Бесікке салу

Бесікке салу
жеке
блог

 

Бесікке салу

 

Бесігі жоқ үйде береке болмайды! Сәби қырқынан шығарда ширайды. Баланы бесікке салғанда бауырмал қазаққа елді жиып, батасын алмау бас білмейтін жөнсіздік болып көрінеді. Қарын шашын алып, қол-аяғын керіп, ит көйлегін (кішкене бесік көйлек) кигізіп, бесікке дайындаған сәбиді кез-келген әйел бөлемейді. Бұған да ұрпақты, құрсақты, тақуа бәйбіше лайық. Бесікке дейін бала жөргекте болады. Бәйбіше бөлеп болған соң бесіктің арқалығына тақуа тақсырларға тұмар жаздырып байлайды. Бала бесікте омыраудан шыққанша жатады. Сәби омыраудан бір жарым, екі жылсыз шықпауы керек. Және бір ескеретін жайт баланы дәретсіз емізуге болмайды!! Бала бір күні бесікті қозғай бастайды. Бұл шамада ол бесіктен шығарылады. Бесікті келешек ұрпақ тезірек келсін деп, іші-сыртын сүртіп, буып, түйіп, таза, биік жерге қояды. Кейде баланы қырқынан шығармай шілдехананың артын ала бөлеп жібереді. Мұндай жағдайда бесікке бөлеу шілдеханамен бірге өтеді. Бесікке салған күні бір тақуаны, ишанды шақыртып, ат қояды. Молда: азан шақырып, «Сенің атың пәленше»- деп, бөбектің екі құлағына кезек айғайлайды. Бесікке бөлеген бәйбішеге де, молдаға да кәде беріледі. Кәде ат та, ақша да бола береді. Жаңағы көп балалы бәйбішенің құрметке бөленгенін көрген жас қыздар «бәлем, баланы асырып туып құрметімді, даңқымды бұ кісіден ары асырмасам ба» деп, тез күйеуге шыққанын армандап, дәмеленіп қалады. Жиылған кісілер ілтипатпен сұқбатқа отырады. Үлкендер дін жайынан, тектілік жайынан, бұрынғы өткен әулиелер, батырлар жөнінде сөз қозғайды. Көптеген ұлағатты сөздер осындай жиында сұңғылалардың аузынан шыққан дейді. Бір жиында Маңқыстаудың жырауы Сәттіғұл айтты дейтін мынадай сөз бар:

Алла деп нәпсі тыйғандар,

Бұрынғы шайқы, имамдар.

Жүргізген екен жұртына,

Шариғаттың үкімін,

Ұстаған діннің бүтінін.

Тарихаттың жолынан,

Аудармай көңіл пікірін.

Қоймаған дәйім зікірін,

Дидарына Жардың жолығып,

Құдайдың сүйген құлдары,

Тозақтың көрмей түтінін.

Қазақтың бүкіл салт-дәстүрі жұртқа уағыз айтуға қолайлы. Басқа жұрттың мұндай әдеттері аз және адам біздегідей көп жиналмайды. Қырықтан шыққан соң, қадірлі мұсылман қызы, осындай дәстүрлі жиындар көркем мінезбен туған-туыстың тетелес қыздарын дінге жығуға көп ыңғайлы. Құр жүрмеңіз, құрбыңызға үйрете жүріңіз!