Сәлем менің Массагеттік достарым! Бүгін мен сіздерге өзімнің осы байқауға қатысу арқылы орындайтын бірнеше мақсаттарымның тізімімен таныстырмақпын. Алдағы уақытта мақсаттарыма сіздермен бірге жетемін деген сенімдемін.
«Жасымда білім бар деп ескермедім» деген Абайдың өлең жолдары ҰБТ жақындаған кезде еріксіз еске түседі. Иә, ҰБТ-ға дайындалуды алғашқы мақсатым етіп қойдым. Неге дейсіздер ме? Келесі жылы 11-сыныпқа аяқ басамын. Сондықтан, түсінбеген тақырыптарды бір қайталап шықпақпын. ҰБТ жөнінде көп сөздің керегі жоқ. Бұл барша оқушының ойында жүрген бір көкейтесті мәселе ғой. Сонымен, мен бұл мақсатыма жету үшін не істеуім керек?
- Алдымен, кітапханадан керекті оқулықтарды алу;
- Әр пәнге, кем дегенде, 1 сағат арнау;
- Оқулықтармен шектелмей, ғаламтордағы онлайн сабақтармен жұмыс жасау:
Байқау біткен соң, дайындығымды одан әрі арттыру мақсатында Атырау қаласындағы «Сана» білім беру орталығына барып, тағы да бір ай көлемінде оқымақпын.
Ендігі кезекте Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме!» деген кітабын оқу тұр.Сол кітапты алғаныма біршама уақыт болды. Бірақ, соны оқудың сәті енді ғана түскендей.
Кітап оқып, білім алған жақсы-ақ. Дегенмен, арасында миды демалдырып, өзге істермен де айналысқанды жөн санаймын. Сол себепті, мақсаттар тізбегіне оригами арқылы бұйымдар жасауды да қостым. Бұл жасап көрмеген адамға өте қиын және көп уақытты қажет етеді. Мен мұны ғаламтордан үйренемін деп шештім. Сонымен менің мақсаттарым:
- ҰБТ-ға дайындық;
- Оригами;
- О. Бөкеев. «Өз отыңды өшірме!»
Жекелей жеңіс — өз мақсатыңа жету жолындағы атқарып жатқан ісіңнің жемісі. Ал, топтың жеңісі де мен үшін маңызды. Жас ерекшеліктеріне қарамастан, топ мүшелерінің қабілеті жоғары болса, бірігу арқылы жеңіс тұғырына біреге көтеріле аласың. Әрине, әркім де жеңістен дәмелі. Бірақ, жалғыз өзің қуанып жүргеннен көрі, топ болып қуанышыңды бөліскен мың есе артық (осы орайда «Жалғыздың аты, жаяудың шаңы шықпас» деген мақал есіме түсіп отыр). Менің байқауға қатысудағы мақсатым да сол – топпен жұмыс жасап, өз-өзімді шыңдау.
Мен бұл байқаудан өзім ойлағаннан да артық нәтиже күтемін.