БЕРДІҚОЖА МЕН ӘУЕЗХАН. 1-парақ. 1-бет

БЕРДІҚОЖА МЕН ӘУЕЗХАН. 1-парақ. 1-бет
жеке
блог

Мұхтар Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған Тобықтының ішінде 1897 жылы 28 қыркүйекте туған. Арғы атасы Бердіқожа Орта Азиядан ХІХ ғасырда Тобықты еліне көшіп келіп, қожалығын жасап, елдің қадірлі адамына айналған.

Бердіқожа Құнанбайдың замандасы болған. Құныкең бұл кісіні қатты қадірлеп сыйлап, өзінің ақылдас адамы деп білген. Дәлел – «Абай жолының» бірінші кітабындағы оқиға: Құнанбай Бөжеймен араздасып, Бөжей арызбен Қарқаралыға барғанда, артынан көп адамды ертіп Құнанбай да сол жаққа жүреді. Сонда Бердіқожаны ақылшы ретінде Қарқаралыға ертіп барады.

Бердіқожадан бес ұл туады. Үлкен баласы – Үсен. Кейінгілері Бурахан, Әуезхан (Әуез), Кеңесхан, Самархан. Үсеннен Құлжан, Әлихан, Исахан туады. Үсекеңнің өзі атақты палуан болған. Бураханнан Қожабырхан дүниеге келеді. Ол денелі, ұзын бойлы, палуан адам екен. Құнанбай оны өз жанына серік етіп ұстаған. Құныкең алпысқа келгенде Бердіқожаның кенже қызы Нұрғанымды алуына осы Қожабырхан себеп болады. Осы оқиға жөнінде «Абай жолының» екінші кітабында толық жазылған.

Әуезхан Бердіқожаның басқа балаларынан да абыройлы, оқымысты болады, Абайдың замандасы, көзі ашық, көңілі ояу жан еді. Әкесі Бердіқожа қайтыс болғаннан кейін Әуез қожа деген атақ алып, жас кезінде Абай ауылының балаларын оқытқан. Бертін келе өз үйінде отырып өз немере, шөберелері мен қыздарына дәріс берген. Әуез шежіре жазып, кейбір кездерде Абайдың ақылдасатын және оның ақылын тыңдайтын дос-жар кісісі болған.

Аталарымыз Әуездің бірінші әйелі Дінасыл Найман руынан дегенді айтушы еді. Оспанның қызы Дінасылдан Омархан туады. Омархан Әуездің бәйбішесінің жалғыз баласы. Екінші әйелі Сақышты Дінасыл өлгеннен кейін Абайдың айтуымен алған. Сақыштың әке-шешесі Құнанбайдың үлкен үйінің қара шаруасын істеп күн көрген адамдар екен. Сол Сақыштан бес еркек бала, бір қыз туады. Үлкені – Арымбек. Кейінгілері: Қасымбек, Ағзам, Ахмет, Ғазиз. Қыздан – Райхан. Қасымбек Семейдегі медіресені Мұхтардан ертерек оқиды да, бітіргеннен кейін орыс мектебі мұғалімдер семинариясында білім алып жүргенде Мұхтарды ең алдымен медіреседе оқытып, содан кейін бес кластық училищеге түсіруге себепкер болады. Қасымбек 1915 жылы ауырып қайтыс болған.

Қосымша:

Шыңғыстау – Сарыарқаның шығыс бөлігіндегі тау жотасы. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылған. Солтүстік-шығыста Алтайдан Шар өзені аңғарымен бөлінеді, оңтүстік-шығыста Тарбағатайға ұласады. Ең биік жері – Ақшатаудағы Қособа тауы (1305 м). Солтүстік беткейінен Шаған және Ащысу, оңтүстігінен Бақанас, Дағанделі, Құрбақанас, Көксала, т.б. өзендер басталады. Беткейінде бұта (тобылғы, қараған), аңғарларында тал, терек, қайың, шалғын шөп өседі. Арқар, киік, қасқыр, түлкі, борсық, суыр, т.б. мекендейді.

Тобықты – Орта жүз Арғын тайпасының руы. Ол Арғынның екінші әйелі Момыннан туған Ақсопыдан тарайды. Тобықты ұрпақтары XVII ғасырдың соңында Балқаш, Тоқырауын, Қусақ маңын, 5 болыс ел қазіргі Семей облысының жерін мекендеген.

Қарқаралы қаласының атауы қазақ әйелдерінің дәстүрлі бас киімі қарқарамен байланысты. Қарқаралы тауларының алыстан қарағандағы пішіні қарқара бас киіміне ұқсап кетеді екен. Қарқаралы қаласы Қарағанды облысының шығыс бөлігінде, Қарағандыдан 220 км, теңіз деңгейінен 815 м биіктікте жатыр. Іргесі 1824 жылы Ресей империясының әскери бекінісі ретінде қаланған. 1868 жылы уездік қалаға айналды. 1928 жылға дейін Семей облысына қарасты Қарқаралы уезінің, 1928-1930 және 1934-1936 жылдары Қарқаралы округінің орталығы болды. Қарқаралының солтүстігіндегі Қарасор көлінің жағасында 1848 жылдан 1930 жылға дейін Қоянды жәрмеңкесі өтіп тұрды. А.В.Затаевич Қарқаралы өңіріндегі жыраулар аузынан 154 ән жазып алған. Қарқаралы табиғатына тікелей байланысты «Сұлушаш» поэмасын 1928 жылы Сәбит Мұқанов жазған. Шоқан Уәлиханов Қарқаралы округінде 1855 және 1869 жылдары болды. Мал шаруашылығы жөнінде бірсыпыра қызықты материалдар жинады. Оның «Қарқаралының сыртқы округтері болыстарының қысқы көші-қоны» деген еңбегі осы тақырыпқа арналған. Қарқаралыда ашылған оқу орындары Орталық Қазақстан бойынша ең алғашқы білім орталықтары болып табылады.

Қарқара – қазақ әйелдерінің бас киімі. Биік төбелі қарқараның милығына айнала құндыз тұтып, маңдай тұсын жоғарыдан төмен қарай үшкілдеп жыға тігеді де, төбесіне құс қауырсынын қадаған. Бас киімнің атауы да осыдан шыққан. Кейде қауырсынның өзін де «қарқара» деп атайды.

Бөжей Ералыұлы (1812-1853) – Тобықтының Жігітек атасынан шыққан беделді кісі. Кеңгірбай бидің немересі. Ел басқару ісіне ерте араласқан. Әуелі Құнанбайдың қамқорлығында болған. 1846 жылғы жер дауына байланысты арасы ажыраған. Ақырында Құнанбай татуласу үшін Айғыздан туған қызын Бөжейдің бауырына салады және 3 ат, бума-бума мата, 3 қойтұяқ жамбы, бір күң қосып береді. Алайда көп ұзамай берген қызы да, күңі де өліп қалып, дау қайта өршиді. Құнанбайдың үстінен қылмысты іс қозғалады. Бөжей қайтыс болған кезде іс тоқтап қалады. Қаратай Сапақов, Кенжәлі Әйтиевтер бастаған топ дауды қайта қаузап, болысты екіге бөлуді сұрайды. Бөжей балалары – Жабай, Нұрмолдалар әскери губернатор Г.А.Колпаковскийге арызданып, мұраға қалған Тоқпанбет қорығын қайтартып беруді өтінеді. Губернатор жерді мұрагерлерге қайтарып беру туралы Сергиополь округіне хат жазады. 1866 жылы Күшік-Тобықты болысының басқарушысы Құнанбайұлы Құдайберді өліп, орнына Абай болыстыққа сайланады. 20 жыл бойы шешілмей келген дау Абайдың арқасында әділ шешімін табады.

Диқанбаев Мәжит – М.Әуезовтің жиені.
                                                                                                                                                             
                                                                                               «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» кітабынан