"Бестің шәйін" сағындым
блог
Бүгін алғашқы дәріс күні еді. Жайшылықта оңай деп жүрген түрік тілін мұнда келгенде тым терең білу керек екенін енді ұғынып жатырмын. Оқып жатқан салам түркология болғандықтан, кейін түрлі дәрістер өтеміз. Соның ішінде османлы түрік тілі деген дәріс болады алдағы жылдары. Қазіргі түрік тілін жетік игермесең, османлы түрік тілін меңгеру қиын соғады дейді. Сондықтан түрікшемді жақсарту үшін бір жыл түрік тілінен дайындық оқуға өтініш беріп қойғам. Алла қаласа бір жыл дайындық курсынан соң универді бастаймын.
Кеше тілдік деңгейіңді анықтап, топтарға бөлу үшін емтихан болған. Әлемнің қаншама елінен тілдік деңгейі әртүрлі студенттер жиналды. Соның ішінде Африкадан келген қара нәсілділердің ішінде бір грамм түрікше сөз білмейтіндер өте көп. Бұгін олардан шаршап шыққан мұғалімдер біздің топқа келгенде бір рахаттанып қалатынын айтты. ))
Сабақтан қайтып бара жатып қарным ашып кетті. Жолай кешкі асқа дейін жүрек жалғап алайын деп едім, студенттер асханадан шығып келе жатқанын көрдім. Кешкі астың уақыты сағат үштен кешкі онға дейін екен. Мұнда асханада қалаған тамағыңды таңдап ала аласың. Тек, алған тамағың өздерінің белгілеп қойған бағасынан асып кетпеуі керек. Қазақстанда жүргенде де тегін асханадан тамақ іштік қой. Бірақ тағамтану институтының белгілеп берген ережеден аспайды. Яғни, қуырылған тағамға қарағанда суға қайнаған быламықты көп беруші еді. Мұнда тамақтары ұнады. Сонымен қоса айран, жеміс шырыны, кола, спрайт сияқты сусындар мен қоса тәттінің түр-түрі жемістер, қауын-қарбыздар бар. Бармақ ізін басып ала бересің. Бірақ мұнда келгелі тәттіні әлі жемедім. Шәйсіз қызық емес сияқты. )) Шәйді тек таңғы аста ғана аласың. Оны өзінде ащы қызыл. Ашық болсын деп сұрамасаң. Біздегідей бөлмеде тәттімен шәйді соғып отыру деген жоқ. Жалпы бөлмеде шәй қойып ішуге тыйым салынған. Тамақтанғың келсе, алайда сырттағы асханаға баруға ерінсең жатақхана ішіндегі кантин таңнан түнге дейін жұмыс жасайды. Түрік кофесі де ащы. Оған кейін тоқталамын. Сондықтан нескафе ішемін барлық жерде. Өзіміздің шәйді сағындым. Қыздармен әңгімені жіберіп қойып, сүтті қою шәйді ішетін. Ұшақтан бастап, келгелі бері тек кола ішіп жүргем, кейін айрандарына көшіп алдым. Ұнайды. Біздегі шалап қой кәдімгі. Түріктер тамақпен бірге шәйді ішпейді. Айран не су ішеді. Сондықтан ба мұнда келгелі краннан су ішу деген ұғымды ұмыта бастадым. Су болсын, сусын болсын стаканға құймай 0,5 немесе 0,3 түріндегі құтымен береді. Ішкің келмесе кейін бөлмеңе апарып ішуге қолайлы.
Бөлмеге келген соң, радио қосып наушникті құлағыма салып жатып ұйықтап кетіппін. Қатты шуылдаған дауыстан оянып кеттім. Сағат кешкі 20:15 екен. Не болып жатыр деп терезені ашып қарасам, жүзден аса студенттер қарсылық көрсетіп митинг жасап айқайлап жатыр екен. Солайша әр жатақхана алдына жиналып, қарсылық көрсетіп жатыр. Сөздеріне үңілсем, бүгін кешкі аста бір сусын алсаң, басқа сусын түрінен бермегенін сөз етіп, бір ауыздан хормен айқайлап, ұрандатып жатыр екен. Таң қалдым, мұншама адам қалай жиналып, ұйымдасып шыққан деп. Осыған қарап, бұл елде сөз бостандығы еркін екенін байқадым. Өзім елде универде оқып жүргенде білем ғой, бізде тоталитарлық жүйе еді. Біздің халықтың санасында да үрей бар. «Қой, нем бар. Тыныш жүрейін, ертең оқудан шығып қалармын» деген оймен өзімізді басып, бұғып жүреміз. Бас көтергендерді халық жауы етіп шығарады. Бөлмедегі қыздардан сұрасам, мұндай нәрсе үйреншікті нәрсе екен мұнда. Универдің алаңынан да байқадым. Сабаққа кетіп бара жатып көрем, мұнда студенттер түрлі саяси, әлеуметтік жағдайларға қарсылықтарын білдіріп, плакаттар іліп, әр түрлі шаралар ұйымдастырып тұрады. Кейде ойлап қоям, бұлардың сабағы басқа айналысатын ісі жоқ па екен деп. ))