«Бесқонақ» — байырғы қазақ күнтізбесінің бірден бір жұрнағы. Қазақ күнтізбесі бойынша жыл әрқайсысы тоқсан күндік төрт маусымға бөлініп: көктем – «жылтоқсан» (жыл алмасатын маусым), жаз – «оттоқсан» немесе «жазтоқсан», күз – «күзтоқсан», қыс – «желтоқсан» аталған. Бұл әрбір тоқсан сәйкес түрде төрт табиғат дүлейінің (стихия) «патшалық» мерзімі саналады: «жылтоқсан» - су арнасы «жылға» сөзінің түбірінен, яғни Су маусымы; «оттоқсан» - өсімдіктің барынша өсіп отқа,қуатқа айналатын, малдың қуат жинап отығатын, адамның табиғаттағы барлық дәруменді сіңіріп күшейетін От маусымы; «күзтоқсанда» табиғат күзеліп, барлық өскен нәрсе Топыраққа айналады; «Желтоқсанда» өмірге Ауа қожалық етеді – жел,боран, қардың саф ауасы. Бұл жағдай Алматының солтүстік батысындағы Аңырақай жотасынан табылған Таңбалытастағы Наурыз айы мен мүшелге қатысты тасқа түскен таңба дәл бейнеленген: Тәңір(күндіз) мен Іңір (түн), бұзау – көктем,жайылған баспақ – жаз, мүйізді ірі семіз бұқа – күз, көтерем, өлмелі сиыр – қыстың бейнесі; тойлаған он екі айуан кейіпті мүшел. Жіті қараған адамға мүйізді өгіз (бұқа) Тәңірге қарап тұр, ал ол құшағын айқара ашып қарсы алуға даяр. Бұл - ежелгі құрбандық мәнісін байқатады.Бәлкім, соғымның мәні осы көріністе астарлы жеткізілген болуы керек.
Қазақтар (ортаазиялық есепшілер) 360 күннен тұратын жылдың мерзімін 5 күн (кібісе жылдары 6 күн) қосып жыл соңында күнтізбені дәлдеп отырған.Осы күндерді қазақ «бесқонақ» (М.Исқақов, «Халық календары,1980ж») атайды. Дегенмен, 360+5 күнтізбесі ежелгі жалпыадамзаттық болып табылады: б.з.б. 4-мыңжылдықта Мысырда 360 күннен кейін қосылатын 5 күнді құдайлар атымен Осирис, Гор, Сет, Исида, Нефтид атаған; парсы күнтізбесінде қосалқы 5 күн «фәнджи» немесе «андаргах» - «кетікті толтыратын күндер» аталған. Ежелгі соғда мен Хорезм күнтізбелерінде де қосалқы күндер болған.
Алайда, жұлдызшылар мен есепшілер Наурыз айы келгенде ылғи да пікір таластырған: жылдың алмасуы мен 5 күнді қосу мәселесі күрделі болса керек. Осы жағдай қазақта «Нау болса – дау болады» деген (А.Машанов, «Әл-Фараби», 1970ж) мәтелмен тарихта қалған. Демек, нау - наурыздың басы.
Аталмыш даудың салдары болуы керек, бүгінде «бесқонақ» ұғымына сәйкес 2 мерзім таласып келеді: 1. Үшкүндік 14-16 наурыздағы «Наурыз айтынан» соңғы 17-21 наурыз «бесқонақ» (“Қазақ Энциклопедиясы”, II-том) аталса; 2. Елдің батысында 14-18 сәуір аралығы «бесқонақ» аталады. «Бесқонақ» аталу себебі бұлардың күнтізбеде нақты орны жоқ, бірақ күнтізбе мен Табиғаттағы маңызы зор.
Бесқонаққа қатысты екі сипатты атап айту керек: жылдың 360 күніне қосылатын бескүндік күнтізбелік сипат және циклондық ауа райының бұзылу көрінісі. Бесқонақтың күндерінің нақты қалыптаспауының өзі ғасырлар бойы жұлдызшылардың астрономиялық есепке жүгініп күнтізбені нақтылауының мүмкін еместігінен – жыл сайын ескі жылдың соңы мен жаңа жылдың басын анықтау нақты күнге сәйкес болмағандықтан. Сол себепті күнтізбелік бірнеше нұсқа қатар жүрген болуы әбден мүмкін. Алайда 14 сәуір ескіше сәуір айының басы, айлық «өлара» - айдың тууына дейінгі көрінбей тұратын күндер осылай аталған және бұл күндер ауа райының бұзылуына әсер еткен. Осыған орай бұл күндері аралығында болатын жауын – шашынды күндерді «бесқонақ» атап, халық осы күндері қатты сақтанады. Бесқонақ өтісімен көктемгі шаруашылықтарға дайындалады. Ертеде «осы күндері көктемнің кезі деп қаннен-қаперсіз қыдырып шыққан бес қонақ суыққа ұрынып, үсіп өліпті» деген ел ауызында аңыз бар. Бесқонақтың циклонынан кейін қаратамақ, сарышымшық торғай келеді.
Сәуір айының он бесінен кейін алғашқы найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жер бусанып қоя береді. Халық осы найзағайдың жарқылын «Қыдыр (Қызыр) қамшысы» ойнады» дейді. Бұдан кейін қыс біржолата кетті деп есептеледі. «Сәуір болмай – тәуір болмас» деген де осыған қатысты айтылған.
Сайып келгенде, «бесқонақ» ұғымы қазақтың ежелгі танымының тоғысы ретінде ұлттық күнтізбенің айғағы,жұрнағы.