Өзіммен-өзім ғажаппын!

Өзіммен-өзім ғажаппын!
жеке
блог

– Қайырлы күн! Ақмарал, өзіңді таныстырып өтсең... 
– Сəлем, өзім. Өзің туралы өзің білесің ғой Сонда да айта берейін де. Канал Ақмарал Ардашерқызы. Алматы облысы, Есік қаласында тұрамын. Арман құшағында жүрген баламын. Егеменді еліміз жаңа ғасырға қадам басқанда (2000 жылы) 4 мамырда дүние есігін ашыппын. Алғаш айтқан сөзім "іңгə" болды. Ал жұрт "ана" дегенді айтыпты. Мен неге ерекше екенімді əлі күнге дейін өзім де түсінбей далмын. Арманға сенемін! Сол тәтті армандарымнан үміт күтемін. Қорықпаймын түсінігі жоқтардан, жүрегі жоқ адамдардан қорқамын. Биыл 11-сыныпқа қадам басамын. Алдымда бағындырар биік белес, үлкен сынақ тұр. Мен қаймықпаймын! Тәуекел етіп, еңбектеніп, сол асуды бағындырамын əлі. "Айтылған сөз – атылған оқ". Дегеніме жетемін... Мені бəрі "Ақма" дейді. Толық айтуға еріне ме, қайдам?! Бірақ өзіме ұнайды. Сіздер де солай атай берулеріңізге əбден болады. Қиындықтарға пысқырып та қарамаймын. Ондай күндер зу етіп өтеді де, кетеді. Уақыт керуені тоқтап қалмақ емес. Сондықтан қиындықтармен күресуіміз керек. Қиындық көрудің өзін дұрыс деп санаймын.

– Өмірлік ұстанымың қандай?
– "Жүріп кетсең, жетерсің,
Тұрып қалсаң, тынарсың"

– Сүйікті ісің?
– Əн саламын. Бірақ, дауысыма жай түскендей... Өзім үйде "Жаңалық" жүргіземін. Оны екеумізден басқа ешкім білмейді. Кітап əлеміне саяхатқа шығамын. Қолыма қаламды серік етемін. Шабыт келсе, өлең шығарамын. Өз-өзіме композитормын. Ауыздағы "нə-нə-нəй" деген аспаппен ән шығарамын.

– Алдағы жоспарың қандай?
– "Ұлы істі үндемей тындыру керек". Оны айтқан мен емес, Сократ.

– Музыканы жақсы көресің бе?
– Иə, классиканы жаныммен, жүрегіммен жақсы көремін.

– Сүйікті композиторың?
– Ludovico Einaudi.

– Сүйікті спортың?
– Тоғызқұмалақ ойнаймын. Ұтылып қала берсем де, жақсы көремін. "Спорт патшайымы" – жеңіл атлетикадан бірталай төмпешіктерді бағындырғанмын. Футбол, баскетболда да осал емеспін.

– Қандай фильмдер ұнайды? 
– Адамға жігер беретін, өзіне деген сенімділігін арттыратын мотивациялық фильмдерді ұнатамын.

– Болашақта кім болғың келеді?
– Кім болсам да, өз ісімнің шебері болғым келеді.

– Арманың?
– Төртінші билік өкілі атану.

– Еліктейтін тұлғаң?
– Ұлылардың бəріне еліктеймін.

– Кіммен сырласасың?
– Сенімен...

– Өмір деген не өзі?
– Өмір деген – өмір. Мұның өзін айтпай-ақ түсінуге болады. Бастан кешіп көр өмірді, содан соң жауабын өзің-ақ біліп аласың.

– Мақсатың?
– Тандыр ысып тұрғанда нан жауып қалу.

– Өзгергің келе ме?
– Əттең, жаңа аралға мəңгілік аттанамын деп, ескі аралға қайығым қайта-қайта айналып келе береді...

– Көбінесе не ойлайсың?
– Ойым менің аспанда...

– Ал бүгінгі жоспарың?
– Инемен құдық қазбақшымын.

– Жарайсың! Тек алға!
Өзіммен-өзім ғажаппын! Осылай оңаша ойда мақсаттарым жайлы тұңғиыққа сапар шегемін де отырамын. Осымен бəрі түсінікті шығар, ə? Əзірге сау болыңыздар!