ТҮРКІСТАН-КЕЛЕС: АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕН САЛАСЫН СУБСИДИЯЛАУ

Жиынға «AMANAT» партиясы Келес аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ахмет Жұмабеков, ауданның кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Мадияр Әшірбеков және ауылдық округтер әкімдігінің сала мамандары мен шаруалар қатысты.
Алдымен аталған бөлімнің бас маманы Рахымбек Жұмабеков инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шекен шығындардың бір бөлігін өтеу, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидатары және егін шаруашылығы бойынша тыңайтқыштарды субсидиялау жайын, сонымен қатар субсидияны алу жолдарын түсіндіріп өтті.
Маманның айтуы бойынша елімізде субсидиялауға жататын 34 позиция бар. «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидатарын бекіту туралы» ҚР Ауылшаруашылығы министірінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 бұйрығына өзгерістер енгізілген №207 бұйрығына сәйкес субсидиялау бағыттары мен нормативтік тізбесіне кеңінен тоқталып, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді көп шаруалар жете түсінбейтінін, осы мәселені ауыл шаруаларына ауылдық округтер мамандары түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін айтып өтті. Сонымен қатар, «мәселен бір ғана мысал, шаруа 1 асыл тұқымда бұқа мен 25 сиыр алып шаруашылығын бастаса, 1 бұқаға мемлекет тарапынан 150 мың теңге, ал әрбір сиырға асыл тұқымдығына қарамай 10 мың теңгеден субсидия алғанда шаруаға асыл тұқымды бұқа тегін түседі» - деп өз ойын жеткізді.
Егін шаруашылығына қажетті тыңайтқыштарды субсидиялау бойынша тыңайтқыштың барлық түрінің 50%-ы субсидияланатынын, ол үшін шаруа портал арқылы жеткізушіні таңдап өтінім берсе, тыңайтқыштар арадағы делдалсыз Сарыағаш қаласына дейін жеткізіп берілетінін айтып өтті.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті мамандар жауап берсе, шаруалар қара малдың басы тек 5000 басқа жеткен шаруаларға ғана субсидия берілуі шағын шаруашылықты дамытуға мүмкіндік бермейтіні, өңірде мұндай мүмкіндік жоғын, сол себепті субсидия берілетін мал басы санын өңірдің мүмкіндігіне қарай төмендетуді ұсынды.



Бөлісу: