БЕЛА ГУТТМАННЫҢ ҚАРҒЫСЫ

Бела Гуттманн дегеніміз — аустро-мажар футболшысы, футбол жаттықтырушысы. 1981 жылы 81 жасында қайтыс болып, Венаға жерленді. Ол футболшылықпен емес, бапкерлікпен көбірек табысқа жетті, әсіресе 1961, 1962 жылдары ол баптаған португалиялық «Бенфика» екі рет УЕФА Чемпиондар Кубогын ұтып алды. 1962 жылы финалда Мадридтің «Реалын» 5:3 есебімен жеңіп, қатарынан екінші рет Еуропада топ жарады. Осы финалдан соң бапкер Гуттманн клуб басшылығына арнайы жолығып, жалақысын көтеуруді сұрайды. Бірақ клуб басшылығы артық шығын шығарғысы келмей, оның талабын орындамайды. Онсыз да Гуттманның айлығы аз емес-ті, оның үстіне Еурокубоктардан алатын бонусы және бар. Ақыр соңы ашуланған бапкер қызметті бұдан әрі атқармайтынын айтып, кабинеттен жұлқынып шығып кетеді. Құр кетпейді,
— «Бенфика» менсіз 100 жыл бойы еурокубоктердің біреуін де ұтып ала алмасын! — деп қарғап кетеді.

Ә дегенде оның бұл «қарғысына» ешкім мән бермейді. Бірақ келесі жылы-ақ клуб Чемпиондар кубогының финалында «Миланнан» 1:2 есебімен ұтылып қалады. Арада және екі жыл өткен соң финалда тағы бір миландық клуб — «Интерден» жеңіледі (0:1).
1965-66 жылғы маусымда клубқа қайта келген Гуттманн «Бенфиканы» бір жыл ғана басқарып, қайтадан басқа клубқа ауысып кетеді. 1968 жылы «Бенфика» тағы да Чемпиондар Кубогының финалына шығып, бұл жолы «Манчестер Юнайтедке» төтеп бере алмайды — 1:4.

Команда кейін де 1983 жылы УЕФА кубогының, 1988 жылы Чемпиондар Кубогының финалында жеңіліске ұшырайды. 1990 жылы команда тағы да финалға шығады. Бұл жолғы финал Венада «Миланға» қарсы өтеді. Команданың бапкері Эйсебио ойыннан алдын Венаға жерленген баяғы қарғысшыл Гутманның қабіріне барып, кешірім сұрайды. Алайда, онысы көмектеспейді: «Бенфика» тағы да ұтылады.

Одан бері де көп жыл өтеді. «Бенфика» 2013 жылы Еуропа Лигасының финалына шығып, «Челсимен» кездеседі. Финалдан алдын Эйсебио тағы да Венаға аттанып, Гуттманның әруағынан кешірім сұрайды. Алайда, қарғыстың күші әлі жойылмаған болса керек, команда қанша тырысса да «Челсиді» ұта алмайды. Есесіне, ойынның ең соңғы секундында «Челси» қорғаушысы Бранислав Иванович бұлардың қақпасына жеңіс добын соғып кетеді.

Келесі жылы да «Бенфика» финалға шығып, «Севильямен» ойнады. Португалдар Бела Гуттманнды құрметпен еске алып, «Да Луж» стадионына оның ескерткішін тұрғызады. Ал, ойын өте тартысты өтіп, пенальтилер сериясына дейін жалғасады. Лиссабондық клубтың тағы да жолы болмайды: Кардосо мен Родриго қателесіп, «Бенфика» ұтылып қалады.
Осылайша, 1962 жылдан бері барлығы сегіз рет финалда сүрініпті.

Бұл аздай, «Бенфиканың» жастар командасы да 2014, 2017 жылдары екі рет УЕФА Жасөспірімдер Лигасының финалында сәтсіздікке ұшырайды.

Дәл қазіргі уақытта бұл жөнінде «Бенфика» жанкүйерлері екіге бөлінген, бірі реалистер: қарғысқа сенбейді, сәтсіздіктің бәріне футболшылардың өздері кінәлі, соңына дейін айқасуға күш-жігерлері жетпейді деп есептейді, екіншілері расымен де Гутманның ақша үшін айта салған атам заманғы сөзіне имандай сенеді, олардың ойынша, клуб 2062 жылға дейін Еуропада топ жара алмайды.



Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ



Бөлісу: