Ұлт болашағын бірге тәрбиелейік!

                                                                                ОІІД ЕБҚКБ  тарапынан жарияланған сайысқа

Біз әрқайсымыз әртүрліміз. Әркімнің өз өм ір жолы, проблемасы, алға қойған мақсаты, жоспары түрліше. Дегенмен, бәрімізді біріктіретін бір нәрсе  бар, ол- барлығымыздың да бақытты болғымыз келетіндігі. Ешқандай ақылгөй дана да бақытты болудың алдын ала жолын  айтып бере алмайды. Әркім бақытқа бара жолын өзі іздеп , сүрініп-жығылып, қателессе қайта ұмтылып-тұрып  бақытқа қол жеткізеді. Асылы, қателеспеген дұрыс. Кейбір қателіктердің соңы  орны толмас өкінішке соқтырып жатады.

«Нашақор»  деген диагноз кесілген үкім тәрізді. Әлі күш-қуаты бойында, әлі жүрегі соғып тұр, бірақ бұл адам өмірде жоқ десе болады. Ал өмір болса өтіп жатыр, жалғасын тауып жатыр.Айналаңда өзіңнің жақын сүйікті адамдарың, достарың бар. Енді олармен қалай бірге болуға болады? Олар сенімен қалай қатар өмір сүруі керек?

Адам табиғатында белсенді өмір сүру үшін жаратылған. Қоршаған ортамен араласу арқылы, оның заңдылықтарын танып-білу арқылы адам өз жан дүниесін кеңейтеді, жан сарайы ашылады. Өмірде біз эмоцияларымыз бен сезімдеріміздің  жетегіне ереміз. Қандай жағдайда да алдымызда таңдау тұратыны сөзсіз. Күнделікті  өзіміз қол жеткізуге ұмтылып  жүрген қажеттіліктеріміздің ішінен біз ең пайдалысын, маңыздысын, қолайлысын таңдаймыз. Осы кезде біздің ерік күшіміздің қаншалықты басым екендігі белгілі болады.  Осы ерік күшіміздің арқасында біз жылдар бойғы  арманымымызға қол жеткізу үшін  бір сәттік ләззат пен рахаттан бас тарта аламыз. Расында да,  кейбір кішкене осалдық пен әлсіздіктерімізді өз ерік күшіміздің арқасында жеңе білсек, өзімізді жеңімпаз сезініп, мақтаныш сезімі кернейді емес пе?! Бірақ әрдайымда өз осалдығымызды ерік күшінің көмегімен жеңуге болады ма?

Бұл турасында  мен есірткі жайында  сөз қозғағым келіп отыр. Босбелбеу, ерік күші әлсіз, «жоқ» деуге физикалық та рухани да күші жеткіліксіз адам ғана нашақор болады. Жасөспірімдер арасындағы нашақорлық қазір қорқынышты қоғам дертіне айналды. Әрқайсымыз менімен де менің жақындарыммен де мұндай жағдай болмайды деп ойлауымыз мүмкін. Алайда, нашақорлық күн санап ауқымы кеңейіп, қыршын өмірлерді әкетуде. Нашақорлықты жалғыздық пен проблемалардан, тығырықтан құтқарар жалғыз жол деп есептегендер қателеседі. Атақты ғұлама  Платон: «Есірткі – ми мен ағзаны улап, әлсіретіп тез өлуге әкеп соқтырады» -деп жазған болатын. Бұрын медицина саласында қолданылса, қазір «ажалмен» сауда жасап, өзіне күнде жаңа құрбандық іздейтін  пайда табуды көздеген пейілі жаман арамзалар көбейді. Осындай арамзалардың арбауына түсіп қалмас үшін мектепте, басқа да оқу орындарында жастарға тәрбиелік мәні бар шараларды өткізудің маңызы зор. Сыныптағы тәрбие сағаттары, медицина немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездесулер өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Мектебімізде мұндай кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Облыстық  ОІІД ЕБҚКБ  тарапынан жарияланған сайыстарға мектеп оқушылары белсене араласады.  «Біз есірткісіз өмірді қалаймыз!» ұранымен көріністер, би қойылымдары сахна төрінен көрермендерге ұсынылды.  Абдусахина Жанат, Қуандыққызы Ақерке, Тулепбергенов Бекзаттың шығармашылық жұмыстары баспасөз беттерінде жарияланды. Мектепішілік «Денсаулық күні», салауатты өмір салтын насихаттауға арналған отбасылық сайыстар жастардың болашақ таңдауының дұрыс болуына әсері болары сөзсіз. Мектеп – тәрбие көзі десек, бұқаралық ақпарат құралдары – тәрбие сөзі. Баспасөз беттері арқылы да нашақорлықпен күресіп, жастарымызды түзу жолмен жүруге бағыттауға, салауатты өмір салтын насихаттап, өз өміріне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге болады деп ойлаймын. Ендеше, қай-қайсымыз да болашақ тәрбиесіне бей-жай қарамайық, жастарымыздың бойын зиянды әдеттен аулақ салуын қадағалайық! «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ұлт болашағын тәрбиелеуге өз үлесімізді қосайық!

Бакиева Зинеш Мусаевна
№ 273 орта мектебі,
орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 



Бөлісу: