Беташарым

Қыз баланың тағдыры өте қиын.  Есейіп бой жеткен соң, еркелігі де, балалық қылықтары да қалады. Жат елге, жат жерге барып жаңа отбасының отын түтетуі керек.  Маған да оңай соқпаған еді. Оны өткенде  бір блогымда жазған ем. Әсіресе беташар қыз үшін қиын екен. Үйленген күні беташарым өтті. Жүрегімнің қалай тулап сала бергенін білсеңіздер ғой. Бүкіл балалық өмірім көз алдымнан киноның кадрлеріндей өтіп жатты. Беташардың сөздерін естіген сайын орамалдың астында сора-сорам шығып жыладым. Анашымның аялы алақаны мен әкешімнің ыстық мерейінен ұшып бара жатқан құстаймын. Бауырларымның қадірін, отбасымның қадірін түсінетін кез екен.

 

Қарбаласып туған-туыс бәрі де жүр,

Ақылдасып шай жасап, ет асарын.

Қыстың мына аяды суық күні,

Болып жатыр далада беташарым.

 

Әнші кісі шырқаған домбырамен,

Беташардың жырына құлақ түрдім.

Әр сөзіңе мән беріп, терең бойлап,

Орамалдың астында жылап тұрдым.

 

Тұншығып ерік бердім көз жасыма,

Жылап тұрдым, көңілім ерке еді.

Желтоқсанның ызғарын елеместен,

Өзегім мұңдарымнан өртенеді.

 

Көз жасыммен шығарып еркелікті,

Төгіп тастап балалық қылығымды.

Кеше  қыз, бүгін жар боп өзгеретін,

Әке-ана қолдашы құлыныңды.

 

Ағыл-тегіл жылап ап иілгенде,

Ішке жұтып жасымды төзіп тұрдым,

Дәл осы сәт алыста маматайым,

Қосылып жылап тұр-ау...   сезіп тұрмын.

 

Екі жеңгей сүйеп ап қолдарымнан

Жымың қаға, күлімдеп иіледі..

Ортасында сары ауыз балапан боп,

Жүрегім қимастықтан күйінеді.

 

Ата енем шарқ ұрып, қуанып жүр,

«Бұл біздің ең алғашқы келін»- деді.

Келініннің жылап тұрған бет-бейнесі,

Ақ жаулықтың астынан көрінбеді.

 

Қыз тағдыры- жаттыкі, жат жұрттікі,

Ұшатын жылы ұядан ерте ме кеш.

Сондықтан ата-анаңды қадірле де,

Мейріміне бөленіп, еркелеп өс.

 

Қыздар, барған жерлерің бақтарыңды ашсын. Алла жар болсын.



Бөлісу: