"Бестікке" лайық бестселлер

Алдыңғы бір жазбада бейсенбі сайын бір кітап оқу — жақсы бір әдеттерімнің бірі екенін айтқанмын. Осы аптада «ережені»  бұздым. 2 рет. 

Суық тигенде таңқурай тосабы қосылған шәй ішіп жата қалатыным бар. Осы жолы жәй жатпай, пайдалы іспен айналысайын деп сенбі, жексенбі   — 2 күнді кітап оқуға арнаймын деп шештім. Ал, бұл дегеніңіз — екі күнде «ереже» бойынша 2 кітап оқылды. Ереже болғанда да, бір кітапты бастап, күнде 50-100 беттен оқып, кейде ұмытып кетіп, аяқтамай қою — менің «стилімде» емес. Бір бастасам, сол күні міндетті түрде аяқтауым керек («Шантарам» сияқты екі үлкен бөлімнен тұратын, «Абай жолы» сияқты том-томдық кітаптарды санамағанда).

Олай болса, төменде соңғы оқылған екі  кітапқа шолуды ұсынамын.

«Гордость и предубеждение» . Джейн Остиннің әйгілі романын оқып, роман желісімен түсірілген фильмді сүйсініп көргендер көп шығар. Алғаш бұл кітапты бірінші курста оқыдым, екінші курста фильмді көріп, міне, қазір, қайта оқып шыққым келді. Тағы, тағы оқуға да дайынмын. Оқиға осыдан үш ғасырдай бұрын, қарапайым ағылшын отбасында өрбиді. Қарапайым болғанда… Бар арманы — қыздарының «сәтті» тұрмыс құруы, ең қалталы, сұлу жігіттердің қыздарымен қосылғанын тілейтін қарапайым отанасы, сәті түссе де, ыңғайсыз жағдайға қалса да, қайтпай, кез-келген жерде, кез-келген кезде бақуатты күйеубаланы (болашақта болуы мүмкін, әрине) іздеуден шаршамайтын әйелінің қылықтарына әбден үйренген 5 қыздың қарапайым әкесі, бір-біріне мүлде ұқсамайтын, бірінің ақылдылығы мен сабырлылығы әкесіне тартса, бірінің бар арманы сәтті күйеуге шығу, бірі басқа әлемде өмір сүретіндей қиялға берілгіш ...қарапайым 5 апалы-сіңілілер.
Өзі қалталы, өзі сымбатты, ақылды, оқыған, тоқыған, оған қоса сұр бойдақ мистер Бинглидің өздеріне жақын аймаққа келгенін, бал ұйымдастырып жатқанын ұзынқұлақтан ести сала әрекетке көшкен кім деп ойлайсыз? Әрине, өз қыздарын өзгелерден бірнеше саты жоғары тұратынына сенетін миссис Беннет, 5 қыздың әйтеуір біреуі сол «арман жігітке» ұнайтынына кәміл сенеді. Үміт үлкен қызына артылған. Үміт ақталып, ерекше сұлу, ақылды, қуанышқа орай анасына тартпаған тұңғыш қыздары мен Бингли арасында сол кеште-ақ сезім пайда болады.
Ал, басты кейіпкерлер — отбасындағы екінші қыз, сымбатты, өзгелерден зерек, ақылды, анасының сөзімен жүре бермейтін Елизабет Гилберт пен «сымбатты бойдақ» мистер Бинглидің жақын досы, тәкаппар, көпті менсіне бермейтін мистер Дарси арасында өрбитін махаббат оқиғасы бір төбе. Негізгі ой — түбінде, махаббат бәрін де жеңеді. Анасының «аристократтар деңгейіне» сай келмейтін қылықтары да, қыздың сіңілілерінің жеңіл ойларымен, түрлі келеңсіздіктерге ұрынуы да, олардың «орта» жағдайы да, екеуіне де тән тәкаппарлық та, ештеңе де олардың сезімдеріне тосқауыл болған жоқ. Кітапты оқып отырып, кейіпкерлерге ұрысып та аласың "Айтсаңшы енді сүйетініңді", «Түуу, тәкаппарларын-ай!» ,«Анасы да бір… қызық» «ААлл, сүйіп ал, енді, өөөйй» — деп, ішімнен әлгі жігітке де, қызға да «дух» беріп отырғандайсың… Ал, анасының қылықтарына, ойларына, қисынсыз әрекеттеріне күлуден басқа шара да жоқ…

Сессиля Ахерн. Қазіргі заманның танымал жазушыларының бірі. Әсіресе, оқырман қыздар көп болуы керек. «P.S. Я люблю тебя» сияқты әйгілі романдарымен танымал автордың қолыма түскен кітабы — бүгін менің «сенімді серігім » болды. 

ТАМ, ГДЕ ЗАКАНЧИВАЕТСЯ РАДУГА. Маған бұл кітапта ең ұнағаны — жазылу стилі басқалардан өзгерек. Кітаптың алғашқы бетінен-ақ парақтай бергің келеді, оқи бергің келеді…

Кішкентай қыз бен баланың осындай хатынан басталатын кітап қағазға түсірілген, электронды хаттар түрінде жазылған. Яғни, кітап бастан -аяқ диалог түрінде жеткізілетін хаттардан тұрады. келісіңізші, бір кітапты осындай стильде жаза отырып, кейіпкерлердің оқиғасын, сезімдерін, айтқысы келетінін оқырманға әдемі, дұрыс етіп жеткізу оңай емес қой?! 

Оқып отырып, бірнеше жәйтқа көз жеткізуге болады.

          Қыз бен жігіт арасында "ұзақ жылдарға созылған, кейін де жалғасатын" достық болуы мүмкін емес!    5 жасынан бастап бір-біріне бәрі жасырмай айтып үйренген, қайда барса да "қол ұстасып", бірге жүретін, «аға, қарындас» болып кеткен, күнде хат жазысып, көмекке келуге дайын, қолдау, қорғаудан аянбайтын ұл ер жетіп, қыз бой жетіп, екі қалаға оқуға түскенде де «дәстүрге» айналып кеткен хаттар жолдана берді.Қыз қиын жағдайға тап болып, жалғызбасты ана болып, қызын тәрбиелегенде де қасынан табылды, жігіт үйлі болып, кейін дәм-тұзы жараспай, ажырасқанда да қыздың қолдау хаттары толастамады, қысқасы ,5 жасар екі балақайдың алғаш жазылған хаттары екеуі 50-ден асып, бірін-бірі сүйетінін, достықтың әлдеқашан махаббатқа ұласқанын мойындағанда ғана тоқтайды.

          Тағы бір жәйт. Виртуалды (пошта арқылы жіберілген хат болсын, мейлі ...) қарым-қатынастың кемшін тұстары . Мәселен, романда жігіттің қызға жіберген хаты, өзінің батылсыздығын жеңіп, көптен айтқысы келіп, айта алмай жүргенінің бәрін жайып салған хаты қызға жетпей, пошта қызметкері қателігінен жоғалады. Бірде, қыз жазған жүрекжарды хат та жігітке жетпейді. Ал, ол өмірлік маңызы бар мәселе болды емес пе?! Екеуінің тағдырына әсер етуі де мүмкін.

Роман автордың өзге романдары сияқты сезімге толы, қазіргі заманның шындығы, проблемалары, бәрі-бәрі шынайы. Оқуға жеңіл, стилі ерекше.ҰНАДЫ!

  Тәкаппарлық. Сенімсіздік. Жасқаншақтық. Сезімнің басты «жаулары». Жігіттің бір кездері өзіне сенімсіз болып, айта алмай, қызға білдіре алмай кеткен, сезімінен сезіктеніп, кеш түсінгенінің себебінен екеуі тым кеш қосылады. Сол қателіктер болмағанда, екеуі сол қоштасу кешінде-ақ қол ұстасып, қосылушы еді, сол кезде қыздың өмірі мүлде басқа арнаға бұрылушы еді

   Қысқасы, жігіттер, батылырақ болыңдаршы…

Міне, соңғы оқыған кітаптардан алған әсер осындай. Келесі екі бейсенбіні «Шантарамға» арнау ойда бар. Әлем әдебиеті, қазақ жазушыларының «ОҚУҒА ТИІСТІ» деп санайтын кітаптарыңыз болса, ұсыныңыздар, мархабат !


Бөлісу: