Сарайшық маңынан Алтынорда дәуіріне жататын елді мекен табылды

Сарайшық маңынан Алтынорда дәуіріне жататын елді мекен табылды
жеке
блог

Қазақстанның батыс өңіріндегі алтынордалық қалалар, көне керуен жолдары және  керуен-сарайларын зерттеулер жобасы аясында Сарайшық елді мекенінен 20 шақырым жерде жаңадан табылған Қарағайлы мекеніне алыс-жақыннан ғалымдар мен археологтар жиналды.

Сарайшықтан Сарай Батуға дейінгі аралықта алтынордалық қалалар осы уақытқа дейін зерттелмеген. Бұл жерде жаңа зерттеулердің нәтижесінде табылған бұйымдар  мен ғимарат орны ғылымға қосылған үлкен жаңалық болып отыр.

 Әбілсейіт Мұхтар - «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Сарайшық музей қорығы ғалымдары 2021 жылдан бері Ұлы жібек жолы бойы тармақтарын зерттеп келеді. Биыл оннан астам Алтын орданың тұрақтарын таптық. Сарайшық ғалымдары былтырғы жылы Мәскеуден карта тапқан болса, Сарайшықтан Сарай Батуға дейін 8-12 керуен-сарайлары бейнеленген.

Бүгінде үлкен олжаға кенелдік деп айта аламыз. Сарайшықтан 20 шақырым жерден үлкен алтынордалық мекенге тап болдық. Бұл мекенде алтын ордалық керамикалар шашылып жатыр. Сонымен бірге Алтын Орда заманындағы еңбек құралдары, сауда-саттықтағы үлкен жәдігерлер кездесті және Өзбек хан тұсындағы тиындар да табылды.

Осы өңірден табылған ғимарат орны алтынордалық дәуірге жатады.

Кірпіштері де сол дәуірден хабар беріп тұр. Ғалымдардың жобалауы бойынша бұл жерде кесене немесе сол кездегі  өзек бойын жағалай салынған керуен үйлері болуы мүмкін.

Марат Қассенов -археолог, Х. Досмұхамедов  атындағы Атырау университеті, тарих ғылымдарының кандидаты:

Біз Сарайшық қаласын зерттеудің жаңа бағыттарын алып отырмыз. Қазір бізді таңқалдырып отырғаны сол кездегі қыш кірпіштен жасалған ғимарат. Бұл кесене немесе керуен сарайларының бірі болуы мүмкін. Алтынорда дәуірінде осындай кірпіштерден кесене салынып, оған мұнара орнатылғаны белгілі.

Біз көріп отырған ғимараттың кірпіштері бұзылып, тоналғанымен астыңғы бөлігі жақсы сақталған. Қазір біз кесененің ортаңғы бөлігін ашып отырмыз. Келешекте қазба жұмыстарының нәтижесінде сол кездегі адамдардың қабірін тауып қалуымыз да мүмкін.

Плахов Вячеслав Васильевич - археолог, сарайшықтанушы, Орыс география қоғамының толық мүшесі:


Бұл жерде ең бірінші мәселе Батыстың Жібек жолы Сарайшықтан Еділ сарайына қарай алғашқы ашылуы. Картада Керуен сарай белгіленгенімен, шынына келетін болсақ олар қиылыспаған. Бұл жердегі ең қызығы кесененің табылуы. Кесенеде мұсылман әулиесінің қалдықтары немесе маңызды асыл адам болды.

Әлбетте бұл жерде  кірпішттер, тамақтар, үйлер немесе сонымен қатар ауыл шаруашылығы, ағып тұрған терең өзен болды деп болжаудамыз. Бұл жер қалпына келтіруге болатындай сақталғандықтан, қаржы жағынан көмек көрсетер болса, қайта қалпына келтіру оңай. Жаңартқан жағдайда қызыққан туристтердің де келетін кең орнына айналады.
Петров Павел Николаевич - нумизмат,тарих ғылымдарының кандидаты, профессор

Бұл заттарды сөмкеге мөр қою үшін пайдаланды. Анық көрінбейді қандай екені, алайда Алтын ордада және басқа да жерлерде мөрлер көп табылды. Бұрын сонды бұл түрін кездестірмеген соң, нақты рабографиялық әлде басқасы ма нақты айта алмаймын. Себебі, қатты бұзылған. Алайда жақындатып, дұрыстап қарау керек болады.


Жаңадан анықталған Қарағайлы ескерткішінің көлемі 1000х1000 метр. Ескерткіштен қыш ыдыс сынықтары, сәндік әшекей бұйымдар, мыс тиындар табылды. Семинар барысында ғалымдар мекенге байланысты мазмұнды ойларымен бөлісті.

Мысалы, археологтар Мадияр Елеуов және Вячеслав Плахов бұл аймақта сауда жолы бойында үлкен мекен болғандығын айта келе, табылған ғимарат кесене деген пікір білдірді.

Сонымен қатар, нумизмат Павел Петров сол жердің өзінде табылған тиындарға байланысты бастапқы пікірін білдірді. Оның пікірінше тиындар Өзбек хан дәуіріне жатады. Археолог Марат Қасенов бұл аймақта Сарайшықтан басқа күйген кірпіштен жасалған осындай кешен алғаш кездескенін айтты. Жиын соңында ғалымдар анықталған мекенді зерттеу, сақтау және қайта қалпына келтіру туралы пікірлер айтты.

Ғалымдар бас қосқан далалық жиында Алтын орда дәуіріне жататан қалаларды зерттеу жұмыстарын жалғастыру, қазба жұмыстарын ары қарай жедел түрде жүргізу керектігі айтылды. Өйткені ортағасырдағы құнды мұраларымызды зерттеу, аңыз бен ақиқатқа толы тарихымызды бүгінгі ұрпаққа насихаттау басты міндет.