Бесігіңді түзе, АНА

Бесігіңді түзе, АНА
жеке
блог

малышОтбасы мемлекеттің кіші үлгісі. Отағасы, отанасы, ізбасар да бар. Әйтсе де аласыз да, құласыз да емеспіз. Бәрін айт та бірін айт, әкеден ақыл, анадан мейір көре алмай, жетімдер үйінің терезесінен қос жанары жәутеңдеп, шекара асып ділі де, діні де өгей бейтаныс жандардың құшағында кете барғандар аз емес. Жағдайлары да, әттең, мәз емес. Ел асып ұлымыз құл, қызымыз күң болмағанына кім кепіл. Күні кеше ғана БАҚ-тың барлығы американдық ерлі зайыптылар қаракөз қарындасымызға, қарадомалақ бауырымызға қандай зорлық көрсеткендерін бір ауыздан айтып бетімізді ұстатты. Бұл тек екі баланың ғана тағдыры емес, күллі қазақтың басына түскен қайғысы. Жанын арының садағасына беретін бабамыздың асыл жолы нас болды. Ер намысы жер болды, қыз абыройы айрандай төгілді. Соңғы дереккөздерге сүйенсек, айналдырған жиырма жылдың ішінде 10 мыңнан астам [www.almaty.tv] бала шетке вагон-вагон шикізат боп сатылып кетіпті. Бізден бала алғыштардың көш басында АҚШ, одан кейін Бельгия, Ирландия, Испания, Германия, Франция т.б. елдер бар. Ресми емес мәліметтерге құлақ түрсек, бір баладан түсетін пайда 30-35 мың доллар [www.serke.org] дейді, Астана қаласының бағасы бойынша екі балаға арзан деген бір бөлмелі пәтер келеді екен. Нарықтық экономика деп жүріп шыққан пұшпағымыз осы ма! Экономикасы дамыған елдерде әуелі жетімдер үйі жоқ деседі, ал бізде 75 мың [www.almaty.tv] жетім бала ресми тіркелген екен. «Бесігіңді түзе» дейміз, әй бірақ бесікке әу баста сызат түскенін көре алмай келе жатқан көр соқыр емеспіз бе біз осы? «Жетім көрсең жебей жүр» деген. Біз болсақ балаларымызды сыртқа тебеміз. Ата-анасының махаббатына зәру болып өскен баладан толыққанды адам шыға ма?

Ал жетімдер үйіне бала қайдан келеді? Соның жартысынан астамы тірі жетім шығар? Бұл дегеніміз қоғамның азғындағаны, адам санасының тозғаны, рухының азғаны. Құрсағыңда тоғыз ай көтерген бауыр етің, тіліп алған тәніңнің бөлшегіндей. Сап-сау аяғыңды, қолыңды немесе басыңды өз қолыңмен кесіп қоқысқа тастай салшы! Аяқ, әрине, жаны бар, көкірегі бар, соғып тұрған жүрегі бар баламен салыстыруға келмес. Дегенмен де, аяқтан ешкім жайдан-жай айырыла қоймас. Ал баладан...

Бүгінгінің анасы да ана ма? «Ана» деген атқа ие болу үшін сүйегіңді сырқыратып дүниеге сәби әкеле салу емес. «Алып анадан туады», баласының бойына бар асыл қасиеттерді жиып-теріп, жерін қорғар ер, елін көркейтер қыз тәрбиелей алатын дана бола білу әркімнің қолынан келе бермес! Заманның ағымы солай деп, Ұлы аналарымыздан да айырылуға шақпыз.

Отбасының іргесі неке суын ішіп, мәңгі бірге болмаққа ант ішкен күні қаланады. Статистикалық мәліметтер бойынша өткен жылмен салыстырғанда елімізде үйленгендер саны артыпты, алайда дәм-тұзы жараспай ажырасып жатқандардың саны одан да артық. Биылғы жылдың жарты жылдығында үйленгендердің саны өткен жылмен салыстырғанда 2,3 пайызға асса, ал ажырасқандардың саны 7,3 пайызға [bnews.kz] өскен екен. Бұл бір мәселе.

Соңғы деректерге көз салсақ, елімізде отызды артта қалдырып бойдақтықтың қызығын көріп жүргендер 1 миллионнан асып жығылады. Демограф-ғалымдардың пікірінше, бойдақтар солтүстікте көп, ал оңтүстіктің дәстүрді берік ұстайтыны бәріне де аян, сәйкесінше, бойдақтардың да саны аз [www.halyk-gazeti.kz]. Еуропаға еліктеп қартаю үстіндегі елдердің біріне айналып бара жатқанның айқын көрсеткіші емес пе бұл. Мұның себебі де айдан анық «алдымен жағдайымды жасап, қызметімді реттеп алайын, кейін үйленермін», дегенді желеу етеді жастар. Бұл әрине негізсіз емес нарық заманында өз күніңді өзің күйттемесең ешкімге қажетің жоқ, үйдің де бағасы аспандап аяққа тұсау, қолға кісен болып тұр. Үйі бар, жағдайы жақсы жігітке тұрмысқа шығуға қыздар ғана құштар деу әбестік, жігіттеріміз де үйі, көлігі бар қыздардан кетәрі емес сияқты. Шаңырақ көтерген жастардың өз үйі, өлең төсегі, ошақ басының болуы – отбасы беріктігінің басты шарты. Алайда табалдырық тоздырып әр босағаны сағалап жүрген жастар жетіп жатыр.

Қит етсе ажыраса берсек, баламызды тастай берсек, қыздарымыз отыздан асып, ұлдарымыз қырықты аттап бойдақ болып жүре берсе, ертеңгі күні «отбасы, ошақ басы, қара шаңырақ» деген киелі ұғымдардан ада қалмаймыз ба екен. Бүгін бұрынғының дана анасы, көсем әкесі, кешегі жүрегі түкті ер, қылығы тәтті қыз жоқ дейміз, ертең отбасынан да мақұрым болып қалмасымызға қайссың кепіл.

Ел болып етек-жеңімізді жиятын, балаларымызды бауырымызға басып, ұл-қыздарымызға дұрыс тәрбие бере алатын, халқымыздың жағдайын көтеретін еңселі ел болатын уақыт баяғыда-ақ келмеп пе еді?!