"Бейкүнә сәби"
блог
Келіншек ата-енесінің қолында қалған тұла бойы тұңғышы жалғыз ұлының тағдырына алаңдаумен болды. Бірі күні шығатын сот шешімін тағатсыздана күтіп жүрді. Соттың шешімі бойынша баланың анасында қалатынын естігенде, жас келіншектің жүрегі жарылардай қуанды. Күн құрғатпастан ағасын ерітіп, баласын алып келуге жолға шықты. Үйінің артына суыт келіп тоқтаған машинаның гүрілін естіген Әбділда қария жайсыз хабардың болатынын сезген. Бауырына немересін құшқан Бибіқатша әжей терезеден келінін көріп зәресі ұшты. Есіктен кіріп келген келіншек сот шешімін көрсетіп, баласын алып кететінін айтқанда қариялар еңіреп қоя берді. Үй іші азан-қазан болды. Жалғыз ұлы әскерде, қызы күйеуде, немересін бауырына басып, ермек етіп отырған қарияларға оңай соқпады. Әжесіне бір, анасына бір қараған бейкүнә сәбиді анасы көтеріп алып, көлікке отырды. Келіншектің соңынан жүгіріп шыққан қариялардың бірі көліктің алдына, бірі артына жатып алды. Жиналып қалған көрші-көлем келіншектің ағасына кемпір-шалдың кәрі қойдың жасындай жасы қалғанын, қарияларды жылатпауларын, ақылға келуін өтінді. Кемсеңдеген қарияларды аядыма, әлде көз жасынан қорықтыма, келіншектің ағасы баланы қарындасының қолынан жұлып алып, қарияның қолына ұстатты да машинаға мініп, жүріп кете барды.