Жазғы демалыс- оқушылар үшін ми сергітер ерекше уақыт. Үш ай ішінде "талаптың тұлпарын мініп" талай істің басын қайыруға болады екен. Мұны "массагеттік" достардың аяқ алысынан-ақ байқауға болады. Осынау қарбалас пен қызыққа толы жаз маусымы да əне-міне дегенше аяқталып келеді. Ал, сіз демала алдыңыз ба?
Бүгінгі таңда еңсесін тіктеп көтерген еліміздің туристік базадан да кенде еместігі айқын. Табиғат ана өзі дарытқан осынау мол байлық, шипалы өзен-су, тағысын тағылары бар емес пе? Менің демалысымның кетер-аяқ қорытындысы да шет ел емес, алмағайып жеріміздегі Алакөл жағасында өтті.
Шартарапты дүр сілкіндірген, ат тұяғы сонау Еуропаға жеткен əйгілі қолбасшы Шыңғысханның өзі осы көлде болғанын бірі білсе, бірі біле бермес. Кезекті бір қанды шайқастан соң жауынгерлерді дерт меңдеп, қиналса керек-ті. Жол үсті дариядан ем сұрай тілек етіп, Шыңғыс хан соңынан ерген қалың нөпірімен жаға жайлап, су кешіпті. Иə, тарих беті сан мың рет жаңарса да, бүгінгі күнде дертіне шипа іздегендердің қарасы көп.
Біз жолға аттанар алдында қарама-қарсы үйге Мұхтар Шаханов тұрақтағанын білдім. Көңілімдегі желікті айтсаңызшы! Бір көріп кетсем-ау дедім. Бата сұрай барсам, бетімді қақпас əрине, бірақ онымды ерсі санадым. Тыпыршыған көңіл дегеніне жете алмады. "Тағдыр айдаса, асыл азаматтардың алдына талай барармын, талай бата алармын!" деумен болдым.
Өзімді қойып, көлді айтайын.Сырғаңызды су түбіне тастасаңыз, қиындықсыз тауып алатын тұнық су, күннің қызуы өтіп, аяқ бастырмас ала тас, тасып,тулаған толқын, шегі көрінбес көк зеңгір- Алакөлдің сипаты.Жалпылай айтсам, барлығы көңіл қоншытарлық, сіз де барсаңыз өкінбейсіз! Керісінше, алдағы 9 айға жетерліктей энергия жинап қайтасыз. Тарихи тұлғалардың талайы бас сұққан мекеннің сіз де бір қонағы болып қайтыңыз. Табиғат-Ананың дəл бауырына басыңызды қойып, құшағыңызды кең серпіңіз! Демалыстарыңыз сəтті өтсін!