Бейбіт күнге 75 жыл!

Бейбіт күнге 75 жыл!
жеке
блог

Міне, осымен талай әйелді жесір еткен, талай ұл мен қызды жетім еткен қанды шайқастың аяқталғанына 75 жыл толды. 

 1941 жылдың 22 маусымында басталып, үздіксіз 4 жылға, яғни 1 418 күнге созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. 

Қан майданның қасіреті оның дәмін татқан әрбір жанның жүрегінде мәңгі сақталады. Тіпті сұрапыл соғыстың куәгері болмасақ та, болған оқиғаларды тыңдай отыра біздің де жүрегіміз қан жылайды. Алайда, қазір ол қасіреттің барлығы да өтіп кетті. Енді біз, еркін, егемен елімізді қорғап, бейбіт күнімізді сақтап қалуға тиіспіз.

Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың болып өткеніне 75 жыл толды. Бірақ Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс та ұмытылмастай ізін қалдырды. Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл соғысқа Қазақстан Кеңестер Одағының бір бөлігі ретінде қатысты. Қазақстан соғыс уақытында майдан қажетіне қарай бейімделді. Көптеген әскери дивизиялар мен бригадалар, артиллерия, миномет, авиация полктері және дербес батальондар құрылды. Қазақстан жауынгерлері кеңес-герман майданының шешуші шайқастарына қатысты. Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. 

Бұл мереке – бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбыны, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ. Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста Жеңіске жеткізді. 9 мамыр - бұл мереке ғана емес, бұл ауыр еңбек, бұл халықтың батырлығы. Бiздiң парызымыз - бұл күндi еске сақтау. Ұлы жеңіс күні құтты болсын! 

Тарихымызда қалған бұл сұрапыл соғыстың кеселінен өткен ата-апаларымыз аман болсын! 

Келешек еліміздің дархан даласы кең, аспаны ашық болсын! 

Жұдырықтай жұмылған, білектей біріккен кеңпейіл Қазақ елі жасасын!