Жер жүзін көк шөп басып түрленгендей,
Қызарып бәйшешектер гүлденгендей,
Киініп қыз-келіншек жарқылдайды
Бір түрлі жаңа тұрмыс түрге енгендей.
С. Торайғыров
Астанадағы "Астана-Бәйтерек" монументін, тарихын білмейтін жан кемде-кем. Осы бір сәулет-құрылыс кешенінің іргетасы қалану, бой көтеріп, ашылу мерзімі менің астаналық болу мерзіміммен сәйкес келетіндіктен де маған тым ыстық. Тұратын мекенім де осы маңайда болғандықтан күнінде әлденеше рет жүздесіп жатамыз. Қай мезгілде болмасын, бой түзеп қараған сайын, ұзақ ойға кетемін. Ойланатыным, ойландыратыны: ашылу мерзімі болсын, сыртқы композициясы болсын, Астанамен, жас мемлекеттің идеологиялық ұстанымымен үндес, үйлесімділіг жағынан болсын ел аузында, әдебиетте, табиғатта кездесетін Бәйтерек ағашынан гөрі меніңше, Бәйшешек гүліне көбірек келетіндігінде. Бәйшешек атауының басым түсуіне Қазақстанның бүгінгі бейнесінің: "Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай, Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай" - деп, Бұқар жырлаған, халық ұғымындағы: "Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" мамыражай, шат-шадыман, бейбіт күндерге толық сәйкес келуінде деп білемін. Тақырыпқа сай қазақ тілінің түсіндірме сөздіктерін парақтағанда мынадай анықтамаларға кезіктім:
Бәй - ежелгі түркі сөзі, алғашқы, үлкен;
Бәй тікті - түзу, тік ұстады, жоғары көтерді деген мағына берсе
Бәйтерек - 1. Терек туысына тән ең биік ағаш; мырзатерек; 2. Ауыс. Тірек, таяныш, сүйеніш; мықтылық, зор болушылық, саясы молдық.
Бәйшешек - 1. Қар кетісімен шығатын, қызғалдақ тұқымдасына жататын, тамыр түйнекті көктем гүлі; 2. Дала гүлдерінің жалпы аты.
Шешек - Түрлі түсті жұпар иісті гүл.
Шешек атты (жарды) - Гүл ашты, құлпырды, гүлденді.
Таразыға тең тартқанда Бәйшешектің басым түсуіне мына шығармалардың да әсері мол сияқты:
1. Қар кетті, сулар ағып, мұздар еріп,
Бар құда рақыметін көптен беріп,
Киімсіз үйде отырған жетім бала
Жайылды ормандарға шешек теріп (А. Мұхамедиярұлы);
2. Жазды күн шілде болғанда,
Көкорай, шалғын бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда (Абай);
3. Жер жүзін көк шөп басып түрленгендей,
Қызарып бәйшешектер гүлденгендей,
Киініп қыз-келіншек жарқылдайды
Бір түрлі жаңа тұрмыс түрге енгендей (С. Торайғыров);
4. Бәйшешек, балауса, гүл балдырғандай,
Қаратып шырайына талдырғандай (І.Жансүгіров);
5. Ең әуелі жас шалғыны, бәйшешегі толықсып өсіп тұрған соны қонысты алады (М. Әуезов);
6. Дау-жанжал ел арасы толып жатыр,
Өзара талас-тартыс болып жатыр.
Кешегі шешек жарған қазақ гүлі
Сарғайып, бір су тимей солып жатыр (М. Жұмабаев).
Танымал журналист, Қайсар Әлім "Егемен Қазақстан" газетінде (01.12.2004 ж.) жарияланған "Бас қаланың бойтұмары" атты мақаласында: "Идеялық тұрғыда тереңірек әңгімелейтін болсақ, еліміздің және жаңа астананың сәндік символын жасап, оны баянды етуге көп еңбек сіңірген Елбасымыздың талғампаздығына тәнтілік өзін "мен қазақстандықпын" деп есептейтін әр адамның жүрегінде мақтаныш сезімін тудыратыны ақиқат. Айталық, Елбасы бұл нысанды символдық биіктігі 97 метр болатын, ашылып келе жатқан қызғалдақ түрінде көреді" - дей келе, "Алтын шарды" таныстыратын тұсында: "Бұл шар металл құрылымдарымен бедерленіп жасалынған, енді ғана бүршік жарып келе жатқандай көрінетін гүл қауызына шебер сыйдырылған" - деп ой қорытқан екен.
Мен - гүлді сүйем, күнді сүйем! Тарихта, гүл сыйлау дәстүрі түрктерден бастау алып, еуропа арқылы әлемге жайылған деген сөз бар. Ендеше, түрктің бір тармағы болып табылатын қазақ елі де дәл осы бір композициялық шешім, жәй көзге аңғарыла бермейтін философиялық пайым арқылы әлемге гүл сыйлап, нұр сыйлап тұрғандай.
Ал, енді бұған Сіз не дейсіз?