Бейбіт күнде әскерден аман қайтпаған сарбаздар қанша?

Бейбіт күнде әскерден аман қайтпаған сарбаздар қанша?
жеке
блог

Кешегі ел басына күн туғанда елін қорғар деп, Отан алдындағы борышын абыроймен орындар деп, жақындары тақымын қысып, анасы зарыға жолына қарайлап жар дегенде жалғызы болсада көзі қиып әскерге жіберген азаматтар бейбіт күнде неге үйіне аман қайтпайды?!
 
Биыл біздің тәуелсіз мемлекет атанғанымызға 30 жылдан асты. Тәуелсіздік алып орда бұзар жасқа жетсекте, ел болып еңсемізді көтерсекте, неге қара халық уайымнан көз ашпайды. Қоғамда елеп, ескеру керек деген дүниелер ақсаңдап, пайдасыз дүниелер белең алуда. Соғыссыз, бейбіт заман да өз ішімізден бүлініп, ел мен жерді жаудан қорғайды деп патриоттылыққа, нағыз ер болуға тәрбиелейтін азаматтар үйіне есінен адасып, бірі сал болып, бірі табытқа оранып қайтуда. Қазір 21-нші ғасыр. Дамыған, демократиялы, халықтың көзі ашық заман. Неге, біз сонау тарихта қалған қаталдықтың есесін жібере алмадық. “Әр қазақ менің жалғызым” дейтін кең көңілді қазақ, қалайша қаны бір қандасын аямай соққылайтын халге жеткен. Талай жылда еңсемізді ешкімге жібермей, “Ұлтшыл”, “Халық жауы” атанып жатса да, елінен безіп, атылса да Қазақ деп өлген талай қыршынның көксеген Тәуелсіздігі осы ма еді?!
 
22 сәуірде Жамбыл облысында әскерге жаңа алынып, Гвардейский елді мекеніндегі госпитальда қызметін өтеуге жіберілген 18 жастағы жауынгер Әлібек Қалбай қаза болды. "Оның денесінің көгерген тұстары көп. Әскери бөлім өкілдері кінәлі адам қамалғанын хабарлады. Бірақ біз мұның рас-өтірігін біле алмай отырмыз. Оны көрсеткен жоқ. Барлық қазақстандықтарды бұған бейжай қарамауға шақырды. Бүгін менің бауырым болса, ертең тағы басқа біреу болуы мүмкін. Бұл өз елінде әскери борышын өтеу үшін барып, қаза болған алғашқы бала емес. Оның ата-анасы мен туыстары қайғыдан қан жұтып жатыр. Кінәлілердің жазаланғанын қалаймыз. Мұнымен тоқтамаймыз" деді Әлібек Қалбайдың әпкесі. Ал, Министрлік мәліметінше, қатардағы жауынгер Қалбай “тамақтан уланып” қаза тапқан. Госпиталь қызметкерлері кінәлі қамалды деген. Кімнің сөзі рас. Қайсына иланамыз. Тіпті қаза болғанын қатардағы сарбаз естірткен. Сарбаздардың жауапкершілігін кімде жүктедік, кімге жүктейміз. Ұлынан айырылған ананың көңілі, көз жасының сұрауы кімге?
 
Тағы бір мысал, әскери борышын өтеуге сап-сау кеткен Қызылорда облысы, Арал ауданының тұрғыны 19 жастағы Ренат Жеткергенов үйіне есінен адасқан күйі оралған. Бірге қызмет еткен досының мәлімдеуінше, “сарбазды әскери шенділер 8 күн бойы қинаған. Оны Ренат та бір сөзінде айтып қалды, дейді. Құлағын тесіп, әйел етіп аламыз деген. Сөзге келіп қалған күннен бастап Ренатты алып кетті, бөлімнің сыртындағы казармаға. Содан бастап Ренатты бір апта көрмедік. Пойызда көрген кезде Ренат басқа жағдайда болды. Баяғы бір жыл қызмет кеткен Ренат жоқ. Басқа түр, танымай қалдық, Ренатты.”
Осы жағдайдан соң оның ата-анасы тиіс орындарға шағым түсірген. 
Ренат қазір ата-анасын танымай, әкесіне қол көтеретін жағдайға жеткен. Соққыдан миынан ауыр зақым алған.
 
Мысал етіп, тілге тиек етер жағдайлар бұл ғана емес. Қиналып, көз жұмған қыршындардың алғашқысы да, соңы да бұл емес. Біз қазақ көз жұмумен талай нәубетті бастан кеше береріміз анық. Баланың болашағы үшін де көз жұматын болсақ, бұндай жағдайлар үйреншікті болып кететіні анық. Талап етейік, талапшыл болайық. Әскер жігітті жігіт ететін, тәрбиелейтін жер. Ұрып, делсал қылып, өлімші күйге түсіретін жер емес. Адам құнын бағалайтын заманда өмір сүреміз. Қазақстан Республикасының Конституциясы 1 бап та “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”, делінген. Заң ба күшіне ене алмаған, заңнан бейхабар адамдар ма, заңға бағынбайтын қоғам ба кінәлі. Неде болса, бұл жағдай біз білетін дүниелердің басы ғана. Біз білмейтін жайттар қаншама. Абайдың “ біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос”,- деген сөзі ойыма қорытынды болсын.

 

 

ҚазҰУ, Журналистика факультеті

2 курс студенті

Абихан Аружан