Бейімбет Майлин "Мөңкебайдың өлімі"

Фейсбукте қызық әңгіме айта білетіндер шетінен Бейімбетке теңеліп, ел тарапынан өздері ойламаған биікке көтеріліп кетті. Сол Бейімбеттің шын бағасын білмейтіндер солай айта бере ме, әлде расында да бүгінгі қазақтың деңгейі өсті ме? Біздікі біреуді көтеру үшін біреуді төмендету болмасын, тек «көтерушілер» сөз айтар бұрын сәтке болса да ойлануы тиіс секілді. «Мөңкебайдың өлімі» «Бейсенбілік әңгімеміздің» төрінде, оқи отырыңыз...

Мөңкебайдың өлімі

Аласалау Земенкенің үлкен жақ бөлмесінде, қара күңгірт бұрышында еңгезердей болып біреу жатыр. Үстінде айқара жамылған күйі, ыңқылдайды, күңіренеді...
Бұл Мөңкебай еді. Ауру еді. Төсек тартып жатқанына айдан асып барады, ешкім қасына келген жоқ, «жайың қалай?» деп  сұраған жоқ.Құдайдан сұрап алған жалғыз баласы жанында бірге отырып, тәрбиелеп баққан емес. Шөлдеп, таңдайы кепкенде суды алып ішейін десе, сірескен шаншу иліктірмейді, алып беретін тағы пенде жоқ...
Терезеден түскен күннің сәулесі еркелеп ойнайды, жұрттың бәрін далаға - еркін ауаға шақырады... жылдың жетіп, қардың кетіп жатқанын, қыбырлаған жанның да жылы ауада сайраңдап жүргенін Мөңкебай сезеді: «далаға шығып, күн шуағында азырақ отырсам, арманым болмас па дейді.Ойланады, өткен дәурен көзден бір-бір ұшады.Мөңкебай Мөңкебай болғанда, мына Нұрымдар адам ба еді?! Қайда барса да Мөңкебайдың шылауында жүрмейтін бе еді?! Бәрінен де жаманы - есігінде жүрген Әлімнің әкімдік құрғаны...« Мөңкебайда пәлен жылдық алынбаған ақым бар» деп сотқа беріп, екі ай түрмеде жатқызғандығы.Осы дерт, шынында, сол түрмеден жабысып отырған дерт. Түрмеге жатпай, айып төлеп құтылуды да біліп еді, бірақ «Мөңкебай малайынан жеңіліпті» деген атқа қалармын деп ойлады. Түрмеге жатқанмен ескі достар, қадірлес ақсақалдар бір күн жатқызбай шығарып алар деп еді. Ойлағаны болмады. Бір кездерде аузын жалап, аяғына ұлтарақ болып жүргендер түрмеде жатқанда қарасын көрген жоқ... Ең арғысы көңілін де сұраған жоқ... Аз уақыттың ішінде өмірінде көрмеген кемдік көрген соң, Мөңкебай дерт үстіне дерт жамап, ендігі қалған жасты жасамай-ақ өлгенін тілеп еді...

* * *

Есік ашылғандай болды. Әлдекім үйге кіргендей болды. Баласы екен.
- Біржанбысың? - деді. Қамыққан тәрізденді. Баласының қатаңдығы ма, әлде жаратылыстан солай ма, үндемеді, салбырап барып сандыққа отырды.Ақтық күшін жиып алып, Мөңкебай сөзге кірісті.
- Аз күн өмірімде алдыма жан салмай, дүниеде екеу болса, бірі болып өмір сүріп едім. Ерте кездегі жалғыз арманым - орнымды басатын бала болса деуші едім. Сен туған соң ол арманым да түгенделген секілді еді... Осы қызықпен дүниеден өтермін деп едім, бірақ менің дегенім болмай, бір кезде бетіме келмейтіндерден ақырында өзім мерт болдым. Іші толған ыза, удай жайлап барады. Бұл ызаны тарқатып өш алатын маған күн тумас, жалғызым едің... Дос-жарандар мені аяқ асты қылып кетсе де, сенің тірлігіңді сұраймын, тірі болсаң, кегімді жібермессің деймін...
Әлсіреді білем, дауысы төмендейін деді. Бірақ есінен танған жоқ. Баласынан - жалғызынан жауап күтті. Жылар ма екен, өсиетіңді орнына келтіремін деп айтар ма екен, - деп ойлады...
Болмады. Жетесіз шіркін, салбырап тұрып жүре берді.Мөңкебайды ыза бұрынғысынан да кернеді. Үні бітті. Дымы құрып, ақшаңдай бастады. Дем сиреді, қол-аяқ мұздады... Кірелі-шығасылы еспен әлденені күткен тәрізденді... Әлдекім су беріп, кепкен таңдайын жібітетін секілденді...
Есігін шығар ақтық минутында, жанның тынарында, лапастағы Алашолақтың шәуілдеп үрген даусы құлағына сап ете қалды...
Ит болса да, өлер санатында дауыс берген ескі досына Мөңкебай риза болды:
- Қарағым, Алашолағым! -деген сөзді айтар-айтпаста жаны үзіліп те кетті.



Бөлісу: