Бекболат Тілеухан "Мен Назарбаевты батыр деймін"

Игі іс-шаралар, кездесу-кештер өткенде «мына адаммен кездесу болды, осындай тақырыптар аясында өрбіді» деген жалпы ақпарат беріледі. Ал айтылған әңгімелер арасында жастарға пайдалы, ой түркті болатын дүниелер қозғалады. ЕҰУ-де, "Тұлғатану" жобасы аясында Бекболат Тілеуханның студенттермен кездесу кеші өтті. Екі жарым сағатқа созылған кеште тартымды, танымды сұхбат, өзекті мәселелер, жастарға кеңестер айтылды. Соның арасындағы ең құнарлы, майлы жерлерін түртіп алып сіздермен де бөліссем деймін.

Үлкен аудитория толық жиналды. Елорданың басқа да оқу ордаларынан студенттер келді. Орын жетпегендер тұрып тұр. Барлығы тұлғамен кездесуді тағатсыздана күтуде. Бекболат Тілеухан шыққан сәтте дүйім жұрт орындарынан тұрып ұзақ қол шапалақтап қарсы алды. Жастардың қалың қарасын көргенде Бекболат аға біршама таңданып, «осынша көп адам болады деп, күткен жоқпын», деді. «Шынайы болайық, мен сіздермен саясат ойнағым келмейді. Барынша шынайы болуға тырысамын», деп бастады сөзін. Зал күңіренте ұзақ қол соқты.

Жүргізушілер бірінші сұрақтарын қойды

 

- Бала Бекболат қандай болды?

 

- «Әке тәрбиесін көріп өстім.  «Қызыл шәй мен насыбайға жолама. Тәуелді болып қаласың. Қара су ішіп жүре беретін жағдайда болу керек жігіт деген», деп әке тәрбиесі мен өсиетімен бөлісті. Балалық шағы жайлы баяндады.

 

- Қандай тұлғаға қарап өстіңіз, кімнен үлгі алдыңыз?

 

-«Жәнібек Кәлменовтың шешендігіне, Ақселеу Сейдімбектің сөйлегеніне, Қайрат Байбосыновтың әншілігіне еліктедім. Жәнібек Кәлменовтың «с»-ны «ш» қылып айтатынына дейін көшірдім. Жаздың ортасында шашын тақырлап алдырып тастап, топы киіп жүретін. Білесіздер ма, оның ар жағында Кеңестік режимге деген қарсылық жататын. Қарсылығын үйінде шапан киіп отыруымен, етті өз қолымен турауымен білдіретін. Бір қызығы студент кезімде өзімнен он жас үлкен адамдармен жүрдім. Енді елуге тақап қалған кезімде 87- 88-інші жылғы балалармен доспын. Нақты идеал адам болу мүмкін емес. Әр салада әр адамға еліктеп өстім. Жалпы жастайымнан өнерге жақын болсам да,  әкем «Әртіс боп, жын ұрып па?! Политехническийға түс» деді. Ескінің адамы ғой «дұрыс бір мамандық болу керек, кейін өлеңін айта жатар» деген соң техникалық оқуға түстім», деп студенттік кезі туралы да әңгімеледі.

  «Диқанның бір кезі болады. Қыстың ұзақ суығынан кейін, көктем шыққан кезде, май айында күнге қыздырынып рахаттанып қыдырғысы келеді. Сол уақытта  диқандар бала-шағасының қамын ойлап жерге жабысады. Бар болғаны 10-ақ күн. Сол 10 күнді пайдаланып, егініңді егіп қойсаң кейін несібеңді жинап аласың. Жастық кезіңде дәл сол сияқты. Қазір барынша білім алып, ізденуге тырысыңдар. Бұның  бәрі өтіп кетеді, кейін қабылдай алмай қаласыңдар. Осы кезде оқып қалу керек, осы кезде біліп қалу керек. Жадыларың ең мықты кез осы. Саясаттың қажеті жоқ. Сендерді қазір алдай салады. Профессионал болмасаң ертең ешкімге керегің жоқ. Өмір қатал. Маман болсаң елдің бәрі сенің соныңнан жүгіреді. Менің миыма сымайтын бір дүние бар. «Маған жұмыс жоқ», деп отыру. Білікті маманға әрдайым жұмыс бар. Ал кімге жоқ десеңіз, ол ісіне орашолақ адамға. Ал орашолақ кім? Нағыз әсершіл кезінде білім алмаған адам. Артық дүниелерді тастай тұру керек, жігіттер, қыздар. «Таныс» деген өтірік сөз. Сіңіріп тұрып алдыға қарай жүгіру керек. Әрбір қазақ осылай істейтін болса,  ұлттың сапасы көтерілді. «Анау істейді, мынау істейді» демей, «Алаштың күні маған қарап қалды. Мен істемесем, кім істейді?», дегенді көкейге сіңіру керек. Өздеріңнің келешектерің, Отаныңның болашағы үшін мойындарыңда үлкен жауапкершілік бар» - деп қадап айтты.

«Бәріміз күлкі, арзан дүние қуып кеттік. Арманы асқақ адамдарға жақын жүріңдер. Болам деген бала жақсы адамға үйір, солардың ақыл сөздерін тыңдауға бейім болады» деп кеңес берді.

- АҚШ ғалымдары ғаламтор арқылы жүргізген сауалнама нәтижесінде қазақтар «ғаламшардағы ең әдемі ұлт» деп танылды. Осыған байланысты не айтасыз?

 

- Өтірік айтады, нанбаңдар! Әр халық өзінше әдемі. Неміс деген мықты халық. Неміс - ол Фейербах, ол Гегель, ол Бетховен. Ол - «Мерседесті» ойлап тапқан халық. Европаның барлық техникасының дамуының басында тұрған халық. Сол неміске «Сенен асқан ешкім жоқ» деді. Неміс байғұс сеніп қалды. Ең соңында ол мақтаныш агрессияны оятты. Аяғы фашизмге ұласты. Шайтанда солай. Кез-келген жаманшылықтың түбінде жататын нәрсе- тәкаппарлық. «Мен сенен артықпын» деген дүниеден жаман нәрсе жоқ. Ешкім ешкімнен артық та, кем де емес. Қазақта тост кезегінде дау болатынында, осы «мен анадан артық едім» деген жатыр. Бір дүниені айтайын, бір жарым миллиард қытайдан шықпаған Олимпиада чемпиондары қазақтан шығады. Серік Қонақпаев болып, Жақсылық Үшкемпіров болып, Ермахан болып, Бахтияр болып. Миллиардтан асып кететін Индияда шықпаған боксшылар бізден шығады. Бұл ұлы потенциал. ІІ-ші дүниежүзілік соғыста Москваны қорғаған кім? Бауыржан Момышұлы дейтін қазақ. Рейхстагқа ең алғаш болып ту тіккен кім? Рақымжан Қошқарбаев. Бұл жерде сенің бүкіл жауынгерлік қабілетің көрініп тұр. Украинаның бір командиры разведкаға шығу үшін «Маған алты қазақ берші, басқа ешкімнің керегі жоқ» депті. «Оның бойы кішкентай ғой» десе, «олар өте төзімді, екіншіден сөзінде тұрады» деген екен.  Бұл сендердің қандарыңда бар дүние. Айтайын дегенім, мақтанып кету емес. Білімге, ілімге тіреліп қалған заманда дамуға талпыну керек. Билік жақта болдық қой, шет жағасын білеміз. Қаражат көп бөлінеді, бірақ соны атқаратын мамандар жоқ. Сондықтан «птичка» үшін атқарады да, ақшасын ала салады. Сапа жоқ. Маман жоқ. Мықты маман болсаңдар қасқалдақтың қанындай боласыңдар. Дайындалып барсаңдар, ертең сол ақшаны сендер аласыңдар, байисыңдар. (Күледі)

 

- Сіз бір сұхбатыңызда «Қазіргі жастар, біздің кездегі жастармен салыстырғанда әлсіз» депсіз. Ол интеллектуалды  жағынан ба, әлде рухани жағынан ба?

 

- Интеллектуалды жағынан деп айтуға болмайды. Сауаттылығы жағынан.  Эрудиция жағынан келетін болсақ, жоқ олай емес. Білмейтіні бит астында жататын балалар бар.  Рухани жағынан келетін болсақ, көбісі иманшылықта.

 

- Шымкент қаласындағы профессор Аюбай Құралұлының  «Тұлғатану» жобасы жайлы пікіріңізді айтсаңыз?

 

- Үлгі тұтатын адамдар болады. Саясатта Жұмабек Тәшенов. Тәшеновты Хрущев өсірген. Оның ар жағындағы ой-мінезін,  танымдылығын көріп, бұның аузымен тың өлкесін Ресей Федерациясы деп жариялау дегенді Тәшенов арқылы істеу. Қазақ жерінің біразын «Целиноград» деп тың игеруге бер дейді. Ол «жоқ» демейді. «Көреміз» деген сияқты қоя тұрады, жасырын жұмыс істейді. Адамдарды дайындап, ақырында қол қойдырмай қарсы шығады. Егер осылай алдамаған жағдайда, басқа май шелпектер отырған жағдайда қазақтың жерін алып қояр ма еді? Өзінің мансабын қазақ ұлтының болашағы үшін құрбан еткен тұлға деп айтуға болады. Сол сияқты Ахмет Байтұрсыновты айтуға болады. Бірақ бәріне «тұлға» деген атты жабыстыра беру орынсыз. Тұлға деген «тұлға» деген атқа лайық болу керек. Қазір танымал болған адамның бәрін тұлғаға теңей беру дұрыс емес. Адамның өзі нанып, мастанып қалады. Баяғада Бақира дейтін апай мені мақтап отырғанда Нұрғиса Тілендиев ұрысқан. Мен таң қалғам. Сөйтсем маған жаны ашығаны екен ғой. Құртқың келсе мақтай бер. «Мақтағанның бетіне топырақ шаш» деп бекер айтпаған. Шамадан тыс мақтау да жаман іс. Қазір Фейсбукке кіріп біреу бірдеңе айта бастайды. Оның астына «дұрыс айтасың» дейді. Жанағы жерде ол көсем болып қалады. Осы жерде популизм деген бар. Ол ұлтты жоғары деңгейіне жеткізбейді. Өзіңе тиіселі азаматтық позицияны ұстан. Бүгін мақтап тұрған халық, ертең жамандай салады. 

 Ермек Тұрсынов, Жанна Исабаева дегендерді сынып жатам. Жеке бастарына қатып қалған ештеңем жоқ. Бірақ оның ар жағындағы түйсік «масқараламаса екен». Ұлттық тұрғыда жаман нәрсе. Кез-келген қазақтың қызы қазақ жігітіне қарындас. Сен оны танысаң да, танымасаң да сыртқа шыққанда «анау сенің қарындасың» деп айтады ғой. Сол сияқты оған келетін кір, саған келетін кір. Сондықтан да мемлекеттік тұрғыдан ойлайтын дүниеге өлшем керек. Танымал дейтін адам бар, тұлға дейтін адам бар. Тұлға дейтін адам ол елге, жұртқа жаны ашыған, жан-жағына нұрын шашқан, елге пайдасы тиген адам. Екеуі екі бөлек дүние.

 

- Өткен жолы студенттермен эксперимент өткіздіңіз. Бір кісіні мақтадыңыз, студенттер келісіп «мықты адам» деді. Екінші бір кісіні жамандадыңыз, студенттер сізді қостады. Бұдан шығатын қорытынды, қазіргі таңда біздің жастар біреудің танылған идеясы, біреудің берген жүйесімен жүре ме? Жастардың өзіндік позициясы жайлы не ойлайсыз?

 

- Осы экпериментке өзімнің өкпем жатыр. Совет Үкіметі кезінде Киевте өткен «Я и другие» деген эксперименттің қазақшасы ғой. Келісіп алған тоғыз адам қара түсті ақ түсті, деп айтады. Оны естіген оныншы адам өзіне сенбей қараны ақ дейді. «Қара ғой?» десе,  «иә қара» дейді. «Неге ақ дейсің?» дегенге, «бәрі солай айтты ғой» деп жауап береді. «Көп айтса көнді, Жұрт айтса болды, Әдеті жаман наданның». Сол сияқты жамандай салады адамды. Жамандығын көргеннен емес,  елдің бәрі жамандап жатыр ғой, мен жамандамасам бәлеге қаламын ғой деп қосыла салады. Сәкен Сейфуллинді - жапониялық шпион. Ахмет Байтұрсыновты ағылшындық шпион дегендей, «Бекболат Тілеуханов террорист қой» десе, «иә, террорист» дей салады. Сақал бәрінде де бар. Шәкәрімде, Марченкода, Көпен Әмірбекте де бар. Біреуге баға берерде көзіңді ашып қарау керек. Топқа ерген, тобырға ерген өзіндік ойы, позициясы жоқ адамдар болады.

 «Ақсақал айтты, бай айтты, Кім болса, мейлі, сол айтты. Ақылменен жеңсеңіз. Надандарға бой берме, Шын сөзбенен өлсеңіз. Аят, хадис емес қой, Күпір болдың демес қой,Қанша қарсы келсеңіз.» Жастарға осы керек. Ел алдында қоса жамандаспасам, басым бәлеген қалады ғой дегеннен арылу тиіс. Жамандамас бұрын, мақтамас бұрын қарап алыңдар.

Бір жерге барғанда бір суретке елдер таңданып қарап тұр екен. «Мына суретті талдап берейін бе?» дедім. Қазақша айтқанда «аузыма келгенді оттадым». Экскурсовод «какой у вас багаж. Қаншама білесіз» дейді. Ештеңені біліп тұрғаным жоқ, оттап тұрмын. Бұл елдің миын ашытқан «наукообразный» алабажақ. 32 мың долларға ақымақ дүниелерді сырттын Европадан алып келді. Қазір Қазақстанға рухани диверсия, әдейі жасалып жатқан саясат. «Келін», «Шал». Өтірік мақтап жатыр. Әр жағында қазақтың төбесінен боқ құю деген мәселелер жатыр. Шын кино ол қазақтың тарихын көрсететін дүниелер.  Абстракцияның ар жағында  еркін ойлау дейді. Қайдағы еркін ойлау, ұлтыңды масқаралап жатса. Әдейі істеліп жатқан нәрселерге жастар көнбеу керек. Әлеуметтік желілер де осындайларға бейімдейді. Мен сияқты қарсы шығатындар, соладың жауы. Соларға еріп жмандау арқылы өзіңнің лояльносын паш етеді. «Мен де ұлтымды сатуға дайынмын» деген позицияны ұстандырады. Жағынудың үш түрі болады. Байға жағыну, ақша берсін деп. Бастыққы жағыну, жұмыс тауып берсін деп. Ең қорқыныштысы көпке жағыну. Көптің ойына жағыну.

 

Жүргізіп отырған жігіттердің сұрақтары тәмам болып, еркін микрофонға кезек берілді.

Кезекке тізілген студенттер көкейндегі сұрақтарын қоюға көшті.

 

Алғашқы сұрақ

- Сарыағашта болып жатқан оқиға туралы не айтасыз?  Қазақстанда тәжік ұлтының мәртебесі бұрынғыдай бола ала ма?

 

- Бақытжанның қан жоса болып жатқан суретін көргенде эмоцияға берілмеу қиын. Бір адамның істегені үшін, бүкіл ұлтты кінәлауға болмайды. Жарас деген жігіт шығып, «мен қызтекемін, Тайландқа барып жынысымды ауыстырғым келеді» дегенге бүкіл қазақты қызтеке деуге болмайды. Бүкіл халыққа бірдей айдар тағуға болмайды. Осы мәселені қоздырып кетсе, анау жерден грек, сыған, қытай, өзбек шықса, осы күнге зар болып қалу қауіпі тұр. Бұл қазаққа да, тәжікке де опа бермейді. Эмоциялық тұрғыда емес, кеңшілікпен қарайық. Кейде, туған ағайындылар да бір-бірін пышақтап тастайды. Ұлтаралық қақтығысқа апаруға болмайды. «Мына тәжіктер келіп алып біздің арқамызда күн көріп жатыр» деген ақымақ адамның сөзі. Бағанағы айқан тәкапарлық. Кейде ішің қайнап жатса да шыдау керек болады. Кім шыдайды? Ақылды адам шыдайды. Елдің ынтымағын ұстау үшін.

 

- Жуырда елімізде «ЕХРО-2014» Халықаралық көрмесі өтеді. Шетелден келетін қонақтар жезөкшелерге бармай ма? Бұл жағдайда қазақтың қызының намысы тапталмай ма? Осының алдын алуға бола ма?

 

- Абай айтады «Бір адам жаман болса, заманның бәрі виноват». Қыз жаман болса, жігіттер кінәлі. Шешендердің қыздарында ондай жоқ. Болса үйіне аман қайтпайды. Шешен жігітінің намысы жіберемйді. Ал бізде Саин көшесінде қызбен саудаласып тұрады. Жігіттің намысына байланысты. Жігіттер «Әй, қыз қайт үйіңе» дейтіндей ызбарлау болуы керек. 

- Мерзімнен бұрын өтетін президент сайлауы жөнінде көзқарасыңыз қандай?

 

-Кейбір дүниеге сырттан, ауқымды түрде қарау керек. Дағдарысқа Нұрсұлтан Назарбаевтың ешқандай да кінәсі жоқ. Ол әлемде болып жатқан экономикалық процесс. Саяси-экономикалық үрдіс жүріп жатыр. Уақыттың соңынан ерген адам, біреудің артынан ерген адам сияқты бірде жетіп аласың, жеткеннен кейін қайта озып кетеді. Осылай араң қайта-қайта ашылып кете береді. Сондықтан артынан ермеу керек. Ақылы бар адам оның алдын тосып алады. Осы нәрсе өмірде де керек болады. Саясат деген осындай. Бір нәрсені күтіп отыруға болмайды. Қазақтың тарихын қарасаңыз, бәрі мерзімнен бұрын өткен. Одан біз ұтылған жоқпыз. Көп адам билікке ренжіп жатады. «Егемендік алған жоқпыз, елдің артында қалдық» деген қате түсінік. Болатын процессті тосып отыру керек те болады. Ресейдің алдында жақсы атты болып қалдық. Саяси бір ұпайды қоржынымызға салып қойдық. Арада 20 жыл өткеннен кейін Украинаға жасағаны көңіл толмастық шара болды. «Сендер заңсыз кеткенсіңдер» деді. Ал бізге айта ала ма? Айта алмайды. Саясатта жүйке, шыдамдылық керек. Шынайы көңіліммен айтайын, нағыз жүйке Назарбаевта ғана бар. Ол біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Прагматикалық көзқараспен келгенде ел тыныштығы үшін, дамуы үшін кепіл болатын Назарбаевтан басқа ешкімді көріп тұрған жоқпыз. (Елді шайқау үшін эмоцияға берілетін түрлі әңгімелер айтылады. Оған мән берудің қажеті жоқ ). Парламент не дейтіні, анау не дейтіні бәрі түсінікті. Бірақ бұл ережелер міндетті түрде лабиринтпен өткен кезде орындалып шығу керек. Ендеше оны елдің баяндылығына қосқан үлесім деп біліңіздер. Билікке батырып-бытырып айтып батыр болып көріну. Ал енді біреу жақтай бастаса «жағымпаз» деу құлдық көзқарас. Егер елдіңді жаулаушыға қарсы шықсаң батырлық. Ал өз қазағыңа, өз тәуелсіз мемлекетіңе қарсы шығу құлдық сана. Бұл жерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қолдау керек. Үкіметті сынау керек болса, қазір дырдай қылып сынап берем. Бірақ ол сынағаннан ештеңе түспейді. Адам мұқату үшін емес, түзету үшін айту керек. Ниетің тәуелсіздік болса, бүгінгі болып жатқан саяси процесстерге менің көзқарасым оң.

 

- Қоғамдық жұмыстарға, отбасыңызға қалай уақыт бөліп үлгересіз?

 

- Мың жерден баланың балабақшаның ақшасын төледім дегеніңмен, әкенің тізесінде отырып тамақ асағандай нәрсені ешкім айырбастай алмайды. Мемлекеттік шаруа болса да уақыт тауып туысыңа көмектесуге міндеттісің.  Ол үшін саған сауап бар.

 

Тағы бір айтатын мәселе, жігіттер. Қашқанда құтылатын, қуғанда жететін жағдайда болыңдаршы. Сіңір бұлшық еттерің тірі болу керек. Былжырап жатқан жаман. 11, 12 де әңгіме қыза бастаған уақытта «қой, ұйықтайық», дейтіндей күш-жігерің болса. Өзіңді бейімдеп режимге салу керек. Сонда сенен міндетті түрде нәтиже шығады.

 

- «Қазір мемлекетте ұлтжандылар жоқтың қасы деуге болады. Парламентте ұлттың сөзін сөйлемейтін адамдар отырса. Шығарған заңдары олқы болып, халықтың тартысына, сынағына түсіп жатса. Қазақ тілін білмейтіндер министр болып отырса қалай ел боламыз, Беке?»- деп жасы қырықтар шамасындағы ағамыз көкейінде  мазалап жүрген сұрақты қойды

 

- Не деген қиын сұрақ еді. Өздеріңіз біліп отырсыздар ғой. Қоғамдық талап болмаса шешілмейді. Тіл мәселесі.... Қалай дамытамыз? Постанавлениемен дамыту мүмкін емес. Митингке шыққанмен ешкім тіл үйренбейді. Тағы біреуді ұрғанмен қазақша сөйлеп кетпейді. Ұрысқанмен болмайды. Бір жанармай бекетінен бензин құямын. Келгенде «Ирина» деген жазуы бар орыс қарындасым шығады. Иринаға айтымын, «Айналайын, қарағым қалың жақсы ма? Мына менің мәшинеме ауыз-мұрнына толтырып 92 бензин құйып берші» деймін. Ирина менің бетіме бажырайып қарайды.  Ұрысып тастайын десе, ұрысатындай адам емеспін. Мәшинем де онша арзан емес. Сөйтет те «Берик, Берик переведи пожалуйста» дейді, күзетші жігітке. Берік аударып береді. «А» деп құяды. Сосын кетем. Келесі жолы менің төбем көрінеді. Сол кезде Ирина «Берик, Берик қайдасың?» дейді. Босағада овчарка сияқты охранада отырған Беріктің табан асты беделі көтеріледі. Берік керек болып қалды Иринаға. Ирина Берікке мұқтаж. Мұқтаждықтықты тудырған менің талабым. Түсіндіңіздер ме? Енді қараңыз, сіздің алдыңызға Маша кездессе, Ирина кездессе орысша сөйлейсіз бе? Қазақша ма? Өзіңізге жауап беріңізші. Бір адам, екі адам, он адам, жүз адам, мың адам. Осылай талап етсе қазақ тілі дамиды. Ол талапты жасайтын бізбіз. Жезөкшеліктің де дамып жатқанына біз кінәліміз. Өйткені біз қыздарымыздан талап етпейміз. Жек көретінімзді  көрсетпейміз. Қыз шылым тартып тұрса «Ей, қаншық аузыңдағыны алып таста» деп баяғыда Шона Смаханұлы ұрысатын. Осылай ұрысатын бір адам жоқ. Елдің бәрі популист. Елдің бәрі жаққысы келеді. Елдің бәрі мойнына жауапкершілік алғысы келмейді. Осындай жерде сұмырай болу керек. Жауапкершілікті мойнына алу керек. Бірақ мәдениетті түрде, сауатты түрде, заңның шеңберінде. Жеті жыл парламентте отырдым. Айғайладым-айғайладым. Түк бітірген жоқпын. Ал шешетін осы талап ету. Және бұған өте өркениетті жағдаймен келу.

 

Ең кішкентай көрермен шығып, сұрағын қойды

 

- Күй тартуды қай жасыңызда бастадыңыз?

 

- 5 жарым 6 жасымнан бастап домбыра тарта бастадым. Айтысқа шығамын деп шыққан жоқпын. 1986 жылы политехникалық институтта домбыра тартатындарды айтысқа салып жіберді. Айтыскерлік карьерам Мұхамеджан Тазабековпен айтысып көргеннен кейін бітіп қалды. Ондай шығармаған соң айтысуың қажет емес. Кейін консерваторияда оқыдым.

 

Өткенде маған біреу «Кімді батыр деп айтасыз?» деп сұрақ қойды.

 

«Мен Назарбаевты батыр деймін» дедім. Батыр деген міндетті түрде қарумен немесе қатты сілкіп тастап сөйлеу емес. Ең батыр адам - шыдамды адам. Қандай да бір үлкен провокациялар, шектен шығатын дүниелер болды. «Артында Алаштың, қазақтың тағдыры жатыр», деп шыдау- батырлық. Батырлық аузыңдағы сөзді айтып тастау емес. Ол сабырлық, шыдау. Көптің сөзіне төтеп беру.

 Кеш соңында Бекболат Тілеухан алпыс екі тамырды балқытып қасиетті қара домбырамен терме, халық әндерін шырқады.




Шыға берісте ер балалардың әңгімелерін құлағым шалып қалды «Жана ән айтып жатқанда көзімнен жас шығып кетті» дейді. Енді бір бала досына «Ұлымның атын «Бекболат» деп қоямын» деді. Иә, кездесуден кейін әрбір жас әсер алып, ой түйіп, жігерін жанып кетті. 









Бөлісу: