"Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау" деген француз философы Ж.Ж.Руссо. Иә, ұстаз көтерген жүк тіпті де жеңіл емес. Бүгінгі баланың ертеңгі дара тұлғаға айналуына зор ықпал жасайтын да – ұстаз. Ұстаз – танымал есім, ұлағатты есім. Ұстаз мен үшін идеал тұлға. "Мектеп" деген шаңырақтың уығын бекітіп, керегесін кеңейтіп, көрік беріп тұрған да – ұстаз. Қиындықпен күресіп, дауылмен арпалысуды да үйрететін – ұстаз. Салы суға кетіп, еңсесі езілген балаға – күш-қуат беретін де – ұстаз. Ұстаз – ол мойындалған майталман. Қазақтың маңдайына біткен тұлға. Ол – тағылымды тұжырымның иесі. Тәрбиені жан жүрегімізге жеткізе, сана-сезімімізден өткізе айтатын тәлімгер. Арада екі адым жер, біз үшін алынбас асу, өткізбес өткел секілді. Ал сол асудан асырып, өткелден өткізіп жіберетін демеуші де ұстаз. Саған сенім артып, күйреген рухты қайта көтеретін – мотиватор. Сәт сайынғы сынақ, сабақ деген қиналыста құлазыған көңіліңді Алатауға қарап, еңсеңді көтертіп," – Әне, Іле Алатауы мені бағындыр деп тұр" деп сені үнсіз асқақтатушы. Жұдырықтай жүрегіне мейірімді де, қаталдықты да жиған тәлімгер.
Ұстазым, есіңізде ме?! Алғаш сіздің алдыңызға келгенімде мені бауырыңызға мейірлене қысып едіңіз ғой. Сол сәтте сізден жатырқаушы едім. Ал сіз, жабырқамауды үйреттіңіз. Ал, алғаш қолыма қалам алғанымда, қағаз деген дүниеден түңіліп кететінмін. Ал сіз мойымауды үйреттіңіз. Ал енді сол түңілгенім, менің өмірімді ақ парақпен байланыстырады деп кім ойлаған?! Ұстазым, алғаш әріп үйреткеніңізде қызығып едім, ал сіз қызықтырғаннан бөлек, кітапқа құмартуды үйреттіңіз. Балалықпен олақ болушы едік, ал сіз, ұқыптылықты үйреттіңіз. Ойыннан басқа түк білмейтін біздің дүниетанымымызды кеңейттіңіз. Сіздің басыңызды қатырып, айтқаныңызға құлақ аспайтын сәттерде, сіз біз жайлы жақсы көзқарасыңызды өзгертпеуші едіңіз. Жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асыратынсыз. Оқушымен жаныңыз бірігіп қалғандай, ол мойыса сіз қиналатынсыз.
Өн бойына ұлағат пен тәлімді, тапқырлық пен жылылықты жиып алып, оны шәкіртінен аямайтын, біз аялайтын ұстаздар! Біздің шаңырағымыздың, алтын ұя мектебіміздің әр мұғалімі ең ғажап теңеулерге лайықты. Сіздер теңдессісіздер! Біз сіздерді әрдайым үлгі тұтамыз. Осындай ұстаздар бала болашағы, оның бақыты үшін маңдай терін моншақтап төгіп жүргенін, болашағымызға бағдаршамдай қызмет атқарып тұрғанын бәрі түсінсе ғой, шіркін!
Кей оқушылар мектептен емес, ұстаздан безіп кетердей болады. Айтшы, өзің ұстаз болсаң қандай жаңалық ашар едің?! Отыз оқушыны қалай тәрбиелей аласың?!..Ұстаздың біз үшін күнделікті сабақ бергісі, жан жүрегінен бөлінетін сәуленің сынығындай білімі, еш есепсіз еңбек қой. Мұны қалай бағалай аламыз?! Сондықтан, ұстазды аялайық, ардақтайық. Оған керегі, алтын тақ емес, біздің дана болғанымыз. Жанымыздың надандыққа қас болғаны. Біздің биікке жеткеніміз. Сол жолда өз үлесін қосып, бізге жарық көрсетуі. Міне, ұстазға тек біздің бақытымыз ғана керек-ті. Біздің бақытымыз, біз жеткен биік, міне, ұстаздың тәжі сол. Ұстаздарым, аналарым, аяулыларым, жақсыларым, ақ жүректерім, мейірімділерім сіздерді ерекше жақсы көреміз. Сіздердің әрқайсыларыңыз кішкентай жүрегімізден кең орын аласыздар. Әрқайсыларыңыз біз үшін бір төбесіздер. Сіздер бақытты болуымызға жәрдемшісіздер. Сіздер барда асқақпыз. Сіздер барда биікпіз. Шексіз алғыс, ұстаздарым! Бір мұғалімім айтып еді: "Ұстаз –ешқашан күлмейтін, жыламайтын маман иесі" деп. Оның түп мәнін түсінген адам ұғынсын. Ал ендеше, ұстаздар күліңіздерші... Мейірлене жымиған бейнелеріңіз бізге жарық түсіреді. Нұр себеді...