің бар екенін ұмытпаңдар" деген ғой. Оған қоса, хадис шәрифтерде өлімнің хақ екені жиі айтылды. Мұны бір сәтке ұмытқан емеспін және ол менің басты қорқынышым.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ