Байқауға қатысушыларға жолдау

Қайырлы күн, құрметті оқырмандар. Кезекті демалысым аяқталып, араларыңызға оралып отырмын. Сайтымызда басталған "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет" байқауына қатысып жатқан өрендердің құлшынысын көріп ерекше қуандым.

Біз, яғни, аға буын уақыттың қадірін енді түсініп жатырмыз. Бала кезден мақсат қойып, соған жетуді ерте үйренсек, қазір бұдан да зор жетістікке жетіп отырар ма едік деп осы күндері көп ойланамыз.

Сіздер өздеріңізді дамытуды қазірден бастап қолға алсаңыз, жұмысқа ерте араласып, талай шыңды бағындыратындарыңызға сенемін. Өмірлеріңіз тек өздеріңіздің қолдарыңызда екенін ұмытпаңыздар.

Кейбір өрендердің байқау әділетсіз өтіп жатыр деп топтан шығып жатыр. Сіздерге айтарым бір-ақ нәрсе: бұл байқаудағы алған ұпай мен орындарыңызға шектен тыс мән беріп, тек бағаның соңында кетпеңіздер. Өмірде мұндай марапаттардың пайдасы аз болады. Сізге шын серік бола алатын жалғыз нәрсе бар. Ол – бойыңыздағы қасиеттеріңіз. Солар ғана сізге мақсатқа жетудегі басты құралыңыз бола алады.

Өмірде идеал ештеңе жоқ. Сол секілді бағалау жүйелері де абсолютті дұрыс бола бермейді. Бірақ, төреші Өмірбек Сансызбай байқаудың барынша әділ болуы үшін бар күшін салып жатқанын айтқым келеді. Рейтингтің соңында тұрмын деп қапа болмаңыздар. Одан да осы сайысты пайдаланып мақсатқа жетуді үйреніп, бойыңыздағы қасиеттеріңізді дамытып алыңыздар. Болашақта бұлардың сізге өзіңіз ойлағаннан да зор пайдасы тиер.

Барлық топта да журналист болғысы келетін өрендердің барын байқадым. Сол оқушылардың ең үздігіне өз атымнан сыйлық табыстайтынымды жеткіземін. Мен жинаған ұпайларыңызға емес, еткен еңбектеріңізде қараймын. Сондықтан, жолдан таймаңыздар. 

Олай болса, іске сәт, оқушылар!

 


Бөлісу: