Бердібек Құлғараев: Өміріме өкпем жоқ...

Бердібек Құлғараев: Өміріме өкпем жоқ...
жеке
блог

- Бердібек, сұқбатымызды сіздің туған жер, өскен ортаңыздан бастасақ. Жалпы өзіңіз туралы толық айта кетсеңіз.

- Мен 1991 жылы желтоқсан айының 28 жұлдызында Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында өмірге келдім. Ата-анам өте қарапайым жандар. Оларды сипаттауға сөз жеткіліксіз. Өнерге қатысы жоқ. Анам-тігінші, әкем-электрик. Бірақ өнерді өте жоғары бағалайды. Біз үйде алты ағайынбыз. Өзімнен үлкен төрт әпкем және бір інім бар. Мен қазіргі таңда Темірбек Қараұлы Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының эстрада-вокал мамандығы бойынша магистратураны бітіргелі жатырмын. 

- Неше жасыңыздан бастап ән айта бастадыңыз? Алғаш сахнаға қашан шықтыңыз?

- Мен 14 жасымда Ақтау қаласы "Абай" атындағы мәдениет үйіне вокал үйірмесіне жазылдым. Ең алғашқы ұстазым Салихат Есжанқызы. Сол кісінің еңбегі мен сенімінің арқасында 2006 жылы өмірімде бірінші рет сахнаға шығып, қалалық "ВОЯЖ" байқауында бас жүлдені жеңіп алдым. 

- Сіздің "Қазақстан дауысы" жобасына қатысқаныңызды білеміз. Жалпы осы жобаға қалай келдіңіз? Бұл конкурсқа қатысуыңызға кімнің ықпалы зор?

- Мен ол тележобаны үйде достарымызбен теледидар қарап отырғанда ойламаған жерден көріп қалдым. Содан бағымызды сынайық деп барып, аяқ астынан өтіп кеттім. 

- Жобадан кейін өміріңізде қандай өзгерістер орын алды?

- Жалпы "Қазақстан дауысы" жобасынан кейін өмірім жақсы жаққа қарай өзгерді деп айта аламын. Оның алдында да өміріме өкпем жоқ болатын.)))

- Осы жылы "Қазақстан дауысы" жобасында кімге жанкүйер болып жүрсіз? кімді жеңіске лайықты деп ойлайсыз?

- Осы жылы бұл жобаға өзімнің інім Бауыржан Ретбаев қатысып жатыр. Ол өте талантты, дарынды жігіт. Финалға өткеннің бәрі мықтының мықтысы. Бірақ мен жеңіске Бауыржанның жеткенін қалаймын.

- Сіздер Бауыржан екеуіңіз жаңадан құрылған "Батыс" тобының әншісісіздер. Бұл топқа қалай келдіңіз?

- Негізі Бауыржан екеуміздің бұрыннан дуэт болып ән айту ойымызда болған. Сол ойымызды іске асырып, "Батыс" тобын құрған Ұлықпан Жолдасов ағамызға алғысымыз шексіз. Ол кісі өзіміздің жерлесіміз, Маңғыстау облысы, Құрық кентінің тумасы. 

- Сонда Бауыржанды бұрыннан танисыз ба?

- Бауыржан айтып өткендей менің інім, кішкентайымыздан бірге өстік. Бірге байқауларға қатыстық. Бір жағынан руласпыз, ағайындық қатысымыз да бар. Ол Адайдың ішінде Жеменей-Қожамсүгір, мен Жеменей-Қожағұлмын. Қожағұл мен Қожамсүгір ағалы-інілі болған. 

- Бауыржанның финалға өтуіне оның осы топтың әншісі екендігінің әсері тиді деп ойламайсыз ба?

- Тиіп жатырған жағдайда ештеңе етпес деп ойлаймын, ең бастысы халық оның даусына, өнеріне тәнті болғандықтан дауыс беріп, қолдап жатыр. 

- Топ шығармашылығында қандай жақсы жаңалықтар бар?

- Алдағы уақытта Алла қаласа тыңдармандарымызды жаңа жақсы әндермен қуантамыз, бейнебаян түсіру де жоспарда бар. 

- Сіздің жанкүйерлеріңіздің көпшілігі қыздар екені белгілі. Бірақ өзіңіздің жүрегіңізді жаулаған ару бар ма?

- Ия, менің жүрегімді жаулаған ару бар. Есімі құпия болып қалғаны жөн болар. Ақтау қаласынан.

- Бердібек, сұқбатыңызға көп рахмет! Сізге шығармашылық табыс тілеймін. Өнеріңізбен жұртшылықты қуанта беріңіз!)

- Оқасы жоқ. Айтқаныңыз келсін. Сізге де шығармашылық табыс тілеймін!)))

- Рахмет!!! 


 Сұқбаттасқан Инабат Алдияр. 13.02.15ж