Бес күндік өмір
Құлшылықтың кім бағалар құнын дәл?!
Ұғар болсаң, ұғынып көр, тілімді ал.
Әлем халқы қызығатын бағым бар,
Әлем халқы торығатын мұңым бар.
(Айнұр Әбдірәсілқызы)
Жаңбырлы күн. Аспан қабағын әлденеге қапа болған адамдай түйіп, көз жасын тыя алмай жылап жатыр. Бірақ осы мезет жаңбырдың әр тамшысымен Алла барлық тіршілік атаулыға құшағын айқара ашып, нұрын төгіп жатқандай.
Қала өмірі ауылдағы бұрқырап қайнайтын самаурындай қайнап жатыр. Күйбең тірлік. Бәрі асығыс-аптығып жүгіріп жүр. Бір адам құйып тұрған жаңбырдың астында орнынан тапжылмастан, селк етпей жерге тесіліп, қарап отыр. Жаңбырдың астында су болып қалған атасын ойлап, артынан аталап немересі келіп, өз киімін атасына жауып жүр. Жаңбырмен қоса жанары да, еңіреп тұрғандай. Ойы тым жырақта қалқып жүргендей.
Тосыннан естіген хабары, аяғының тырсылын білдірместен аңдып басып келіп, ай-шайсыз бетінен шапалақпен тартып жібергендей есеңгіретіп жіберген.
Түрі бозарып, қолдары тоңып, қып-қызыл болып кеткен. Кетер күні алыс емес екенін айтқан соң, халінің мәз емес екенін түсінгендей. Жанын жегідей жеген сан сұрақ жан жағынан қаумалап: «Аллаға қай бетіңмен барасың?, Өмірдегі міндеттерің мен парызыңды өтей алдың ба?, Аллаh разылығы үшін не істедің?» - деп тыныштық бермеуде.
Бес күндік өмірі көз алдына келіп, шым-шытырық түстей елбең қағады.
Біреуді жылатқаны, ақысын жегені, әлім жеттік жасағаны ойынан бір сәт кеткен емес. Көңілі алай-дүлей. Аллаға қорқыныш-үрейі секунд санап артуда. Оң жақ періштесі: «Әлі кеш емес, ғибадат қыл, сәждеге маңдай тигіз, рабыңнан кешірім сұра, Алла бәрін көруші, білуші, бәрінен мейірімді кешіруші» - деп сыбырлады.
Үрейі басым түсіп, орнынан атып тұрды да, Алланың үйі мешітке қарай бет алды. Сәждеде Алладан кешірім сұрап, маған өзіңе ғибадат қылуға тағы да 5 күн уақыт бер, ақырғы деміме 5 күн болса да ғибадатпен барайын деп қос жанарынан еріксіз жас ағып жатты.
Күн артынан күн туып, 4 күнде зымырай өте шығып, айтулы 5-інші күнде келіп жетті. Жұма намазға баруға ниет етіп, ең әдемі, ең таза киімін киіп, Алла алдына баруға асықты. Жұма намазда сәждеге барғанда, ерекше мейірленіп: «Иә, Құдіреті күшті Алла, бір өзіңе мың да бір шүкір, отбасыма, келешек ұрпаққа имандылығыңды нәсіп ете гөр. Пендеңнің біліп-білмей, көріп-көрмей істеген күнәларын кешіре гөр.» - деп жалына дұға қылды. Іштей Алла мені өзінің барлық тіршілік атаулыға нұрын төккен күні алса екен деп армандады. (Жаңбыр жауғанда, жас балаша қуанып, күнәлары тазарып, жаңбырмен жуылып кететіндей көрінетін.)
Мешіттен шығып, үйіне өзен суындай мамыражай күй кешкен көңілмен келе жатты. Кенет, денсаулығы нашарлап, көзінің алды бұлыңғыр тартып, жерге қисая кетті. Алладан жаршы келді деп, тілін калимаға келтіріп:
«Лә илләһа илла Аллаһ,
Мухаммадур-расулуллаһ!» -
деп айтты да, қос жанары аспанға тамсана, тесіле қараған күйі соңғы сапарға аттанды. Алланың құдіреті - жаңбыр құйып кетті. Аллаға мың да бір шүкір! Алланың мейірімінде шек жоқ!.......
P.S Бес күндік санаулы өмір адамға ой салардай. Үздігіп-қорқып жаңбырдан қорғауға атасына өз киімін жапқан немере, атасының құлағын бұраған сұм ажал, және тәубеге келген атасы.
Жанарларды жабырқатпай, жай мақтап,
Шалқар шабыт, жалынды жыр ойлап тап.
Жай ойнасын, жаңбыр сезім сіркіреп,
Адамдардың адалдығын айғақтап!
Тәңірбергенқызы Ақниет, 2 курс студент, Астана қаласы