Белгісіз сезім
Еркеназ
Оны сүйе ме?, жоқ әлде қызға деген жай ғана ынтық сезімі ме?, мұны Нұрдың өзі де түсінбейді. Түсінуге аса талпынбайды да. Себебі, бір ұжымда қатар қызмет еткеннен кейін Еркеназды күнде көреді. Еркеназ үнемі қасында жүретіндей, ешқашан алыстап кетпейтіндей сезіледі. Еркеназ жұмысқа келгенде оның көңілі жайланып, іштей қуанып, тіпті жұмысқа деген құлшынысы арта түседі. Екеуі күнімен әзілдесіп, түскі асқа да, жұмыс тапсырмаларына да бірге барады. Қатар жүргенде бақытты жандардай екеуінің жүздеріне күлкі толып, көңілдері шаттана түседі. Кейде жұмыстан кейін Алматының шамдары жарқыраған тыныш көшелерімен біраз серуендеп, еркін әңгіме құрып, түн жарымында үйлеріне қайтады. Осындай сезімге толы сәттерде қанша жүрсе де Нұр қызға ешқашан ынтық сезімін білдірген емес. Еркеназ да іштегі ойын айтып қойса, әдемі ойды біреу алып қашатындай үндемей жүре береді.
Кейде Нұр «Осы Еркеназдың қай жері маған ұнайды?» деп іштей өз-өзіне сұрақ қояды да, оған сезім, ой түкпірінен жауап іздейді. Сондай кездерде саусақтарын біртіндеп алақанына бүгіп, Еркеназдың өзіне ұнайтын қасиеттерін санамалай бастайды. Әрине, Нұр өзінің жан сезімін толық түсінбегендіктен осындай сұрақтар қояды. Әйтпесе, «махаббат тілі - тілсіз тіл» деп, көзді тарс жұмып, сезімге ғана ерік беретін еді ғой. Ойлап тұрса ең алдымен оған Еркеназдың баладай пәк көңілі ұнайды екен. Әрқашан ашық-жарқын, күліп жүретін Еркеназ ешкімге зіл сақтамайды. Біреу, қылжақтап сұрақ қойса да оған шын көңілмен жауап береді. Ашуланған сәттерде «Еркеназ осы сен қандай әдемісің?» десең баладай қуанып, қайта күліп, сөйлеп кетеді. Ұжымдағы кейбір әріптестері Еркеназдың бұл қылығын ақылы әлі толмаған қыздың мінезіне ұқсатқысы келеді. Ол туралы неше түрлі сыпсың сөздерді жіберетіндері де бар. Ал Нұр, баладай аппақ көңіл - Алланың сүйікті пенделерінде ғана болады деп есептейді. Себебі, ондай адамдар өтірік айтуды білмейді, ешқашан арам ой ойламайды, айтқан сөзге сенгіш келеді. Еркеназдың осы қылықтарына қарай кейде Нұр оны іштей аяп та кетеді. Оған біреу Еркеназдың ақ көңіл, адал ниетіне кір жұқтырып алатындай көрінеді. Сондықтан Нұр оған қорғаныш болып жақын жүргісі келеді, оны жат ойлардан арашалап алғысы келеді.
***
Ертең ұжыммен тауға барып демаламыз деген күні Нұр түнімен дөңбекшіп көз ілмеді. Іштей тағы Еркеназды ойлады. Ертеңгі болатын күн ол үшін өміріндегі ең қызық сәттей елестеді. Ертең бұл Еркеназды қолынан ұстап таудың шыңына алып шығады, белінен құшақтап суретке түседі, таудың басында тұрып: «Еркеназ, айналаға қарашы, неткен әдемі көрініс. Қалада жүріп табиғаттың мына көркем келбетін байқай алмаймыз-ау. Мына көрікті, кең дала сенің көңілің сияқты тап-таза, табиғи қалыпта тұр ғой», - деп оған неше түрлі әдемі сөздер айтады. Еркеназ да оған қарап: «Екеуіміз сияқты деп айтсаңшы» деп баладай қуанып, күледі.
***
Тауға жоспарға кірмеген басқа ұжым қызметкерлері де шығатын болыпты. Автобуста орындық жетіспегендіктен Еркеназ Нұрдың алдына отырды. Жол бойы бұл екеуіне әріптестері неше түрлі жеңіл әзілдер айтты. «Екеуіңнің тойларың қашан болады?»-деді. «Еркеназға қол жеткізген Нұрдың арманы жоқ шығар», - деді. Әріптестерінің мұндай сөздеріне Нұр күліп қарағанымен, Еркеназ назданып қалды. Автобустан түскеннен кейін ол «Олар бізге тиісіп жатты, ал сен еш жауап қатпадың» деп Нұрға назын айтты. Нұр тағы оның баладай көңіліне, кәдімгідей ренжіп қалғанына күліп, «Наз, олар жай қалжыңдап жатыр ғой» - деді.
Шіркін, Көлсайдың көркіне қарап көзің тоймайды. Әлдебіреу биік таулардың арасын үңгіп, сол жерге әлемнің ең таза суын қолмен құйып қойғандай көрінеді. Суы қандай мөп-мөлдір десеңізші, түбіндегі тастарға дейін ап-анық көрініп жатыр. Суға қарап тұрып Нұр: «Мына көл де Еркеназ сияқты мөп-мөлдір, тап-таза екен» деп ойлады. Көлсайдың суына шомылуға болмайды, бұл жерде мылтық атып, не бір шу шығаруға да қатал тиым салынған. Себебі, шу демалушылардың мазасын алып, табиғаттың тынышын кетіреді. Мұндай жер, әсіресе, ғашық жандар үшін таптырмайтын мекен. Тыныштық жан рахатыңды кіргізіп, небір әдемі ойлар мен қиялдарға жетелейді.
– Ерке, осы көлдің жағасынан үй салсам, сен менімен бірге тұрар ма едің? –деді Нұр Еркеназдың белінен жайлап құшақтап, өзіне тартып.
– Ия, тұрамын, – деді Еркеназ көңілденіп.
– Екеуміз мына көлдің жағасына күнде келіп, табиғаттың аясында серуендейтін едік.
– Нұр, сен өте ақкөңіл жігітсің. Маған сенімен бірге болу әрқашан қызық. Мені сен сияқты шын түсінетін адам жоқ шығар.
Қайтар жолда Еркеназ Нұрдың жанына отырды. Бірақ, осы жолы екеуіне ешкім әзіл сөз айтпады. Олардың ғашық жандардай бірге жүргеніне басқалар іштей сүйсініп, қызығып қана отырды.
***
Көлсайдан шыққан автобус Алматыға түн жамылып жетті. Демалушылар бір-бірімен қоштасып, үйлеріне тарап кеткеннен кейін, Нұр Еркеназды үйіне шығарып салмақ болып, екеуі оңаша қалды.
– Бұл күн мен үшін ерекше болды, Ерке, - деді Нұр түн тыныштығын бұзып алатын адамдай ақырын ғана.
– Мен үшін де.
– Саған бұл күн шынымен ұнады ма?
– Ия.
Сәл үнсіздіктен кейін Еркеназ:
– Нұр, мен саған көптен бері бір нәрсе айқым келіп жүр еді, - деді.
– Ия, айта ғой.
– Нұр, кейде мен сенімен жақын жүруге ыңғайсызданамын. Жұрт сыртымыздан әңгіме қылатындай көрінеді, - деді Еркеназ төмен қарап.
– Олай демеші, Ерке. Сөз ететіндей екеуміз, жаман нәрсе жасап жүрген жоқпыз ғой. Бірге жүрген саған да, маған да ұнайды емес пе?
– Жоқ. Түсінші, Нұр. Күннен күнге арамыз жақындап барады. Мен содан қорқамын.
Қанша бірге жүрсе де Нұр Еркеназдың ернінен бір сүймепті. Бұл жолы екеуі ұзақ сүйісті. Нұрдың жүрегі толқып, бойын әлдебір ынтық сезім одан бетер билеп алды. Бірақ, қандай сезім екенін әлі де түсінбейді.
***
Арада сезімге толы біраз күн өтті. Бір күні Еркеназ жұмысқа келмей қалды. Оған Нұр қатты алаңдап, үй телефонына да, қалта телефонына да қайта-қайта қоңырау шалды. Жауап болмады. Жұмыстағылар да Еркеназдың қайда жүргенінен хабарсыз болып шықты. Ақыры жұмыстан кейін үйіне келгенде Еркеназдың өзі оған хабарласты.
– Ерке, сен бе? Қатты уайымдадым ғой, жұмысқа неге келмедің?
–Жай, шаруаларым болып...
–Мені сағынбадың ба? – деді Нұр қалжыңдап.
–Нұр, мен саған бір нарсе айтайын деп едім, бірақ неден бастарымыды білмей тұрмын...
–Айтсаңшы, тағатымды тауыспай.
–Нұр, мен күйеуге шығатын болдым.
Нұрдың қолындағы телефон тұтқасы жайлап төмен сырғи берді. Тұтқаның арғы жағындағы сөйлеп тұрған дауысты да естімеді. Жүрегі алабұртып, көзіне жас үйірілді. Ол енді ғана жүректегі өз сезімін түсінгендей болды. «Мен сені сүйемін» деп айтқысы келді. Бірақ, әлдебір күш тұтқаны төмен қарай баса берді. Бұл кезде бәрі кеш еді...
Авторы: Нұрмұхаммед Мамырбеков