Баз кешу – жоғалту емес

Баз кешу – жоғалту емес
жеке
блог

Сұлу бойжеткен көркем жігітті сүйіп қалды. Ол екеуі махаббаттың бал қызығына батып та үлгерді. Ақыры шаңырақ көтеруді ойлады. Той жақындаған сайын, олардың арасы суи бастады. Қыз жігітті сүйгені соншалық, оған қамқорлық жасаймын деп оның не істеп, қайда жүргенін минут-секунд сайын сұрастырып, қузап отыратын болыпты. Бірақ, жігіт бұған наразы екен. Ол өз еркінше, өз қалауымен өмір сүргісі келеді екен. Әр рет сөзге келісіп, ренжіскен сәтте жігіт қызға айырылысып кету жайын айтады екен. Қыз осындай қамкөңіл жүрген күндердің бірінде анасы оған ақыл айтпақ болып дария бойына ертіп барыпты. Анасы қолына бір уыс құм алып, қызына көрсетіп: «Қызым, қарашы, алақанымды ашып ұстап тұрсам құм төгілген жоқ». Қыз анасының қолындағы құмның шынымен де төгілмегенін көрді. Сол сәтте анасы алақан толы құмды қатты қысып, уыстап ұстай бастады. Құм саусақ арасынан сусып төгіле бастады. Оны қанша қатты ұстаған сайын, құм солғұрлым көп төгіле бастады. Анасының бұл әрекетін көрген қыз: «Махаббат та осы құм сияқты, оны қанша қатты ұстаған сайын ол өз еркіңе көнбей төгіле береді» деп ойлады. Сол күннен бастап қыз өзгеріпті. Жігітті өз еркіне жіберіп, бұл да өз шаруаларымен айналыса беретін болыпты. Сол күндерден бастап жігіттің де қызға деген суық райы өзгеріп, олар бақытты болыпты.

Көңілге жарық сәуленің түсуіне бірер оқиға, бірер іс, бірер жан тебірентерлік сәттер әсер етіп жатады. Адам кейде ең маңызды дүниесін қолдан шығарып алмау үшін оны барынша қатты, қысып ұстайды. Керісінше, дәл осындай сәтте сол дүние қолдан шығып кетуі мүмкін. Біз көптеген дүниелерге қол жеткізу жолында біліп-білмей көптеген дүниелерімізден айырылып қаламыз. Кейде мән-мағынасы жоқ дүниелерді қуып жүріп, өзіміздегі ең қымбат дүниені жоғалтып алуымыз әбден ықтимал. Мәселе біз айтып отырған жоғалтуда емес болуы да бек мүмкін, мәселе – біздің осы күнге дейінгі қол жеткізгендеріміз бен жоғалтқандарымыздың бағасын қаншалық деңгейде білетіндігімізде.

Өмірде көз көрген дүниенің бәріне қол жеткізу мүмкін емес. Табысқа жету үшін жоғалтуды тану керек. Кейде қымбатты дүниелерімізден уақытша баз кеше тұруға да тура келеді. Баз кешу әркез жоғалту емес. Әлгі қыздың жігітінің өз еркін өзіне беруі де біз айтып отырған баз кешу. Бірақ, ол өз бақытын жоғалтқан жоқ, тапты!

Жеңгейлер мен келіндердің құлағына алтын сырға, ерлер өз еркімен өмір сүруді қалайды. Оған мейлі кімнің болса да қол сұғып, араласуын жақсы көрмейді. Сондықтан, ару әйел ер азаматтың көзінде емес, көңілінде болғаны тамаша жетістік дер едік.

Сурет: vk.com