Белгісіздік
блог
Мен білмеймін не күлерімді, не жыларымды. Шарқ ұрып іздеудемін жұбаныш болар сыңарымды. Кеше ОЛ жүргізетін бағдарламаға барғанмын. "Ағам" деуден аузым бір шаршамайды-ау, сірә. Мүмкін, осыным да дұрыс болар! Қарбаласып жүрсе де маған уақыт тауып, сахна артынан шығып іздей берді қос жанары қалың жұртшылықтың арасынан. Өзім бардым амандаса. Асыққандығы маған бұрынғыдай қарамады, әлде менің оған деген сезімімді білдіретін былжырақ сөздеріме әлі ренжулі, әлде тіпті олай да емес шығар. "Көп уақытыңызды алмайын",-деп, көрермен жаққа бет алдым, бойымды билеген сезімнің атын таппаған күйі. Көптен күткен бағдарлама да басталды. Қанша әншілер бар өнерін көрсетіп, көрерменін баулағанымен, көген көзімді алаңдатқан, көп күттірген ОЛ болды. Бұрынғының салмақты қызын көре алмадым жиналғандардың ішінен. Бұрымдылардың бар ойы менің "ОЛ"-ымда болғандай....Қылмыңдаған қыз қырқынның бар мақсаты оның көзіне түсу, қалайда ойында қалу болған сыңайлы. Бағдарламаны жақсы ұйымдастырыпты, тек қарнымды аштырғаны әділқазылардың қазақшамызға келгенде шолақ қамшыны есіме түсіргені болды. Бар айтар сөздері: "күшті", "жақсы" т.с.с. Қазақ халқының сөзге келгенде баламалары шексіз әрі бай емес пе? Жарайды, бұл бағдарлама жайында кейінірек толық жазармын, ал бұл күннің басты мәселесі - менің оның жанында болған сәттерде не сезінгенім. Кешегі күннен алған әсерім. Онымен сөйлескен айларды қоспағанда, кездесіп танысқанымызға 3 айға таяса да, бір суретке түсуден ұялатынмын. Ұялу дегеннің астарында қыз қылығының паңдығы жатыр. Бұрынғының адамдары айтушы еді: "ақыр заман белгісі - ағып тұрған су тартылар, қарап тұрған жігітке қыздың өзі асылар",-деп. Кеше осыған куә болдым. Басын қолымен жұлқи өзіне жақындатады шіркіндер, меншігі іспетті құдды. "Мен қарындасыммен түсейін" дегенде не ойларымды да білмей қалдым. Арамызда өзге сезім жоқ дегенін айтқысы келгені ме, жоқ әлде өзгенің жанында ӨЗІМДІКІ қылғаны ма?! Қойнына ақырын кіріп, жымия суретке түстім. Жүрегім бәйге алаңына шыққан тұлпардан кем болмады. Кетерімде бетімнен сүйіп, құшағына қысты. Менің осы бір ғажайып сәттен ұққаным: оның маған қарындасы ретінде қарайтыны. Мүмкін бұл да дұрыс болар! Өмір жолында екі адамның кездесуі тектен-тек емес деуші еді. Мен өз ойыммен арпалысып жүргенде, айналамда не болып жатқанына қарай алмаудамын. ОЛ мен Арайлымның бар шертілер сырының шегі аға мен қарындас деп шертілер, бәлкім. Аға мен қарындас деп нүкте қойылар деген ойдамын. Бір керемет күш келіп, нүктеден соң үтірді қоймаса......