Темірдей тәртіпке төзетін тұлпармыз

Темірдей тәртіпке төзетін тұлпармыз
жеке
блог

Дана халқымыз "Армансыз адам – қанатсыз құс" дейді. Əр адам баласының жүрек түкпірінде алға қойған мақсат-мұраты, арманы бар. Менің де бала кезден аңсаған арманым мен көздеген мақсатым жоқ емес. Арманға жету жолында асудай биік белестерді бағындыру үшін талмай еңбектеніп келемін. Ендеше, осы 2 айда табысқа жететін мақсаттарымды тізбектеп жазайын:

1. Шығармашылық шеберлігімді шыңдап, нағыз қаламы қарымды, жазары жалынды журналиске айналу. "Қылыш ел шауып, қазына сұрайды, қалам қазына тауып, қайыр сұрайды",- дейді ғой. Қазақ елінің дарынды, ізденімпаз журналисі болу – басты арманым. Ол арманға жету үшін, əрине, бірінші кезекте ерен еңбек қажет. Тілші демекші, қазіргі телевизия мен радио саласында "ң" əрпіне тілі келмейтін журналистер сұхбат алып отыратыны жасырын емес. Осындай журналистер қатарын азайтқым келеді.

2. ҰБТ-ға жақсылап дайындалып, мемлекеттік грант иегері атану. Алдағы үлкен сынақтан сүрінбей өтіп, жоғары балды қанжығама ілсем деймін. Бұл кез келген жас түлектің арманы болар. Менің арманымдағы оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті. Осы университетте білім алып, ата-анамның үмітін ақтағым келеді.

3. Қазақтың əдеби кітаптарын оқу. Қазақ кітаптары өте əсерлі де мəнді келеді. Қазақ ежелден қолы қалт етсе, домбыра шерткен, өлмес өлең шығарған, дауды бір ауыз сөзбен шешкен дана халық қой, шікрін!

4. Тағам әзірлеуді үйреніп, қолынан бал тамған аспаз болу. Қыз баласы асханаға жақын болуы, əлбетте, жақсы іс. Бұрын өзім білмеген әртүрлі тағамдарды дайындап, тәжірибе жүргізуді қалаймын. (Оны өздеріңізбен бөлісіп отырамын).

5. Өзге ұлт өкілдерінің биін үйрену.
6. Фортепианода ойнау.

Өз мақсаттарыма қол жеткізу үшін мен төмендегідей іс-əрекеттер жасаймын.

1. Білімімді шыңдау барысында өлеңдер мен əңгімелер жазамын, кітаптар оқимын, соның ішінде белгілі жазушы Ə.Нұршайықовтың "Махаббат қызық мол жылдар" романын толық оқу. Уақытым жетсе, алған әсерімді бөлісемін. Мен – ақын емеспін, кейде өлең шығаратыным болмаса, ақын болу – арман. Көк есектей митыңдаған көп ақынның бірі болғым келмейді.

2. ҰБТ-ға 3 сағат дайындаламын. Уақытым көп болса, дайындық уақытын ұзарта түсемін. Өз білімімді тексеру мақсатында тест кітапшаларымен, онлайн тесттермен жұмыс істеймін. Математика пəнінен қосымша сабақ аламын. Теледидар көруді доғарамын. Негізінен ол адамдарды жаппай мəңгүрт ет десе, мəңгүрт ете алады, жаппай иманды ет десе, иманды ете алады. Сондықтан теледидар секілді құдіретті күшті мүлде назардан тыс қалдырамын дей алмаспын, əрине, жаңалықтарды, ток-шоуларды ("Айтуға оңай") көремін.

3. Таңдау пəнім əдебиет болғандықтан, 5-11 сынып аралығындағы балаларға арналған әдебиет оқулығын түгелдей қайталап оқимын.

4. Ғаламтор арқылы жаңа ас мəзірлерін тауып, тағамдар əзірлеймін. Мен үшін топ болып мақсатқа бірге жету маңызды. Ол үшін алдымен темірдей тəртіп пен бірлік, ынтымақ қажет. "Көп түкірсе – көл" дегендей байқаудың қызығы мен қиыншылығын көппен бірге көрсек деймін. 

5. Ғаламтор арқылы биді уйренемін.

6. Фортепианода ойнаймын. Өздеріңізбен, əрине, бөлісемін.

Байқауға қатысудағы мақсатымды бірінші блогымда жазған болатынмын. Басты міндет – жеңіске жету.