Байлар да жылайды екен ғоооооо, прикиньте :)))
блог
Көптен бері агенттің көкжиегінен көрінбей жүрген құрбымнан хат алып, қуанып қалдым. Статусына сүмірейген смайликті іліпті.
Осыдан шығады ғой... Мәз боп тұрған, керемет статустарды қоя берсін, енді еңіреп тұрған смайликті қойып, кімнің мүсіркеуін күтеді екен кейбір адамдар?! Экранның арғы бетінде отырған адам жан-дүниеңнің аласапыранын қайдан ұқсын?! Тіпті "өлдім, сүйдім, біттім" дейтін адамның өзі жылы сөзді жазуға ерінеді немесе тақырып таусылған сыңай танытып, үнсіз қалады. Жалпы "менің көңіл хошым жоқ" деп басталатын әңгіменің арты жарға жығатындай. Мүмкін жабырқаған жан жұбаныш іздеп, сандырақтағаннан соткасының не компьютерінің экранына жабысатын шығар. "Көкіректегі қиындық айтқан сайын ыдырап, жойылады. Содан жеңілдеп қалады екенсің," деп еді бір жақыным. Ойға қонымды-ақ... Бірді айтып, бірге кетіппін ғой.
Жаңағы құрбым күйеуге шыққан. Алматыға. Жігіті - біреудің төбесінен құс ұшырмай өсірген баласы. Әкесі мен анасының ажырасып кеткені болмаса. Анасы жап-жас. Жағдайлары да керемет. Қазақстан эстрадасының белді-белді әншілерін шақыртып, ұлан-асыр өткен тойынан соң құрбым құлпырып, шалқалақтап жүрді. Енді ше...? Абыройлы жерге абыроймен жасаулатып барған қыздың жүзі жарық емес пе үнемі... Шетелде өткен бал айының суретін көріп, іштей "жұғысты болсын" айтқандар қаншама...
Жалғыз ұлдың бағына торсықтай ұл босанды жақында. "Маңдайының бағы бар құрбымның статусы неге жылап тұр" деп ойладым да, сұрауға бата алмадым. "Өзі айтар, айтпаса, сұрамайын," деп жаңалықтарымды жазып жатырмын тоқтаусыз... "Эля, біз ажырасамыз" деген хатты оқып, әзілге баладым. Үйленгендеріне екі жыл толмай жатып, ұл тауып беріп отырып...мүмкін емес деген ой келді бірден. Екеуінің махаббаты да тірі жан қызығарлықтай еді ғой...
Рас екен. Енесі алғаш босанған келінін күтудің орнына төркініне қоя беріпті. Тапқан айыбы - ұлына оқыған әйел керек емес. Босанып болып, жұмысқа қайта шығатын уақыты туралы әңгіменің арты дауға ұласқан құсайды. Енесі келініне бір-ақ шешім айтыпты: "мүлде жұмыс жасамайсың!" Бар жағдайы жасалған, астында көлігі бар құрбыма "тамағың мен киіміңді тауып берсе, айтқанын істеп, жата бермейсің ба" деп ұрсып қоям. "Үйде жатып, жабайыланып кетпеймін бе? Айналысатын ісің болғаны да жақсы ғой. Бәрі бар, бірақ өмірім скучно" дейді құрбым. Оныкі де жөн шығар. Оңай келе салған дүниенің қадірін білмейміз ғой. Кез-келген нәрсені сатып ала салатын дәрежеге жеткен құрбыма басқа қызық қалмаған шығар шынында.
Күйеуі анасының ығынан ауып кете алмайды екен.
Анаған-мынаған жетеміз деп, арпалыспен өтіп жатқан қарапайым күндеріміз қандай тамаша еді... Мастанбайықшы...