Бейкүнә өтірік болмайды...
блог
Өткен аптада облыстық Драма театрда өткен «Калигула» қойылымының премьерасына барған едім. Қабылдауға ауыр десе де, сюжеті аз, философияға құрылған қойылым әсте ұнады. Сол заманның (бәлкім қазіргіге де телуге болар) шындығын жеткізген әсерлі диалогтардан, монологтардан есімде қалғандарымен бөлісуді жөн көрдім.
«Калигула» - қатыгездігімен, ессіздігімен тарихта қалған Рим императоры Ю. Цезарь жайында. Қолында билігі бар адам жаһандағы барша іс-әрекет, оқиғаларға әмірін жүргізе алады деп сенген кез-келген билеуші оңбай қателесетіні бейнеленген. Дүниеде болып жатқан зұлымдықтарды, адамдардың қайғы-қасіретін тоқтата алмасына ол өзінің ғашығы Друзилла өлген соң біржола көз жеткізіп, аз уақытқа сарайдан ғайып болады. Қайта оралған соң қол астындағы адамдарды өзі жапа шеккізуге, аяусыз қыруға бекінеді, өйткені бәрібір олардың бәрі ажалдан, қайғыдан қашып құтыла алмайды. Егер адамдар сенген құдайлардың өздері адамзатты осыншама қасіретке душар етіп қойса, өзін жердегі құдай санайтын император да дәл солай қан жұтқызуға құқылы-мыс.
***
- Мен бар мәселе (императордың жоғалып кетуі) махаббатта деп ойлаймын. Бұл сондай әсерлі.
- Әрі жан жұбатарлықтай сылтау. Махаббат – данышпандарды да, ақымақтарды да аямайтын дерт қой.
***
- Табиғат дұрыс әрекет етеді.
- Бірақ сендерге қарасам бұл оның қолынан үнемі келе бермейтін сияқты...
***
- Егер ол оралмаса, оны алмастыра салармыз. Император болғысы келетіндер жетеді.
- Иә, императорлар жетіп артылады. Ал бірақ, тұлғаны табу қиын...
***
- Әміршім, мен сіз үшін қатты алаңдадым. Қазына мәселелерін шешу үшін сіз өте қажетсіз! Мемлекеттегі ең басты нәрсе - қазына ғой.
- Дұрыстап тыңдап ал, ақымақ. Егер қазынаның титтей де құны бар болса, онда адам өмірінің құны көк тиын! Бұл айқын. Сен сияқты ойлайтындардың барлығы осы тұжырымды қабылдауы әрі олардың өмірі түкке тұрғысыз екендігімен келісуі керек, өйткені олар үшін бар құндылық – ақша. Мен логикаға сүйенуді жөн көрдім, ал менің қолымда билік бар екенін ескерсек, бұл логиканың сендер үшін қанша тұратынын әлі көрсетемін. Егер қажет болса, сенен бастаймын.
***
-Мен әдебиетшілерді жек көрем, олардың жалған сөздеріне төзбеймін. Олар әлемді тым әсірелеп, әсерлеп көрсетеді. Олар өздерін естімеу үшін сөйлей береді. Егер олар өздеріне бір сәт құлақ асса, өздерінің түк білмейтінін ұғар еді де, ешқашан қайтадан ауыз ашпас еді. Кет, есіңде болсын: мен жалған ақпарды жек көрем.
- Егер біз жалған сөйлесек, бұл біздің еркімізден тыс болған дүниелер. Мен кінәсіз болсам да ақталып тұрмын.
- Өтірік ешқашан да бейкүнә болмайды! Ал сендердің өтіріктерің заттар мен адамдарға мән-мағына теліп береді. Мен осыларыңды кешіре алмаймын.
-Сонда да, егер бұл әлемде өмір сүргің келсе, оның, ондағы дүниелердің пайдасына сөйлеу қажет болады.
- Ешқандай күш салудың қажеті жоқ, бәрі түсінікті емес пе?! Бұл өмірде еш мән-мағына жоқ, бәрі жалған. Және осы ақиқатты ұққан адам еркіндікке қол жеткізеді. Мен сендерді жалғандыққа тәуелді болғандарың үшін жек көрем, еркін емессіңдер. Бүкіл Рум империясында жалғыз мен еркінмін. Мен күллі Румға бостандық әкелдім. Бірақ, бостандықтың жолы жымысқы. Ұлы сынақтар бар алда. Алға, Рум, бостандыққа... бостандыққа!
***
- Билік дегеніміз – ұрлау, жеу! Бұдан Жер бетіндегі бірде-бір патша айналып өте алмаған. Мен де жеймін, ұрлаймын, бірақ мен өзгелерге қарағанда ашық түрде көрсетем.
***
- Мен адамның күйзеліске түсуі мүмкін екендігін білдім, бірақ мен күйзелістің не екенін білмеппін. Өзгелер сияқты, мен де бұл жан ауруы деп ойладым. Бірақ олай емес: тәнің азап шегеді. Терің өртеніп, кеудең қысады, аяқ-қолың құрысады. Ең сорақысы – аузымдағы дәм. Қанның да, өлімнің де, безгектің де дәмі емес – барлығы бірге, араласқан дәм. Тілімді сәл қозғасам болды, аузыма сол дәм сезіледі, айналам қап-қара түнек, адамдар жиіркенішті. Жүрегім айнып, құсқым келеді! Адам болу – сондай ащы, ауыр, бұл барып тұрған қатігездік...
***
- Маған мұндай биліктің қажеті не?! Егер мен дүниедегі құбылыстардың орнын алмастыра алмасам, күнді батыстан шығарып, шығысқа батыра алмасам, қайғы-қасіретті азайтып, адамдардың өлімін тоқтата алмасам?!. Жоқ, Цезония, әлемдегі қалыптасқан құбылыстарға ықпал ете алмасаң ұйықтау мен ояу жүрудің еш айырмашылығы жоқ.
- Сенің Құдайлармен теңескің келе ме?! Бұдан асқан ессіздікті көрмеппін...